Төлегенованың айтуынша, осыған дейін қала құрылысы кеңесіндегілер логотиптің тек сызбасын бекіткен. Ол соңғы нұсқа емес. Оның айтуынша, қазір логотиптің авторлары жұмысты өңдеп, түзетіп жатыр. Енгізілген өзгерістерді Қала күніне қарай көруге болады. "Қазіргі уақытта шығармашылық топ логотипті өңдеп, өзгертіп жатыр. Бұл жұмыстарға шамамен 10 миллион теңге жұмсалады. Қандай да бір идеялар туып жатса, бұл жұмысқа тағы 3 миллион теңге қажет болады. Бұл акционерлік қоғамның бюджеттен тыс жұмсап отырған қаражаты", - деді Жанна Төлегенова.
"Қазір логотиптің қандай түспен боялатыны және басқа да мәселелер ойластырылып жатыр. Әрине, логотип әлі өңделеді, түзету жұмыстары жүргізіледі. Логотипке ұран жазуымыз да мүмкін. Жұмыс барысында тағы да басқа идеялар пайда болуы мүмкін", - деді "Алматы қаласын Дамыту орталығы" басқармасының төрайымы.