Елбасы сыйға тартқан трактор
24.09.2016, 13:23

Елбасы сыйға тартқан трактор

2001 жылы іргесі қаланған Көкпекті ауданы Шәріптоғай ауылындағы «Кенжетай» шаруа қожалығына елбасы трактор сыйлады. Бұл туралы baq.kz хабарлайды.

Көкпекті ауданы Шәріптоғай ауылындағы «Кенжетай» шаруа қожалығының іргесі сонау 2001 жылы қаланған болатын. Содан бері көкөніс өсірумен айналысып келген шағын ғана отбасылық шаруашылық қанатын кеңге жайып, қазір өз алдына ауқымды жоспарлар құрып отыр. Істі бастаған Гүлнәр Сарымсақова бүгінде кәсіп тізгінін кенже ұлына ұсыныпты. Үш жыл бұрын мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында шаруашылық үш миллион теңге несие алып, жылыжай салған. Жылыжайды Ресейдің Новосібір қаласынан алып келіпті. Жаңа іс болған соң, алғашқыда қиыңдықтары да көп болғанын жасырмайды Гүлнәр апай. Үкіметтен алынған қаражат сол заманауи жылыжайдың қаңқасына ғана кеткен екен, өзге құрал-жабдықтарды алу үшін кәсіпкерге өз қаржысын құюға тура келіпті. Тағы бір үкіметтік бағдарлама арқасында жылыжай пеші алынған. Мемлекеттен көмек ретінде жылыжайға электр желісі тартылған. Тамшылатып суару құрал-жабдығы да мемлекеттік бағдарлама аясында сатылып алыныпты. Ендігі шаруа – жылыжай ішіне батареялар орнату. – Тапқан табыстың қомақты бөлігі несиені жабуға кетеді. Десек те, іс алға жылжып келеді. Алдағы күзде, Алла бұйырса, алғаш рет осы аумағы 300 сотық жылыжайды іске қосып, қыс мезгілінде қияр мен қызанақ өсірмекпіз. Аскөк, салат та сала бастаймыз. Шамамен жылыжайдан күніне 50 келі қиыр шығады. Олар өсе береді. Егер осы іс дөңгеленіп кетсе, жер жеткілікті, тағы жылыжай салмақ ойымыз бар, – дейді қожалық жетекшісі Кенжетай Серікұлы. «Кенжетай» қожалығы бүгінде аудан тұрғындарын арзан бағадағы орамжапырақ, сәбіз, бұрыш, қызанақ, картоп, баклажан сынды көкөніспен қамтып отыр десек артық айтқандық емес. Биыл алқаптан 200 қап картоп шығады деп күтілуде. Көктемде, күзде жұмыстарға жергілікті тұрғындар тартылады. Дайын өнімді Гүлнәр Сарымсақова өзі қысы-жазы Көкпекті ауылындағы базарда тұрып сатады. Қонақ үйдің ішінде шағын дүкені бар. Тауар арзан бағамен жақсы өтеді. Көкөністің бәрі де сол аудан орталығындағы жалдамалы қоймада сақталады. Өздеріне дербес жеке қойма салу да жоспарда бар. Тұқымдарды Алматыдан әкеледі. Суды өзеннен үш-төрт мотор арқылы сорып суарады. Білімі орташа демесеңіз, Гүлнәр апайдың біліктілігі жоғары. «Бәріне өмірдің өзі-ақ үйретеді. Өзім өз бетімше оқып-үйрендім. Бұрын кеңес өкіметі тұсында жолдасым Серік Сарымсақов екеуіміз қой бақтық. Ол озат шопан болды. 90-шы жылдардағы тоқырауда күн көру, балаларды асырау қамымен істемеген жұмысымыз жоқ, коммерциямен де айналыстық» дейді әңгімесінде. Шағын қожалықтың мемлекет тарапынан көрген қамқорлығы аз емес. Ең басты сыйлығы 2009 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өз қолынан алынған «МТЗ-80» тракторы болды. – Бізге трактор өте қажет болатын. Осы трактордың өте көп көмегі тиді, Мемлекет басшысының қолынан алынғандықтан ба, өзі бір берекелі көлік болды. Елбасымызға ана ретінде мың да бір рақметімді айтқым келеді! Сол жылы Президент іссапармен Семей қаласына келіп, облыстағы әр ауданнан бір-бір шаруашылыққа тракторлар табыстаған. Техниканың кілтін қолыма беріп тұрып, ол кісі «Осы трактормен дүкенге барсаңызда да болады» деп қалжыңдағаны есімде. Бір қызығы, біздің жеңіл көлік бір жолы сынып қалып, сол кезде аудан орталығына осы трактормен барған кезіміз де болды, – деп күледі Гүлнәр апай. Гүлнәр апайдың он баласы бар, «алтын алқа» иегері. Барлық баласы отбасылы. Екі ұлы – Рахат пен Кенжетай шаруашылықты дөңгелетіп отыр. «Олар қазір шаруаның бәрін өздері істейді, мен тек бағыт-бағдар беріп отырамын, ақыл-кеңесімді айтамын», - дейді кәсіпкер. – Құдай қалап, осы қыста жылыжайдың жұмысы жүріп кетсе, оны кеңейтуді көздеп отырмыз. Жалпы, жылыжайдың қаңқасы мықты, шынысы поликарбонаттан жасалған, қарға төзімді. Өзім Семейдің көпбейінді колледжінде оқып жатырмын. Осы отбасылық бизнесті ары қарай дамыту – негізгі мақсатым, – дейді қожалық жетекшісі.

 

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер