Келесі жылдан бастап кез келген адам ағзасын мұраға қалдыра алады
10.10.2016, 12:35

Келесі жылдан бастап кез келген адам ағзасын мұраға қалдыра алады

Ел тұрғындары бауыры мен жілік майының бір бөлігін интернетте заңсыз сатып жатыр, деп хабарлайды baq.kz.

 Қазақстанда 3400-ден астам адам ағзаны ауыстырып салуға мұқтаж. Олардың арасында бүйрек пен бауырды күтіп жатқан науқастар көп. Жүрек пен өкпеге зәру жандар да бар. Науқастардың 30-50%-ы кезегі келем дегенше бақилық болады.

Көп жағдайда науқастардың туыстары донор болып жатады. Алайда 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа ереже енгізілмек, оған сәйкес кез келген азамат өзінің ағзаларын өлгеннен кейін пайдалануға мұраға қалдыра алады. Дегенмен Қазақстанда адам органы саудасына тыйым салынғанына қарамастан қазірдің өзінде интернеттегі арнайы сайттардан ірі сомаға бір бүйрегін, бауырының бір бөлігін беруге дайын адамдарды табуға болады.

Astanatv.kz телеарнасының тілшілері телефон арқылы ағза сатып алмақ болып, ол азаматтың мұндай қадамға неліктен барғанын анықтауға тырысқан екен.

«Бәрі жақсы. Анализдерім дайын. Тек қазір қолымда емес. Дәрігерге барлық анализімді бердім. Ол: «Саған жақсы клиент табылады» деді. Содан кейін барлық құжатымды тапсырдым. Банктен кредит алып едім, соны төлей алмай қалдым. Сол үшін маған ақша керек», - дейді әңгімеге тартылған жігіт.

«2015 жылдың 18 қарашасында азаматтарға өз еркімен өлгеннен кейін донор болуға мүмкіндік беретін №360 бұйрық шықты. Яғни Қазақстанның кез келген еңбекке жарамды азаматы өз еркін жүзеге асыра алады. Ол үшін тұрғылықты жеріндегі емханаға барып, арнайы бланкті толтыру керек, содан кейін оған өлгеннен кейін донор болып табылатыны туралы анықтама беріледі», – деп түсіндірді трансплантация жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы директорының орынбасары Серік Жарықов.

Әзірге өлгеннен кейін донор болғысы келетіндер өте аз. Көпшілік себебін түсіндірместен бас тартып жатыр. Кейбіреулер адам қиын жағдайға тап болған кезде дәрігерлер зардап шегушіге көмек көрсетудің орнына оның мұраға қалған ағзаларын алуды ойлап тұрады деген пікірде. Дәрігерлер мұндай пікірлер трансплантология туралы ақпараттың жетіспеушілігінен қалыптасып отырғанын айтады.

 

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер