Онда баламалы қуат көзін өндіретін 4,2 мегаваттық кіші гидроэлектростанция бой көтерді. Бірақ таудағы мұздақтардан бастау алатын Басқан мен Лепсі өзендерінің ағысы тағы бірнеше нысан салуға мүмкіндік береді. Ол өз кезегінде аймақтағы электр қуаты тапшылығын төмендетіп, суармалы жерлердің көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Лепсі өзеніндегі су электр станциясы бір жыл бұрын пайдалануға берілді. Су қоймасы үлгісінде салынған бұл нысанның қуаттылығы 17 мегаватт. Жылына орта есеппен 68 миллион киловатт электр қуатын өндіреді. Бұл – Лепсі өзенінен салынған екінші су электр станциясы.
"Біздің станциямыз су қоймасынан берілетін қысыммен жұмыс істейді. Оның құрылысына 4 миллиард теңгеге жуық жеке инвестиция салынды", - дейді , ГЭС басқармасы штабының кезекшісі Әлімхан Баянбаев.
Кіші энергетиканы дамытуда шағын ғана Басқан сияқты тау өзендерінің әлеуеті өте зор. Қазір мұнда қуаттылығы 4,2 мегаваттық кіші ГЭС салынып бітті. Онда әрқайсысы 1,4 мегаваттық 3 турбина қойылған. Ал өзеннің ағысы осындай бірнеше станция салуға мүмкіндік береді. Ол үшін 80 млн текше метр су сыятын су қоймасын салу керек.
"Покатилов су қоймасының жобасы әзір. Қазір ол мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Су қоймасы салынса, Ақсу ауданындағы сурармалы жерлердің көлемі 8,4 мың гектарға, ал Сарқан ауданы бойынша 11 мың 300 гектарға ұлғаяды", - дейді мердігер компания директорының орынбасары Виктор Десятников.
Еліміздегі тау өзендерінен алынатын электр энергиясы қорының 65 пайызы Алматы облысына тиесілі. Баламалы қуат көзін өндірудің аймақтық бағдарламасына сәйкес Жетісу жерінде 2025 жылға дейін 28 электр станциясы салынуға тиіс. Сол арқылы облыста 850 мегаватт электр қуаты өндірілетін болады.