Басқосуда облыс әкімінің бірінші орынбасары жол құрылысы жұмыстарына қаржы мерзімінде аударылса да, берілуге тиісті нысандардың уақытынан кешігіп жатқанын айтты. Ең бастысы, сапаға көңіл бөлу керектігін жеткізген ол жұмыстар тиісті деңгейде атқарылмаса нысандардың пайдалануға қабылданбайтынын ескертті.
Өз кезегінде, аудан әкімі Ерлан Айтаханов жергілікті халық үшін ғана емес, «Арыстанбаб» кесенесі мен «Отырар төбеге» келуші туристерге қызмет ететін күре жолдың маңызы зор екенін, келесі жылы өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында келетін қонақтардың ауданнан риза көңілмен қайтуы үшін жолдың тегіс те сапалы болуын ерекше назарға алғанын атап өтті.
Отырар ауданы - Оңтүстік Қазақстан облысының батысында орналасқан әкімшілік-аумақтық бөлініс. Батысында Қызылорда облысымен, шығысында Ордабасы, оңтүстік-шығысында Арыс қалалық әкімдігіне карасты аумақпен және Сарыағаш ауданымен, оңтүстік, оңтүстік-батысында Шардара ауданымен шектеседі. Жер аумағы 18,1 мың километр2, (облыстың 15,4%-ы).