Танымал заңгер Айгүл Орынбектің кез келген мәселеге көзқарасы қоғамға қызық. Өйткені ол көбіне қарапайым халықтың мұң-мүддесін қорғап, қолға алған ісін аяғына дейін жеткізеді. Today.kz сайтының қазақ бөлімі танымал заңгерден сұхбат алған еді.
Айгүл Орынбек: Қазақ тілінде сөйлеп-ақ әділдікке жетуге болатынын дәлелдедім
– Айгүл Орынбектің есімі бүгінде көпке танымал. Танымалдық сізге қалай келді? Әлеуметтік желідегі танымалдық сізге не берді?
– Халықтың әлеуметтік-саяси хал-ахуалын ашық, ащы шындықпен әлеуметтік желіде көтеріп жүрген соң танымалдыққа ие болған шығармын. Қазіргі таңда халық жалғандықтан, әдемі сөйлеп, өтірік уәде беріп, екіжүзділік танытып, жағымпаздану, орысша айтқанда «понт» сияқты іс-әрекеттерден шаршаған. Бұл 25 жыл ішінде кейбір азаматтардың мінез-құлқына айналған, және халықты жалықтырған. Мен бұны танымалдық деп есептемеймін, халықтың көзі ашылып, азаматтық қоғамның қалыптасып келе жатқандығы деп есептеймін. Әлеуметтік желілердегі танымалдық дейсіз бе? (күліп). Шыны керек, ештеңе де емес. Қайта өзіме көп жауапкершілікті артып алдым халық алдында. Кеңес, көмек сұраушылар көп, ал мен жалғызбын. Кейде жекеме келіп жатқан сұрақтарға жауап беруге үлгермеймін. Менің де жеке өмірім бар дегендей, халық осыны дұрыс түсінсе екен деймін.
– Сізді ойын бүкпесіз айтатын батыл заңгер ретінде білеміз. Соның ішінде Мұхамеджан Тазабековпен араларыңызда болған дау шешілді ме?
– Мен үшін ол дау емес. Жеке бір тұлға ретінде заңды көзқарасымды білдіру. ҚР-ның Конституциясы бәрімізге ортақ. Заңды бұзды ма, заңды түрде жауап беруі керек. Ал ол кісі көптеген халықтың ойында жүрген сұрақтарға жауап бермей, одан қалса, заңды жауапкершіліктен «қашудың» жолын жақсы үйреніп алған сияқты. Оның өзі сау басына сақина тілеп алды. Менің қойған сұрақтарым әлі күнге дейін жауапсыз қалды. Қасиетті Меккеге кетіп бар жатып, қазақтың қыздары жайлы «тәрбиесіз» деп сұхбат ретінде имани жазбалар қалдырып кетіпті. Меккеге барып тәубесіне келген шығар. Ер азамат ретінде қоя алмаған даудың нүктесін мен қояйын. Алдағы уақытта Мұхамеджан ағам менің тарапыма қандай да бір уәж айтса да оның сөздері боқпен тең.
– Өзіңіздің діни көзқарасыңыз қандай?
– Шыр етіп дүниеге келген қазақ мұсылман болып туылады. Осы сөздің өзі біраз дүниені айтып тұр ғой. Қазағымның салт-дәстүрін, мәдени көзқарасымды ұштастыра отырып, дәстүрлі ислам дінін ұстанамын.
– Сіз көптеген шулы істің басы-қасында жүресіз. Көбіне тегін қызмет көрсетесіз. Оның себебі неде?
– Үйдің үлкені болғаннан кейін әкем өзімнен кейінгі бауырларыма әрқашан қамқор болу керектігін айтып отырады. Сондықтан әлсіздерге көмек беру мен үшін жауапкершілік міндет болып қалыптасқан. Біздің бала кезіміз еліміздің тәуелсіздік алған уақытына тұспа-тұс келіп, көптеген қиыншылықты көріп өстік. Одан қалса көгілдір экрандардан идеологиясы мықты, тәрбиелік мәні зор, әлсіздерге көмек беру сияқты кинолар мен мультфильмдерді көп көрдік. Әділдік іздеген әлсіз жандарға қолымнан келгенінше заң тұрғысында көмек беруге тырысамын.
– Қоғамда болып жатқан жағдайларға қатысты ашық пікірлеріңіз үшін сізге қоқан-лоққы көрсеткендер болды ма?
– Әрине болды. Барлығын заң аясында тиісті органдарға шағымдану арқылы шешіп отырмын. Бұл менің жеке басыма қатысты дүние болғаннан кейін қоғамды дүрліктіргім келмейді.
– Заңгер Айгүл Орынбек әйел ретінде қандай?
– Қазақтың қарапайым қара қызы.
– Балалық шағыңыз қалай өтті?
– Жоғарыда айтып өткендей балалық шағым тәуелсіздік алған жылдармен қатар өтті. Обал мен сауапты көріп өскен қызбын. Шамның жарығымен сабақ оқып, ата-анамызға үй шаруасында көмек беріп, бәріне үлгеретінбіз. Ата-анамның тұңғыш қызы болған соң менен ештеңе аямаған. Бала-бақша мен ауылда тұратын ата-әжемнің үйінде балалық шағымның жартысы өтті десем де болады. Үш ай демалысты ауылға кету үшін асыға күтетінбіз. Себебі айран, сүт, бейпіл, табаға пісірген нанды қоймағайлана жеп жүретінбіз. Жеміс-жидекті ағыза жеп, жалаңаяқ топырақ басып, қозы-бұзауларды айдап өстік, осының бәрі біздің бақытты балалық қызықты шақ еді.
– Жасөспірім қыздардың зорлануы кең тарап кетті. Осыған қатысты не айтасыз?
– Дәл қазір жасөспірімдерге қатысты екі іс алып жүрмін. Бұл қоғамда белең алып отырған ең үлкен дерт. Кейбір надан, жатып ішер азғындаған ер-азаматтардың кесірінен бүлдіршіндер жапа шегуде. Бұл қоғам болып күресетін жағдай. Қыздарымызға барынша сақтандыру жолын үйретуіміз керек. Оқу орындары мен ата-аналардың байланысы күшейіп, тәлім-тәрбие сағаттарын көбейтуіміз керек. Балаларға «педофил» сөзін ашып жеткізу арқылы олардың қауіптілігін және олардан қорғану жолын ұғындыруымыз керек.
– Мықты заңгер ретінде қалыптасу үшін қандай жолдардан өту керек?
– Ең бірінші ұстазым – әкем. Ол кісі заң тұрғысында өте білімді, парасат-пайымы жоғары. Әрқашан бізге «заңнан аспаңдар, адал, әділ болыңдар, біреудің ала-жібін аттамаңдар» - деп отырады. Сол себептен үйдегі барлығымыз заң саласына жақын мамандықтарды игердік. Еңбек жолымды мен құқықтану пәнінің оқытушысы ретінде бастадым. Нотариалдық кеңселерде, құқық қорғау салаларында іс-тәжірибелерінде көптеген салалық фирмада заңгер ретінде тәжірибе жинадым. Осының бәрі заңгер болып қалыптасуыма алып келді. Ең алдымен көмекке мұқтаж адамға дұрыс құқықтық кеңес беру, дұрыс бағытты көрсету, ашықтық. Ал кейбір заңгерлер адамның басындағы қайғысын пайдаланып, өз қалталарын толтыруды ойлайды. Біздің қазақ тілді қоғамда мықты заңгерлер саусақпен санарлықтай. Қазақ тілді қоғамды сауатсыз көреді. Намысқа тырысып, қазақ тілінде әділдікке жетуге болатынын бүкіл республикаға дәлелдедім деп ойлаймын.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан: Мейіргүл Оңғарова
Дереккөз: today.kz
Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.
Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.
E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13