Бүгін Елбасының тапсырмасына сәйкес Вице-Премьер – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барып, Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары әкімдерінің орынбасарлары мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен өңір аралық жиналыс өткізді. Жиналыс барысында Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы мен көктемгі егістік жұмыстары талқыланды.
Биыл көктемнің кеш түсуіне қарамастан, аймақтардағы егістік жұмыстары жақсы қарқынмен жүргізілуде.
Көктем шыға егін еккісі келетін шаруалар егістікке қажетті құрал-жабдықтарын түгелдеуге кіріседі. Сондықтан науқан кезінде несие алушылар саны еселеп өсіп кетеді. Осы кедергіні жойып, уақытын жылдамдату және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің санын арттыру мақсатында биыл бірінші рет «Аграрлық несие корпорациясы» тікелей шаруаларды қаржыландыруды бастады. Яғни, ортадағы көптеген сатылар қысқарып, қолжетімді болды.
А. Мырзахметовтың айтуынша, ағымдағы жылы бірінші рет көктемгі-егістік дала жұмыстарын жүргізу үшін берілетін несиенің пайыздық мөлшерлемесі төмендетілген,түпкілікті тұтынушыға мөлшерлеме 6 пайыздан аспайды.
А.Мырзахметов үш өңірдің басшыларына мәселенің маңыздылығын тағы бір ескертіп, белгіленген межені мерзімінде орындауды тапсырды. Вице-Премьердің айтуынша кооперативтерге бірігуге халықтың ынтасы жоғары, қаржы көзі де жеткілікті, субсидиялау механизмі де түзілген. Демек, жергілікті билік бұқара арасында түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп, жұмысты дұрыс үйлестіре білулері керек.