Ес білгелі естіп, біліп келе жатқаным: «Біз ұстаның ұрпақтарымыз. Ұстаның немерелеріміз, шөберелеріміз!» Ел бізді көрсе, ылғи: «О, ұстаның тұқымы» деп құрметтеп тұратын. Кей-кейде әлдеқандай құрылыс немесе тағы да басқа темірге байланысты жұмысқа араласып жатсақ, бір тұстары қолдан келмей жатса да, айналадағылар таңырқасып: «Аталарың ұста, мынауың не» деп жазғыратын. Өйдейтін себебі, атам Сырлыбай қазіргі Түркістан облысы Қоғам ауылында дүкен ұстаған, темірден түйін түйген аймаққа мәлім ұста еді. Кішкентай кезімде бірлі-екілі көрікті үрлеп, қып-қызыл болып қызған темірді балғамен ұрып жатқанын да көргенім бар-тын.
Атамның әкесі Ырысбай Совет-Герман соғысынан қайтпаған. Ал оның әкесі, яғни төлқұжатымда тегім ретінде алып жүрген Қалназар бабамыз (Арыстанбаб кесенесі жанына жерленген) туралы «Бөрібай жыны бар, ашуы қатты кісі болған» дегеннен басқа әңгіме айтылмайтын. Онда да олардың барлығы «ұсталық еткен» деген сөз де қатар жүретін.
«Сүй» деп, ұсталықты тұтып, мәз болып жүргенде, бірде қолыма Сейділдахан Елбасыұлының «Маңғытай Сатыпалды ұрпақтары» атты шежіре кітап түсті. Ол кітаптың «Дандайлар туралы әңгімелер» деген бөлімінде «Байқабыл Меккеге барған. Бөрібайдың шөбересі Маралұлы Байқабыл шамамен 1900-1905 жылдары Меккеге барып, тауап еткен. Жолсерігі Жетімдер – сол кезде отыз жастағы Бұйрабай болыпты. Сөйтіп, дандайлар арасында бірінші рет болуы мүмкін, Байқабыл қажы атаныпты» деген дерекке кез болдым.
Жасыратын несі бар, бұл жаңалық Арыстанды-Қарабастың желі секілді сөздің тура мағынасында «шатырымды» жұлып әкетті десем де болады. «Айда» келіп, Қалназар бабамның әкесі, арғы бабам Байқабыл туралы әкемнен, ағаларым, апамнын сұрастыра бастадым. Бұлардың ішінен бұл тақырыпқа ең білермендеуі Сырлыбайұлы Мұқан ағам ғана болып шықты. Оның айтуынша, Байқабыл атамыз әл-ауқатты, Құранға жетік, Исламдағы бес парызын орындаған, ол кезде алпыстың ол жақ, бұл жағында болыпты. Жылқы-түйесі едәуір бабамыздың бірде жетпіс інгені жетпіс еркек бота туып, көне сенім бойынша оларға ен салмай, құдайға атап, қажылыққа ұзақ әзірленіп барып аттанған. «Бірге барды» делінген Бұйрабай ол кісінің нұсқасына сәйкес отызда емес, шамасы жиырма-жиырма бір жаста болған. «Атамыз атпен, Бұйрабай атын жетектеп жаяу барып қайтқан екен» деп түйіндеді. «Ал сапардың барысын Сырлыбай атам азды-көпті білген» дейді, бірақ жасаған ортасы Кеңестің қылышынан қан тамып тұрған нағыз қаныпезер кезі болғасын, Қажының ұрпағымыз деуге қорқып, ұсталықты алға тарта берген көрінеді. Себебі өткен ғасырдың 30-50 жылдары осы маңда діни сенім айналасында қуғын қатты болған. Ағамның бұдан басқа ештеңеден хабары жоқ.
Содан Бұйрабай ұрпақтарын іздестіре бастадым. Ол кісі өле-өлгенше «Бұйрабай әжі» атанып кеткен екен. Бертінге дейін, алпысыншы жылдарға дейін жасаған. Артында қалған ұлы Бәкрамбек (Бәкеш) осыдан 25 жыл бұрын қайтыс болып кетіпті. Бір білсе, әңгімені сол кісі айта алғандай екен. Кейінгілерінен қайран жоқ. Бұйрабай немересі Сәкен: «Әжі болған, естуімізше, құбыла сапарында жас шамасы орда бұзар отызда екен, жолда ұры-қарақшылар шабуылдапты. Кейбіріне тойтарыс берген, кейбіріне амандықтары үшін адам басы ақы төлеп өткен. Төлесе, қолдарына ортасынан қақ бөлінген кесе ұстатады екен. Келесі кездескен қарақшылардың сынық кесесімен бұл кесе қиюласса, тиіспейді де, қиюласпаса тағы ақы сұраған» дегеннен басқа ләм демейді. Амал жоқ, сол кезеңге қатысты ауыл-аймақ, аудан-төңіректегі қажылық сапарлар туралы мәліметтер іздей бастадым.
Байқабыл қажы мен Бұйрабай қажы ұрпақтарының бір тобы дидарласқан сәт
Әкем Сырлыбайұлы Мамырайхан мен ағамыз Бәкрамбекұлы Сәкен
Фотода: әкем Мамырайхан, мен – Абылайхан және Сәкен ағамыз
«Іздеген қазынаға жолығады» демекші, оны мен Қаратау өңірі ақындық мектебінің аса ірі өкілі, Жамбыл Жабаевтың өзі ұстаз тұтқан, руы саңғыл, атақты Құлыншақ ақынға қатысты зерттеулер мен бірқатар сырт кітаптардан таптым. Айталық, 2013 жылы жарық көрген «Қазыналы оңтүстік» жинағының 96 томында ҚР Журналистер одағының мүшесі Алмас Ақылбек «Қара дауыл Құлыншақ» бөлімінде «Құлыншақ 1904 жылы Меккеге қажылыққа барып, содан қайтып келе жатқанда ауырып, жол үстінде өледі. Оның сүйегінің қай жерге қойылғанын анықтап ешкім айта алмайды. Қасындағы серіктері «Елге сәлем» деген бір ауыз өлеңін ғана айтып келіпті» деп жазған. Сондай-ақ А.Ақылбек «Қажылыққа 1904 жылы барғандардың дені Құлыншақтың руластары, яғни Саңғылдар» деп те толықтырған. Бұл орайда Саңғылмен туыс Маңғытайдың Дандай атасынан шыққан Байқабыл атамның осы саңғылдар тобымен жылжымауы мүмкін бе? Уақыт-мерзімі, мекені бәрі сәйкес келіп тұр. Міне, біздегі сұраққа, мінекейіңіз, толымды жауап.
Тағы бір деректі, яғни, осы сапардың барысына жарық түсіретіндей жазбаны Махамбетсал Мырзалының «Өмірдің өзі – есеп» (Шымкент, 2012 жыл) кітабынан кездестірдім. Аталмыш еңбекте автор өз атасы мен нағашы атасының 1904 жылғы шытырманға толы қажылық жолы туралы жазған. Онда не делінген, назар аударалық:
«Әліпбек нағашы атам руы Қоңырат, байлар-жандар Садықбек байдың баласы. Мыңға жақын қой, түйе, жылқы біткен бес ағайынды болыпты. Ескіше оқыған, 1904 жылы қырық жасында қасына жиырма шақты қарияларды ертіп, соның бірі менің бабам Жандарбек, жасы жетпіске таянған кезде Меккеге қажылыққа бірге барып келген. Аталарымыздың Сауд Арабияға сапары туралы мынадай қызық әңгіме осы күнге жеткен.
Бірге барған сапарластары жастары біразға барып қалған қариялар екен. Ол кезде Сырдария губерниясы Қоқан хандығына қараған, солардан рұқсат-қағаз алып, пойызбен Украинаның Одесса қаласына барады. Сол жерде жылына екі-ақ рет жүретін үлкен кемеге билет алып, енді оның жолға шығуын бірнеше ай күтіп жатады. Ақыры күткен күн де жетіп, мінейін десе, «кеменің жүгі ауыр» деп адамдардың көбін мінгізбей қояды. Кеме «Ал, кеттік!» деп гудок шалып трап баспалдақтарын көтере бастағанда Әліпбек нағашы атам шалдарды қоржын-қосқалақтарымен бір-бірлеп кемедегі адамдардың үстіне лақтырып, соңында өзі де секіріп мініп кеткен екен. Осы әңгімеге қарағанда, асқан қара күш иесі, қайратты болуымен қатар, ер жүректі ер болғаны көрініп-ақ тұр. Немесе кеме жүзіп кете бастаған ғой! Содан кеме ай жүзіп Жерорта теңізіне, одан Қызыл теңізге жетіп, Араб елдері жағалауына кідіреді. Аялдайтын жаға – пристань жоқ болғандықтан кеме жағаға 30-40 метр жетпей якорь тастап тоқтайды. Әрі қарай адамдар жүктерін арқалап суды кешіп өтуге мәжбүр болады.
Қажылыққа бара жатқандардың ең жасы да, қарулысы да болғандықтан, Әліпбек нағашы атам тағы да шалдарды қоржын-қосқалақтарымен бірге бір-бірлеп жағаға дейін алып өтіпті. Қып-қызыл құмды жағалауда араб кірекештері желмая мен түйеге мінгізіп ойлы-қырлы жерлермен алып жүреді. Елден аттанарда: «Жол өте қауіпті: ұры-қары мен қанішер қарақшылар жолаушылардың ақшалары мен киімдерін тартып алып тонап, өздерін өлтіріп немесе айдалаға ас-сусыз, жалаңаш-жаяу тастап кетеді екен. Күннің ыстығында 45-50 градусқа дейін көтерілген аптап далада қалған адам шөлден бір күнге де жетпей өліп қалады» дегенді естіген нағашы атам «әлдеқандай күн туар?» деп қоржынына шоқпарын, найза-қылышын салып ала кеткен. Өзі – өте қарулы, палуан денелі, бойы екі метрге жақын кісі. Құлазыған құмда жол тосқан қарақшылардың шабуылына кездесіп, соғысып, қорғана жүріп аман-есен Меккеге де жетеді. Қажылықтың барлық зиярат-шарттарын атқарып, келген жолдарымен кері қайтып, жеті-сегіз ай дегенде аман-есен елге оралыпты».
Бұдан не түюге болады? Әрине, Сәкен ағамыз айтқан қарақшылар шабуылы расқа айналғандай мәлімет аламыз. Сонымен қатар, негізінен оңтүстік қазақтары маршрут еткен өзбек-парсы жері арқылы емес, Ресей иеліктері арқылы Украина бағытымен жол шеккен бе дейміз. Бірақ бәрінің бәрібір тоғысатын тұсы – Осман билігіндегі атыраптар болғандықтан, бұдан сондай бір кереғарлық шыға қоймасы анық.
Айта кетейік, А.Ақылбек те сол жолы қажылыққа барғандарды: «Бұлар да кемемен барған. Ол кездері қазіргідей тізіліп тұрған кемелер жоқ. Сондай-ақ, қажылыққа баратындардың саны бүгінгідей 3-4 миллион емес, санаулы ғана адам баратын» деген. Бір-бірімен сабақтасып тұрған дүниелер емес пе, қалай ойлайсыз?! Тайпа-тайпа, ру-ру болып ұжымдаса күн кешкен заманда, Байқабыл атам мен Бұйрабайдың бөле жарылмай, меніңше, 1904 жылы әуелі Түркістанда жиылып, жалпы Қоңырат сүтімен, Көтенші мен Көктіңұлы ұрпақтары – топ болып аттануы заңды тәрізді. Әрине, анығын Алла біледі. Бірақ осылай деуге негіз баршылық. Дәл бұл жерде бұлтартпас айғақтардың жоқтығынан біраз батыл болжамдар жасауға да тура келеді. Қателесіп жатсақ, әруақтар бізді кешіргей, бәлки, қажы атамыз Құлыншақ ақынның соңғы демі үзілер шағында жанында болып, шәһада кәлимасын айтқызып, елге жолдаған ақырғы мынадай лебізін өз аузынан естіп, жаттағандар қатарында болды ма екен, кім білсін?!
Адамзат келер, келер – жүзге келер,
Пендені үйде өлсе де, түзде көмер.
Құдая, иманымды саламат қыл,
Ағайын қайда бізді іздеп келер?!
Шығып ек біз Меккені бетке тұтып,
Барады мына кесел әлімді ұтып.
Асылым іште қайнап кетіп барам,
Ағайын, кідірмеңдер мені күтіп.
Үш жүздің халқы болсын тегіс аман,
Төтелеп келген кесел түрі жаман.
Тұрғанбай, елге менен сәлем жеткіз,
Алланың аманатын тапсырайын,
Қажылық қабыл болар, өлсем, маған.
Қаратау есік алды ерттеулі атым,
Ішіме жазылып ед барлық хатым.
Сәлем де ағайынға Құлыншақтан,
Есіңде болып жүрер менің атым.
Құлыншақ ортасында жүрген кезде,
Тыңдап ед барша халқым салған әнін.
Теңіздің мен ішпедім суын татып,
Бұл кесел келді қайдан құдай атып?!
Қу жалғыз ағайынға енді аманат,
Қайтейін бір көре алмай қалдым жатып…
Жамаяқ, елге енді сен аман бар,
Бұл жалған енді болар біздерге тар.
Қаратау, басыңнан бақ арылмап ед,
Көруге енді сені боламын зар.
Ағайын, қош-есен бол, барлығыңыз,
Сіздерге соңғы сөзім осы болар!
Зерттеушілердің дені осы өлеңге қарап, ақын қайтар жолда емес, барар жолда, кеме үстінде қайтыс болды деген версияны да ұстанатын көрінеді. Бұл жорамалға «Шығып ек біз Меккені бетке тұтып, Барады мына кесел әлімді ұтып» дегенді мысал етеді. «Анау болсын, мынау болсын», анығы – Құлыншақ өмірінің қаж сапарында үзілгені ғой. Барғанда, қайтқандағысы есеп емес. Бастысы – ниет. Құдай алдынан жарылқасын!
Қош, бірді айтып, бірге кетеміз. Қалай десе де, көзкөргендер келместің кемесімен кеткендіктен, осылай болжамдап, ілгеріде болып өткен оқиғаны әр қайнардан тартып, реконструкциялауға мәжбүрміз. Асылында Байқабыл бабамыз қажылық парызын толық орындап, елге есен-сау оралған. Қажы атанған-дүр. Мұнда Бұйрабайдың да еңбегі мол болса керек. Әйтпесе, егде тартқан атамыздың жанында бір жігерлі жас болмаса, сондай ұзақ та қатерлі сапарға шыдай ала ма?! Кезінде Арқада өткен Тіржан деген би қажылықтан оралғасын өзінің жан жолдасын нұсқап: «Мәкібайдың балуандығының да пайдасы тиді, Арафа тауында тас лақтырып, шаршап жүре алмай қалғанымда, арқасына мінгізіп, жанымды сақтады ғой» деген дейді. Бұл да болса, сондай бір сауапты іс.
Сосын, жетімдерлер арасында Меккедегі бір шырақшы Бұйрабайдан атақты Әбубәкір (жетімдерден шыққан) қарының жағдайын сұрап, боқтамай сөйлемейтінін естігенде: «Ой, жарықтық-ай, жолын тапқан екен. Болмаса ол кісінің бойындағы білімнің салмағын тірі адам көтеріп жүре алмайды. Әбубәкір қарыны аман алып қалып жүрген сол сөздер болды ғой» депті деген сөзге жолықтық. Ал Бұйрабай бар жерде Байқабылдың да болуы заңды десек, онда бұл әңгіменің жас, әрі бертінде дүниеден озған бір Бұйрабайға телініп кетуі қисынды болып шығады. Яғни, араб шырақшымен сұхбат екі жолдастың қатысуымен өтті деуге болатындай-ақ. Өз кезегінде, бұл туралы Сәрсенбек Ысқақовтың «Сүйіліш батырдың ұрпақтары» (Алматы, «Рауан», 1995) кітабында да кішігірім үзінді жолдар барлығын атап өткен жөн. Бұл да бастапқы ізденісіміз нәтиже беріп, ондаған әдебиеттерді парақтау барысында жолықтырған көздің жасындай ғана шағын бір мәліметіміз.
Қыдырбайұлы Елемес ақсақал
Айтып айтпай не керек, атамыздың сүйегі жат жерде емес, қазақ даласында – Жаңақорған ауданындағы Қандөзде жатқан көрінеді. Мұны мен сол күйі білмей кетер ме едім, ізденіп жатқанымызды естіп сонау Қызылордадан ағайын көкеміз, бабамыздың кенжесінің ұрқы Қыдырбайұлы Елемес байланысқа шықты. Ол кісі Байқабыл атаның Тыным деген әжемізбен бірге Қызылқұмдағы Мұрынқарақ тауы маңын мекендегенін, бірақ қайтыс болар алдында жеті ұлын шақырып: «Қарақтарым, халім ауырлап барады. Менің сүйегімді Қандөздегі Маңғытай Разы мазаратына қойыңдар» деп соңғы тілегін айтқанын жеткізді. Балалары ол өтінішін орындаған. Бұл 1933 жылы екен. Сондай-ақ Елемес көке бабамыздың Меккеден ертеректе қайтыс болған ағасы Айғабылдың басына қоюға түйеге артып аты-жөні араб харпімен жазылған белгітас әкелгенін де айтты және атамыздың өзі мен бауырының зират-молаларының фотоларын берді. Бұл үшін ақсақалға алғысымыз шексіз.
Мұрынқарақ тауы
Ағасы Айғабыл мен інісі Байқабылдың молалары
Қандөздегі Маңғытай Разы мазараты
Байқабыл қажы басындағы белгітас
Тастардағы жазулар араб харпімен жазылған
Меккеден әкелінген
Негізі ата тұқымдарына моральдық-психологиялық серпіліс үшін осының өзі жеткілікті. Деректі фильм түсірмейміз ғой, бәрін бүге-шүгесіне дейін анықтап жату мақсат емес. Ең маңыздысы – өткен шақтан тағылымға толы үшбу сәлем – месседж жетті. Бұл Байқабылдың кіндігінен тараған Қалназар, Бабаназар (Бабаш), Әбіш, Қамбар, Көшербай, Ерубай мен Қыдырбай ұрпақтарына жәнеден қандас Айғабылдан өрбіген перзенттеріне ынтымақты болу мен хақ жолынан таймау бойынша зор рухани міндет жүктейді. Арамның неге жақпайтыны, залым-қары айласының неліктен бізге дарып, батпайтыны енді мағұлым болды. Атам Сырлыбайдың да неліктен қожаларды жағалап, Нұрым ишаннан тарайтын Отырарға аты мәшһүр атақты ұста Қазақбай, оның ұлдары Зәрнәби, Нәбилермен бірге ұсталық өнерге табын болғаны түсінікті болып шыға келді. Қасиетті топырақ, Пайғамбар отанындағы Қағбада қылған дұғасына келер ұрпағын қосқанда, оның шарапатында біз де бар шығармыз деген бір үміт. Бүгінде замана ызғарына қарай ата-әжелеріміз жасырған, қатты дабысы шығып кетуден қорыққан осындай дерегі шығып жатқаны да қуаныш емей немене! Тек бір әттегенайы, біз есейгенше көне оқиға-хикаяттардың барлығын терең білетін көкірегі шежіре қариялардың таусылып біткені. Уақытында аузынан жазып, хатқа түсірушілердің аз болғаны. Біржағынан, бұл ұрпақ сабақтастығы ғана емес, сана сабақтастығын да сақтау керектігін көрсетіп тұрғандай ма, қалай? Айналасы бір ғасырдың ішінде тарихи жады, баба мен бала танымы шынжырының үзіліп кетуі мүмкін екендігін, осыдан-ақ ұққандаймын. Осыны айтып, Муфтиатта жұмыс істейтін Серікбол Хасан есімді досқа хабарласып, сүйіншілеп жатсам, «Атаңыздың қажылығы қабыл болсын, қуанатындай бар, мықты дерек. Ол кездегі қажылық азап еді ғой. Олардың қажылығы нағыз ерлік!» деп құттықтап жатыр. Зейін Әліпбек ағам: «Енді сені қажының ұрпағы дейміз» деп бір көтеріп қойды. Тағы бір рухани ізденістегі бауыр: «Бұрын мен де ананы неге жасырған, мынаны неге айтпай кеткен деп ойлайтынмын. Сосын қарап тұрсам, ешкімнен ешкім ештеңені жасырмапты ғой, жай ғана санаңның өсу деңгейіне, жаныңның тазалығына қарай құпиялар ашылып отырады екен-міс» деп қазіргі ахуалымды бір шолып өткендей болды.
Иә, бір көрген түстей, ұстаның ұрпағы болып ұйқыға жатып, қажының ұрпағы болып оянып жатқан жайымыз бар. Енді өзімнен өрбігендерге де айтатын өсиетім дайын: «Біз қажының ұрпақтарымыз! Адал тұрып, адал өмір сүру – парыз. Ата жолы осы». Құдай енді, сол кісілердей Алла алдында беделді болып, дін биігіне шығуды жазсын! Басқа арман арман ба! Екі тілегіміз болса, бірі – осы. Біреу болса – өзі ғана. Иншалла!
Абылайхан Қалназаров,
Байқабыл қажы ұрпағының бірі
Түркістан облысы, Отырар ауданы
Дерек көзі: kazislam.kz