Серіктестері сан соқтырған кореялық кәсіпкер көрешекті көріп келеді.
Осыдан үш жыл бұрын Шымкентте мақта-матадан қолғап тігетін Қазақстандағы тұңғыш зауыт іске қосылды. Жылына 13,5 млн жұп қолғап шығаруға қуаты жететін зауыттың жұмысын оңтүстіккореялық «KAZ Hansol Intercom» компаниясы жүргізетін болды. Инвестор жобаға 488 млн теңге құйып, 50 адамды жұмыспен қамтыды. Бірақ сол кезде оңтүстіккореялық инвестор Чи Чжон Хонг мырза арада үш жыл өткенде серіктестерімен соттасып, мүлкінен айырылып, сан соғып қаламын деп ойламаған еді.
Жергілікті билік инвесторға көмектеспеді
Оқиға қалай басталды? 2000 жылдардың ортасында шымкенттік Бекзат Нарметов есімді азамат Кореяның Ансан қаласында қиын жағдайға тап болғанда, кәсіпкер әрі ғалым Чи Чжон Хонг оған көмектескен еді. Бекзат Нарметов кейін оны Жорабек Юсупжановпен таныстырды. Олардың арасында достық қарым-қатынас қалыптасты. «Менің Оңтүстік Кореяда және Вьетнамда бизнесім бар. Қазақстан азаматтарымен танысқан соң осы елде бизнес ашу туралы ой пайда болды. Оның алдында турист ретінде, кейін инвесторлық қызығушылықпен Қазақстанға келдім. Достарым шымкенттік болған соң, бизнесті осы аймақтан ашқанды жөн көрдім. Ол кезде облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев болатын, сол кісімен ақылдасып, қай саланы таңдайтынымды шештім. Сөйтіп бір жылда цех тұрғыздық. Ол дайын болған кезде Жапониядан техника әкелдік. Осылайша 2016 жылы жұмыс басталып кетті», – деді Хонг Чи Чжон.
Кореялық кәсіпкер Бекзат Нарметов пен Жорабек Юсупжановты серіктес деп танып, оларға сенім артады. Ал олар Хонг Чи Чжон жұмыс бабымен Корея мен Қазақстанның арасында жүргенде, зауыт өндірген өнімнің алғашқы партиясын 80 мың долларға сатып, ақшаны инвесторға бермей қояды. Осындай жағдай орын алғанда неге дабыл қақпадыңыз деп сұрағанымызда Чи Чжон Хонг мырза: «Не қазақша, не орысша білмегендіктен қатты қиналдым. Олар ақшамды бермеді, маған қоқан-лоқы көрсетті, әлдекімдермен қорқытты. Инвесторлардың мүддесін қорғайтын KAZNEX INVEST те, аймақ басшылығы да көмектеспеді. Полицияға кейінірек шағымдандым. Маған тек бір-ақ адам қолұшын созды, ол Сапарбек Тұяқбаев. Сол кісінің айтуымен ғана бұл іске Ұлттық қауіпсіздік комитеті араласты», – деп жауап берді.
Кәсіпкердің айтуынша, Бекзат Нарметов пен Жорабек Юсупжанов бір тиын қаржы салмаса да, зауытты өз аттарына аударып алған. Ал Хонг мырза айдың-күннің аманында зауытынан айырылып қалды.
Детективке бергісіз оқиға
2017 жылдың мамыр айында Хонг мырзаның аудармашысы Бақтияр Момынжанов оған 2 адамды алып келеді. Олар ел ішінде Рафик Чимкентский деген атпен танымал Рафик Бикбаев пен оның досы еді. Олар инвесторға ақшасын қайтарып алуға көмектесетіндерін айтады.
«Мен олардың кім екенінен бейхабар болдым. Танымал мафия дегенді полицияға шағымданғаннан кейін ғана естідім», – деді кәсіпкер Хонг Чи Чжон.
Сот материалдарына көз салсақ, шетел азаматы мафия деп сипаттаған адамдар мамыр айында Бекзат Нарметов пен Жорабек Юсупжановты ұстап алып, Хонг мырзаға алып келген. Сол кезде борышкерлер кәсіпкердің ақшасын қайтаруға уәде береді. Ал Рафик олардан компанияны Момынжановтың атына аударуды талап етеді. Келесі бір кездесуде Хонг мырза шыдамай, Бекзат Нарметов пен Жорабек Юсупжановты беттерінен шапалақпен салып жібереді. Бұл туралы ол: «Жасалған жақсылықтың осындай иттікпен қайтқанына ызаландым», – дейді.
Хонг Чи Чжонның қол жұмсаған сәтін Рафиктың адамдары таспаға түсіріп алған.
Тағы бір кездесу зират басында өтеді. Сол күні олар ақшаны зиратқа әкеліп, кәсіпкерге қайтарып береміз деп келіскен. Хонг Чи Чжон уәделескен жерге келген кезде алдынан Жорабек Юсупжанов пен камуфляж киген адамдар атып шығады. Ал кәсіпкерге қашып құтылудан басқа амал қалмайды. Тергеу бұл Рафик Бикбаевтың Хонг Чи Чжонды қорқытып, еліне кетуге мәжбүрлеу үшін ұйымдастырған қойылымы екенін дәлелдеді. Ал камуфляж киген шабуылшылардың рөлін банда адамдары орындаған.
Кейін Рафик Бикбаев Хонг Чи Чжонға Бекзат Нарметов пен Жорабек Юсупжановқа қол жұмсаған видеосын көрсетіп, 50 мың доллар бермесе, видеоны полицияға тапсыратынын айтып, ақша бопсалайды. Қысымға шыдамаған кәсіпкер алды-артына қарамай, Кореяға ұшып кетеді. Біраз уақыттан соң болған жағдайды салмақтап, полицияға шағымданады.
Қазір Бекзат Нарметов, Жорабек Юсупжанов және аудармашы Бақтияр Момынжанов қамауда отыр. Рафик Чимкентскийге іздеу жарияланып, ол Ресейде ұсталды. Сот жүріп жатыр. Тағы бірнеше адам әлі бостандықта жүр. «Шымкенттен зауыт ашамын деп опық жедім» Хонг Чи Чжон Кореяда, Въетнамда мұндай жағдайға тап болмағанын айтады.
«Неге Қазақстанда бизнес жүргізу қиын? Менің арам ойым жоқ еді ғой. Серіктестерім түрлі мәселелерді шешуге қарекет жасағанда: «Қазақстанда ештеңе ақшасыз шешілмейді, бұл істі бізге тапсырыңыз» деп үнемі алдымды орап отыратын. Мен Қазақстаннан әлі бір теңге де табыс тапқан жоқпын. Әзірше сот біткеннен кейін не істейтінімді білмеймін. Шымкенттен зауыт ашамын деп опық жедім», – деп ренжіді кореялық кәсіпкер.
Бүгінде Чи Чжон Хонг М.Әуезов атындағы ОҚМУ экономика факультетінде тегін дәріс оқиды. Ол бірнеше жылдан бері әлеуметтік жағдайы төмен студенттердің төлемақысын өз қалтасынан төлеп, ОҚМУ-де оқытып жатыр. Өкінішке қарай, қазір Хонг Чи Чжон жеке күзетсіз жүре алмайтын жағдайға жеткен. Ол өзінің адалдығын дәлелдеу үшін Кореядан ешқашан күмәнді іспен айналыспағанын дәлелдейтін құжат әкеліп, сотқа тапсырып қойған. Қарсы тарап келіспейді
Айыпталушылардың қорғаушысы Наталья Бурмистрова тағылған айыппен келіспейді. «Біз Хонг Чи Чжон мырза жалған сөйлеп отырғанын айтып, 420 бап негізінде қылмыстық іс қозғауды өтініп, арыз жазғанбыз. Өйткені әр отырыс сайын оның сөзі өзгеріп отырады. Ол бірдеңе десе, біз оның сөзін жоққа шығаратын құжаттарды ұсынамыз, сол кезде ол сөзінен тайқып, басқаша нәрселерді айтып кетеді. Сот процесін жүргізу бізге қиын соғып отыр, сот оны жалған сөйлегені үшін жауапкершілікке тартпай отыр. Әр процеске келген сайын жаңа түсініктеме естиміз. Мысалы Хонг Чи Чжон мырза Жорабек Юсупжановтан ақша алмағанын айтады. Ал біздің қолымызда банк арқылы аударылған қаражатқа қатысты құжат тұр», – дейді қорғаушы.
Айтпақшы, мақта-матадан қолғап тігетін зауыттың жұмысы тоқтап тұр. Оның қызметіне сот шешімімен тыйым салынған. Жанат Нұржауқызы, Шымкент
Дереккөз: abctv.kz