АГРОСЕРПІН: 200 мыңға жуық жеке қосалқы шаруашылық құрылады
24.08.2016, 09:24

АГРОСЕРПІН: 200 мыңға жуық жеке қосалқы шаруашылық құрылады

АГРОСЕРПІН: 200 мыңға жуық жеке қосалқы шаруашылық құрылады nurotan.kz

Елбасы Н.Ә.Назарбаев Үкіметтің алдына халықты жұмыспен қамту, кәсіп ашуларына көмектесу мәселесін ұдайы қойып келеді. Мемлекет басшысы бұл тұжырымын «100 нақты қадам», «Ұлт жоспары» негізінде үйлестіруді тапсырды. Ол үшін ел экономикасының барлық мүмкіндіктері жеткілікті. Осы тапсырманы орындау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі бірнеше жаңа жобаны қолға алып, жүзеге асыруды бастады.  

Оның сүбелісі және қарапайым ауыл тұрғындары үшін тиімдісі – жеке қосалқы шаруашылықтарды құрып, сол арқылы отбасылық кәсіпті дамыту, ауыл азаматтарының екі қолына, бір күрек тауып беру. Яғни, ауыл шаруашылығына қолдау көрсете отырып, әлеуметтік мәселені оңтайлы шешудің бірден-бір жолын қарастыру.

13935153_1086119544789481_8129385142106794016_n

Қарапайым сөзбен айтсақ, кез-келген ауыл тұрғыны ауласында бірді-екілі мал ұстауға, ұстаған малын көбейтіп, еті мен сүтін пайдалануға толық мүмкіндігі бар.

Мәселен, бір үйде бір сиыр бар делік. Одан орта есеппен 12 литр сүт сауылады деп есептесек, жартысын жанұяңызға жаратып, қалғанын сатып пұл етсеңіз еш ұтылмайтыныңыз хақ. Алайда, сол 6 литр сүтті сату үшін ауданға немесе қалаға бару тиімсіз. Тиімсізі былай тұрсын, жол шығыныңызды да ақтамайды. Ал енді Қазақстан бойынша осындай жеке шаруашылықтарда өндірілетін ет пен сүтті есептегенде мыңдаған тонна шикізаттың қайта өңдеу орындарына жетпей, текке ысырап болып жатқанын көреміз.

Статиситкаға жүгінсек, 2015 жылдың қорытындысы бойынша республикамызда 675 мыңнан астам адам жеке қосалқы шаруашылықпен айналысады екен. Осы қосалқы шаруашылықтардан (ЖҚШ) өндірілген сүт және еттің көлемі 70-80 пайызды құрайды. Есесіне, еліміздегі сүт, ет өндіруші кәсіпорындар бар болғаны 60-70 пайыздық жүктемемен жұмыс істеп тұр. Басты себеп шикізат жетіспейді. Дегенмен, бұл жерде «жетіспейді» дегеннен көрі, «шикізат діттеген жеріне жетпейді» деп айтқанымыз жөн шығар. Яғни, әр ауыл, әр ауладан шығып жатқан көл көсір өнімді, өндіріске жеткізетін жүйе жоқ. Тасмалдайтын тиімді тәсіл түзелмеген. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру Ауыл шаруашылығы министрлігіннің жаңа жобасына жүктеліп отыр.13909289_316611072014923_8378545258500819329_o

Мұнда сүйіншілейтін тұс көп-ақ. Мал ұстауға мүмкіндігі бар кез-келген ауыл азаматына 3-6 миллион теңге аралығында 6-7 пайызбен 3 жыл мерзімге дейін несие беріледі. Бұл қаражатқа 10-15 бас сауын сиыр немесе бордақылауға өгізшелер сатып алып шағын кәсіпті бастайсыз. Сүт пен етті сатып біртіндеп несиеңізді қайтарасыз.

Ол үшін не істеу керек?

Алдымен жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жергілікті әкімдік арқылы несие алуға өтінім бересіз. Рас, «кепілдік қайдан табымын» деген заңды сұрақ туындайды. Бұл тұрғыдан да жаңа бағдарлама тұрғындарға тиімді шарт ұсынып отыр. Несие «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы беріледі. Екінші деңгейлі банктер ауылдағы жылжымайтын мүлкіңізді жылына, сапасына қарап, бағасын түсіріп басыңызды ауыртатыны белгілі. Ал «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» бұл шарттарды мейілінше жеңілдетіп, ескі үйіңіз, жарамды қораңыз болса да кепілдікке алуға даяр. Бар болғаны еңбек етуге деген жігеріңіз бен, өз-өзіңізді жұмыспен қамтуға деген ниетіңіз қажет.

Сонымен, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту бағдарламасы ет пен сүттен бөлек, жүн мен тері дайындау, жеміс-көкөністерді, ара шаруашылығы, отбасылық құс шаруашылығы және тауарлы балық шаруашылығымен айналысамын деген барлық ауыл тұрғындарына жарқын жол ашпақ.

Ендігі басты және өзекті мәселе – несие алып, қосалқы шаруашылық құрдыңыз делік.  Алғашқы өнімді өндіріске жеткізу, шикізатты тұтынушыға тасмалдау деген проблема көлденең шығады.  Алған несиеңізді қайтарып, мал басын көбейту үшін өніміңіз өз бағасымен өндіріске жетіп тұруы керек. Әйтпесе, тағы да тығырыққа тірелесіз.

13937863_1086119494789486_5946224621200120895_o

Бұл жерде ауқымды жобаның екінші кезеңі іске қосылады. Яғни, жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперацияға біріктіру. Аудан, ауыл көлеміне қарай екі бағытта кооперацияға біріктіру ұсынылып отыр. Бірінші Сүт қабылдау пункттер желісі бойынша біріккен кооперацияға КазАгро тарапынан несие және лизинг ұсынылатын болады. Бұл қаражатқа салқындатқыш танкерлер, көмекші жабдықтар, сүт тасығыш автомашина және айналымдық қаражат беріледі. Ал, екінші бағыт отбасылық бордақылау алаңдарын құру бойынша ветеринарлық зертхана, тоңазтқыш, рефрижератор мен мал сою цехы қаржыландырылады.

Сонда ғана жоғарыда айтып өткен өнімді өндіріске ысырапсыз жеткізу жүйесі қалыптасады. Әр жанұяның айналысатын кәсібіне қарай алынатын өнімдерді қажеттілікке жаратып, жоспарланып отырған өнеркәсіптерге сатылады. Саласына қарай қарапайым халық сүтті сүт тасығыш автомашинаға, етті ет сақтайтын қоймаларға апарып береді. Бір жағынан халыққа мотивация беріп, кез-келген өнімдерді тек өздеріне жаратпай, пайдалы жағын қарастыру. Алысқа бармай кооперация құрамындағы осы орындарға шикізатыңызды өткізіп, қолма-қол ақшаңызды санап алып отырасыз. Ал, кооперация өз кезегінде бұл шикізаттарды не бәрі 60 пайыздық жүктемемен тұрған кәсіпорындарға жөнелтеді. Осылайша, бүкіл қосалқы шаруашылықтардың  бойына қан жүріп, ата кәсіп қайта жанданбақ.

Ең бастысы, бұл жүйе бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысында қалыптасып  тәжірибеден өткен. Сол кездегі облыс әкімі А.Мырзахметовтың бастамасымен жүзеге асырылған жоба бүгінде талай шаруаның тасын өрге дөңгелетіп отыр. Үш жылда 10 мыңнан аса жоба қаржыландырылып, нәтижесінде  бордақылау алаңдары 8 мыңға, отбасылық сүт фермалары 2 мыңға жетті. Олардан 68 мың тонна сүт, 63 мың тонна ет өндірілді. 27 кооперация құрылып, 12 488 тұрақты жұмыс орны ашылды.

Ол аз десеңіз, Асқар Исабекұлы «Нұр Отан» партиясын басқарған тұста, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту бағдарламасы партияның 12-ші жобасы ретінде  бес облысқа (Ақтөбе, Қызылорда, ОҚО, Жамбыл, Алматы) эксперимент түрінде енгізілген. Енді әбден пісіп жетілген, кәсіп ашудан бөлек, ауылдың әлеуметтік ахуалын түзеуге бағытталған бірден-бір тиімді жоба бүкіл Қазақстанға жол тартып отыр.

Жалпы, бұл бағдарлама қанша жылға созылады, қанша қаражатты талап етеді және нәтижесі қалай болмақ деген сауалға жауап берсек…

2016-2018 жылдарға арналған бағдарламаға жұмсалатын қаражат мөлшері 101,3 млрд теңгені құрайды. Атап айтқанда, 670-ке жуық сүт қабылдау бекеттерін құруға және 167 сүт тасмалдау машиналарын алуға 6,9 млрд. теңге, 32 мың бордақылау алаңшаларын және қосымша 800-ден астам сойыс бекеттерін ашуға 88,7 млрд. теңге, инвестициялық субсидиялар беруге 5,8 млрд. теңге.

Биылғы жылдың қаржы мәселесі шешілген, алдағы екі жылға қолданыстағы бағдарламалар аясында 26,3 млрд теңге қарастырылып отыр, қосымша қаржы көлемі-54,2 млрд теңге.

Алдын ала болжам бойынша, аталған шаралар 2,5 жылда мынадай нәтижелерді беруге тиісті: 190 мыңға жуық жеке қосалқы шаруашылықтар қамтылады, 67 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылады, Кооперативтер кең ауқымда құрыла бастайды, қосымша 380 мың тоннадан астам сүт өңделіп, 100 мың тонна ет өндіріледі, өздігінен жұмыстан қамтылған 32 мың адам жеке кәсіпкерге айналуға мүмкіндік алады.

Биылғы жылдың өзінде 192 кооперацияға 147 сүт өңдеу пункті мен 2,5 мың отбасылық бордақылау алаңдарын біріктіру жоспарланып отыр. Ол үшін нақтылы кезеңде Ауыл шаруашылығы министрлігі, Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігі және облыс әкімдері арасында үш жақты мемерандум бекітіліп, өтінімдер қабылдануда. Жаңа жобаның жақсылығын халыққа түсіндіру мақсатында ауылшаруашылығы министрлігінен құрылған арнайы топ, барлық өңірде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жүр.

Қалай десек те, қарапайым халықты жұмыспен қамтудың төте және тиімді жолы болып саналатын бұл бағдарламаның берері мол. Ендеше, баршаңызды «Береке», «Бірлік» бағдарламаларына қатысып, ата кәсіппен айналысуға шақырамыз.

 

Жасұлан Әбдіхалық,

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі

Қоғаммен байланыс басқармасының басшысы

© elana.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер