Астананың Инвестиция және даму басқармасының жетекшісі Әлишер Әбдіқадыровтың айтуынша, көрме барысында елордаға бір жарым миллионнан астам шетелдік қонақ келген. Енді Астана әкімдігі өз алдына 2020 жылға қарай миллион туристті тартуды мақсат етіп отыр.
«Біз әртүрлі елдердегі ЭКСПО тәжірибесін зерттедік. Қабылдайтын ел алдында тұрған мақсаттардың бірі, ең алдымен қала үшін, көрмеден кейінгі туристер санына қатысты көрсеткішті сақтап қалу екен. Әрине, біз жыл сайын осындай шараны қайталай алмаймыз. Алайда туризм экономиканың жаңа өсу нүктесі бола алатынын көріп отырмыз. Мысалы, Парсы шығанағының елдері ЖІӨ едәуір бөлігін туризм арқылы қалыптастырады. Осыған орай, біз осы саланың дамуына байланысты өз стратегиямызды әзірледік. Басты мақсатты индикатор – 2020 жылға қарай миллион шетелдік турист. Сондай-ақ біз олардың осында болу уақытын ұзартуға ниеттіміз», – деп мәлімдеді Әлишер Әбдіқадыров.
Астанадағы туризм саласы дамуының стратегиясы негізгі үш бағыттың жүзеге асырылуын көздейді: іскерлік, мәдени және медициналық туризм.
«Бүгінде Астанада алуан түрлі халықаралық деңгейдегі конгрестер мен көрмелерді өткізу үшін барлық инфрақұрылым жасалған. Бізде Конгресс-орталығы, Тәуелсіздік сарайымыз бар. Екінші – бұл қалалық рекреациялық туризм. Егер қалада белгілі бір шара өтіп жатса, туристердің ұзақ мерзімге кідіруі үшін олардың баратын жерлерін – әртүрлі музейлер, Шығыс қалашығы, театрлар, яғни астанада мәдени өмірді ұйымдастыру керек. Үшінші бағыт – медициналық туризм. Астанада көптеген жақсы емдік мекемелер, халықаралық деңгейдегі хирургтеріміз бар», – деп көрсетті ведомтсво жетекшісі.
Астана қонақжайлылық инфрақұрылымының барлық көрсеткіштері бойынша өсім көрсетіп отырғаны шүбәсіз. Елордада 201 мейманхана салынып, 2016 жылмен салыстырғанда олардың саны үштен бір бөлікке артты. Қонақүйлердегі нөмірлердің толуы да үш есе көбейді. Хостелдер саны 36-дан 95-ке дейін өсті. Астаналық билікті қуантатын жайттың бірі қонақүйлер мен қоғамдық тамақтану орындарынан түсетін салық төлемдерінің ұлғаюы. Тамыз айында бұл көрсеткіш 170 миллион теңгеге жетті.
Астана туристер арасында кең танымалдылыққа ие болып, туроператорлардың қызметіне таяу және қиыр шетелден түскен сұраныс 78 пайызға артты.
AstanaCityPass саяхатшы картасын 30 мың пайдаланушы қолданған. Бес мыңнан астам адам екіқабатты экскурсиялық автобустар қызметіне жүгінген. Әлемнің 13 елінен (Австралия, Малайзия, Сингапур, Словакия, Ресей, Әзірбайжан, Түркия, Германия, Қытай, Испания, Польша, Франция, Сербия) келген 12 мың адам аудиогид қызметін пайдаланды.
EXPO 2017 азық-түлікті сатып алу өсіміне де ықпалын тигізді. Ауыл шаруашылық министрлігінің мәліментінше, EXPO көрмесінде өткен өңірлер күндері аясында өткізілген жәрмеңкелерде, биылғы жылдың наурызынан бастап 8 млн. теңге сомаға 25 мың тонна өнім сатылған. Соның ішінде, 13 мың тонна – көкөніс пен жеміс-жидек, ал 3,2 мың тонна – еттің барлық түрлері.
Жылдың басынан бері астанаға 80 мың тонна азық-түлік жеткізіліп, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 25-30% артық.