Ондай сюжеттерде әдетте қыз бен жігіт романтика болып, түнгі аспанға қарап отырады да, кенеттен жұлдыз зулап өтсе, тілек тілеп мәз болысады. Ол өнімдерді тұтынушыларда да көшпенді бабаларымызға тән рухани сүзгі, сыни пайым қалмаған. Салт-санамызға қайшы емес пе, бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Бір күлгеніне жараса, мақтап шыға келеді.
Бір қызығы, дәл осы олқылық тілі мен ділін сақтай білген түріктердің фильмдері мен сериалдарында һәм әдеби шығармаларында жоқ. Онда ілкі шығыстық таным аясында ой қорытады.
Қош, айтпағымыз ол емес-ті. Тек Қожа Ахмет Ясауидің бала кезіне қатысты аңыздағыдай, «жегене қайсы, бегене қайсы», өзіміздікін айырып алу – міндет. Ал енді «бұл не үшін қажет» десеңіз, «өркениеттік бәсекесі қызған мына әлемде өз ұлыстық кодымыз бен идентификациямызды сақтап қалу үшін» деп жауаптар едік. Тәуелсіз еліміздің тұғырын нығайтып, титульды ұлт мәртебесінен айырылғымыз келмесе, қай-қайсы наным мәселесінде бір адым кейін шегінуге болмайды.
БАСҚАНЫҢ ТАНЫМЫ ЖЕТЕГІНДЕ...
Осы «жұлдыз ағып түскен қас-қағымда тілек тілеп үлгеру керек» деген ырым қайдан шыққан, түбін қазып көрген біреу бар ма, өзі?! Иә, әр нәрсені өз атымен атау керек. Бұл – ырым. Төл болса ләм демес едік қой, алайда бар кілтипан сол өгейлігінде жәнеден түркі-қазақтық дүниетанымымызға мүлде кереғарлығында болып тұр емес пе? Бұл да бір көйлек көбесіндегі жіптің ұшы секілді, басына қол іліктірген екен, одан арғысын да тарқатып, сетінетіп, тартып алу қиын емес.
Ішіне орыс әлемін енгізіп, бас жібін солтүстіктегі көршіміздің идеологиясына ұстатқан адам жазбамызды оқып алып: «Әй, береке тапқыр, сондай ақылды болсаң, онда осындай тілек тілеу рәуішіндегі туған күнде тортқа балауыз жағып, үрлеп өшіру рәсімін де айтсаңшы» деуі мүмкін. Бірақ бұл жерде ситуация басқа. Сондықтан да дабылдың қызыл жарығын жандыру – әбестік. Аталмыш тортқа қатысты қимылда символдық мән болғанымен, діни-магиялық астар жоқ. Ал мұнда бар. Бар болғанда да қандай!
Орыс өрісі мұны қалай аргументтейді, білесіз бе? «Егер жұлдыз ақса, демек құдайдың бұрын марқұм болған әлдекімнің жанын жерге жұмсағаны» деп түсіндіріледі. Дәл осы сәтте Жасаған ие барынша жомарт та кең болмақ екен және оның рақмет қақпасы ашық болады-дүр. Бұдан бөлек, көнеславяндық магиялық үрдісте тілек орындалуы үшін ағып бара жатқан жұлдызды көріп қана емес, осы аралықта өзіңнің жүрекжардыңды тілеп те үлгеру керек дейді.
Бұл бағыттағы кеңестерге құлақ салсақ, жұлдыз аққанда ұнамды тілек тілеп үлгеру үшін не керегіңді әбден топшылап, пісіріп алып, мұндай таңғажайыпқа алдын ала ыждағатпен дайындалған абзал. Ол сенімге сәйкес, сонда ғана жоғарғы күш сөзіңе құлақ аспақшы. Жұлдыздың ағуы – бұл белгі. Сол себепті де Құдіреттен сигнал болған сәтте не қажетін сұрап үлгермек керек-міс.
Бұны неге тізбелеп, тәптіштеп түсіндіріп жатырмыз? «Боратты көрмеңдер» деп айтып, оны көруге жарнамалағандай болмас үшін, оған да түсінік берген абзал-ды.
Қалай десе де, берісі орыс, арысы Еуропа танымына сәйкес, ағып бара жатқан жұлдыз жер мен көктің бірер сәтке болса да жымдасуын сипаттайды. Міне, өте сирек кездесетін осындай өзара ұштасу сәтінде бұл тілек тілеп қалдың әләуләйі!
ІЛКІ ТАНЫМЫМЫЗ НЕ ДЕЙДІ?
Енді мына қызыққа қараңыз!
...Ертедегі қазақ қауымы көк күмбез астында тіршілік еткен әрбір адамның тағдыры осы көк күмбез шырақтарына байланысты болады деп сенген. Көк аспанда жайнаған әрбір жұлдыз, жер жүзінде жасаған әрбір адамның тағдыр шырағы, бұл шырақ (жұлдыз) жанса, адам тіршілігінің шілде шырағы жанады. Оның жұлдызы жоғары болса, бақ талайы жоғары болады. Істеген ісі өрге басып отырады. Жұлдызы төмендесе, бақ талайы төмендейді. Салымы қайтады. Істеген ісі өрге баспайды, еңістей береді. Сағы сынып, еңсесі түседі...
Мұны біз жанымыздан шығарып айтып тұрғанымыз жоқ, оқушыға бедел болуы үшін алған қайнарымыздың сілтемесі, мінекей: Бұл халқымыздың дүниетанымдық сандығына айналған бірегей топтама – «Бабалар сөзі» кітабының 78 томындағы жұлдыздар сырына қатысты жолдар. Бір бұл емес, ол кітаптағы қисын бойынша кімде-кімнің жұлдызы оңынан туса, барлық ісі сәтті болады. Түтіні түзу ұшады. Құт қонып, бағы жанады. Жұлдызы солынан туса, ілгері басқан аяғы кейін кетеді. Бағы тайып, қырсық шалады. Жер бетіндегі бір адамның көк күмбезіндегі шырағы өшсе, оның өмірі де өшеді.
Ал енді жұлдыздың ағуына келсек, кітап бетінде бұған қатысты былай делінген:
«Ашық түнде келе жатып, көк аспаннан аққан жұлдызды көргенде, тұла бойы шымырлап, түршігетін болған. Олар аққан жұлдызды әлде кімнің өмірінің өшкендігі, «су ішерінің таусылғандығы» деп біліп, ырымдар істеген. Аққан жұлдызды көргенде: «Менің жұлдызым жоғары! Менің жұлдызым жоғары! Иә, Жасаған, сақтай көр!» деп ішінен күбірлеп, жалбарынып сыйынған».
БҰЛ БІРЖАҒЫНАН БІЗДЕГІ «ЖАЗМЫШ» ҰҒЫМЫМЕН ДЕ БАЙЛАНЫСТЫ.
Мифтік санадағы түсінік бойынша әрбір адамның жер бетіндегі тіршілігі, тағдыры – «жазмыш» көкте жазылады. Осымен байланысты әр адамның жұлдызы болатыны туралы, яғни жер бетіндегі адам тіршілігіне параллель көктегі проекциясы болатыны туралы (жер бетінде бір адам туылса, көкте оның жұлдызы да туылады) түсінікті айтуға болады. Сонда, көктегі жұлдызы сөнгенде, жердегі оның көшірмесі адамның да дәм тұзы таусылады, демек, оның өмір сүру уақытын астамтекті күш иесі белгілейді және ол көктегі жұлдызымен байланысты болып шығады (Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi. Энциклопедия. – Алматы: РПК «Слон», 2012.).
«МЕНІҢ ЖҰЛДЫЗЫМ ЖОҒАРЫ!»
Иә, қазіргілер бұл сөзді мүлде ұмытып барады. Білсе де сол баяғы «жаңа заманский» ақын-жазушылар поэтикалық немесе образдылық үшін пайдаланып жүр. Онда да орнымен жұмсамай, басқаша мәнінде ғана үстеп жүр десек, артық емес. Әйтпесе, оның да өз айтылатын орны, аффирмациялық сөз киесі бар екенін жаңа айтып өттік.
Иә, дәл осы жерде «қазақ неге «жұлдызым жоғары» деп айтқан?» деп айғайлап тұрған мақала тақырыбындағы сауалға да жауап бергендей болдық, білем. Қазақтың «жұлдызды санама, аққан жұлдызға қарама» деген тыйымы да ұғынықты бола түссе керек. Яғни аққан жұлдыз өлген кісіге жорылуы есепті жамандықты нышаналайды. Түсіңде мұндайды көру тіптен масқара. Ең позитивті жорымының өзінде жұлдыздардың аспанда ағып жатқанын көрген адам бай болса, малынан айрылады, кедей болса, өледі. Одан арғылары айтпаса да түсінікті ғой.
Иә, аспаннан ағып түсетін жұлдыздар емес, атмосфераға түсіп жанып кететін үлкенді-кішілі метеориттер екенін, тіпті олардың микроскопиялық ғарыштық денелер екенін – XXI ғасыр адамдары, сіз бен біз, бәріміз білеміз. Бұл жерде айтпағымыз сол таным тартысы – біздікі я оныкі өлшемдері. Кімдікі жетектесе, соның ресурсысың. Осыны ұмытпау керек.
Бұл ретте өзін қазақ әлемі өкілі санайтын жанға мынаны айтқымыз келеді:
Менің жұлдызым жоғары!
Біздің жұлдызымыз жоғары!
Айтпақшы, осы әңгімеден кейін де сіз әлі аққан жұлдызға қарап тілек тілеп отырсыз ба?!
Осы қандастар қызық-ей...
P.S. Медреседе оқып жүрген бала Ахмет бір күні егінін үгіп жатқан әке-шешесіне келіп, олардың қатты шаршап-шалдыққанын көреді де, «жегене қалсын, бегене кетсін, Аллаһуу-әкбар» деп бетін сипайды. Сөйтсе егіннің жиі өскен жерлері сиректеліп, атыздың арам шөбіне дейін ұшып кетіпті.
Мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан Қалназаров
Дерек көзі: kazislam.kz