Әнші Әміре шығармашылығы туралы: "Шоу бизнесте ағаң, көкең болуы керек"
22.04.2018, 13:47

Әнші Әміре шығармашылығы туралы: "Шоу бизнесте ағаң, көкең болуы керек"

Өнердегі жолын енді бастап, танымал болып үлгерген шоу бизнес өкілінің бірі – Amre. Today.kz әншімен ашық әңгіме құрып, есімін неге өзгерткенін, "Қалаулым" жобасына не үшін үшін қатысқанын, "Жұлдызды жекпе-жектегі" жеңілістен кейінгі халықтың пікіріне көзқарасын және жақында Қазақстан атынан баратын "Славянский базар 2018" байқауына дайындығы туралы сұрады.

– Әміре, қайырлы күн! Әңгімеміздің шымылдығын шығармашылығыңыздағы жаңалықтармен түрсек. Өнер жолында қандай өзгерістер болып жатыр?

– Өзімнің 2 бейнебаяным мен 5-6 әнім бар. Қазір ән жазып, бейнебаян түсіріп жатқан жоқпын. Себебі бар күшімді "Славянский базар" байқауына жұмсап жатырмын.

– Осы байқау туралы толық айтып беріңізші. Іріктеу қалай болды, қалай өттіңіз?

 

– Іріктеу әр жылы болады. Қазақстанды апаратын кісілер елді аралап жүреді.  Астанадағы "Шабыт" университетіне барады. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына да келді. Осы академияда өткен іріктеуге еліміздің барлық қаласынан үміткерлер келді. Ол кезде 3 ән орындадым. Нұрғиса Тілендиевтің "Құстар әні", екіншісі французша мюзикл және Раймонд Паулстың "Подберу музыку" деген әнін айтып шықтым. Алдағы "Славянский базар" байқауында осы үш әнді түбегейлі өзгертіп орындаймын. Үшеуі де өзімнің өңдеуімнен өткен.

Фото -

– "Славянский базар" байқауында қазақстандық танымал әншілер қазылар алқасында болды. Бұл хабарды естігенде қандай көңіл-күйде болдыңыз? Олардан көмек күтесіз бе?

– Димаш Құдайбергенов жасөспірімдер тобында төреші болады. Ал менің тобымда қазылар алқасында Роза Рымбаева отырады. "Славянский базар" несімен ерекшеленеді? Әрине, әділдігімен. Бұрмалау деген болмайды. Роза Рымбаеваның қазылар алқасында отыратын қуанышты жағдай. Беделді кісі. Бірақ біріншіден Аллаға, екіншіден өзіме сену керек.

– Дайындық кезінде әндеріңізді Роза Рымбаевның алдында орындап көрдіңіз бе? Жалпы екеуіңіз дайындалдыңыздар ма?

– Жоқ, ол кісі тыңдап көрген жоқ. Байқауда бірінші рет тыңдайды.

– "Жұлдызды жекпе-жекке" тоқталайықшы. "Мен бұл байқауға жеңу үшін келдім" деген едіңіз бағдарлама басында. Бірақ жеңе алмадыңыз. Бұл жеңіліс "Славянский базарға" деген сеніміңізге су сепкендей болмады ма?

 

– Біріншіден, ол телевизиялық жоба. Мен жақсы я жаман деп ештеңе айта алмаймын. Ұтамын деп барғаным рас. Әр конкурсқа ұтамын деп барамын. Бастысы, халық өзі айтып жатыр ғой. Пікірлерді өзіңіз де көрген боларсыз. Не үшін шу болып жатқанын. Әбдіжаппар лайықты. Себебі оның эстрадада, шоу бизнесте жолы үлкен. Менің шоу бизнеске келгенім биыл ғана. Сондықтан ол мен үшін жай бағдарлама емес, үлкен тәжірибе болды. Өзімді жаңа қырымнан көрсеттім деп ойлаймын.

– Осы бағдарламаның басында Әбдіжаппарды енді танып, әндерін бірінші рет тыңдап жатқаныңызды айттыңыз. Бағдарламадан кейінгі Әбдіжаппар Әлқожа туралы пікіріңіз қандай?

 

– Әбдіжаппар талантты әнші. Харизмасы өте мықты, даусы да жоғары. Мамандар даусына байланысты сын-пікірлерін білдіріп жатты ғой. Байқау болғандықтан қобалжу болған шығар. Ол туралы артық ештеңе айта алмаймын. Оның жасы да жолы да үлкен. Тек қана сәттілік тілеймін. Өз басым оны сыйлаймын.

Фото -

– Көрерменнің көбісі "той бизнес жеңіп кетті" деп әлеуметтік желіде өкпе-ренішін, наразылығын білдіріп жатты. Жалпы сіз тойға шығасыз ба?

 

– Мен тойға ешқашан қарсылық білдірмеймін. Білдірген де емеспін. Себебі, той – қазақтың қазынасы. Тойда кәсіби ән тыңдап отыра алмаймыз ғой. Ондай музыка болу керек. Бастысы той әндерінің қай жерде орындалуы керек екенін білу керек. Тойдың әнін болашақта айтпаймын деп те айта алмаймын. Неге айтпасқа. Әншілер әмбебап болуы керек. Түрлі әндерді айтуы керек деп ойлаймын. Негізі "той әні" деген түсінік дұрыс емес. Жеңіл ән деп қабылдаған жөн. Себебі әр әннің тыңдарманы, тұтынушысы бар.

– Негізі сіздің есіміңіз Ернар. Неге тыңдарманға "Әміре" деп танылдыңыз?

– Мен "DAR records" деген продюсерлік орталықта жұмыс істеймін. Олар "Әміре" фильмін түсірді. Бұл негізі үлкен IT компания. Сол компания мені шақырды. Бастығымыз маған "Әміре" боласың деп өзінің батасын берді. Оны жақсы қабылдадым.

– Өзіңіздің бойыңыздан Әміре Қашаубаевпен қандай да бір үндестік, ұқсастық көресіз бе?

– Ол – қазақ, мен – қазақпын. Ол кісі кезінде шет елге шыққан. Атамыздың  жолын берсін деген ырым ғой. Өкінішке қарай, сол кездегі саяси жағдайларға байланысты оның тағдыры тәтті болмаған. Бірақ бізге жақсы жағын берсін деген ниетпен сол атты қойды.

– Өзіңіздің вокал студияңыз бар ғой?

– Иә, вокал студиям бар. Кішкентай балақайлар, жасөспірімдер де, үлкен кісілер де бар. Сабақ беремін. Биыл өзім де Жүргенов атындағы өнер академиясын бітіріп жатырмын. Сосын магистратураға түсемін деген ойым бар. Жалпы өнер мен мұғалімдік-педагогтық жолды қатар алып жүргім келеді.

– Халықтың өзіңізге жазған пікірлерінің арасынан "Кезінде Димашқа да талай сын айтылған. Бірақ ол мойған жоқ. Қазақстанда өзіңді мойындату үшін міндетті түрде шет елде танылу керек" деген пікірге көзім  түсті. Расымен солай деп ойлайсыз ба?

– Көбісі Димашпен салыстырып жатыды. Димаш мен үшін феномен. Мені Димашқа теңеп жатқаны, әрине, ұнайды, жағымды. Димашқа өте қатты сын айталды. Менің естіп жүрген сыным оның жанында түкке де тұрмайды. Қазір халықтың да тәжірибесі бар ғой. Ажырата, салыстыра біледі. Димаштай болуды жазсын, Әміре атамыздай болуды жазсын.

Фото -

– Репертуарыңызға қандай әнді мүлдем қоспайсыз?

– Негізі осы уақытқа дейін көп ән айттым. Қатып қалған талабым жоқ. Бірақ "hard rock" жанрындағы әнді айтпауым мүмкін. Өткені ол өте ауыр музыка.

– Сізге үнемі қолдау білдіріп, ағалық-әпкелік қамқорлық жасайтын әншілер бар ма? Кімдерді айта аласыз?

– Бар. Әлишер Кәрімов, Сәкен Майғазиев, Алтынбек Рақметов ағаларым үнемі көмектесіп, қолдау көрсетеді. Маған ешқандай туыстық қатысы жоқ. Сонда да көмегін аямайды. Өзіңіз білесіз шоу бизнесте ағаң, көкең болуы керек. Бірақ менде ондай жоқ. Жақсы адамдар кездесіп жатыр алдымнан. Өзім қарапайым отбасынан шыққан баламын.

– Қандай музыкалық аспапта ойнай аласыз?

 

– 7 жыл бойы баян классында оқыдым. Баянда, фортепианода, гитарада ойнаймын.

– Дәстүрлі әндерді орындай аласыз ба?

 

– Дәстүрлі әндерді өте жақсы көремін. Құлаққап киіп, өзім жалғыз қалып дәстүрлі әндерді тыңдағанды ұнатамын. Көп термелерді, жырларды, насихат термелерді жақсы көремін. Дәстүрлі әнді айтқым-ақ келеді. Бірақ оны нақышына келтіріп айта алу керек деп ойлаймын. Айта алмасаң, мүлде айтпау керек.

– Әлеуметтік желідегі оқырмандардың көбісінің жазатыны да, сұрайтыны да бір сұрақ: "Қалаулымды" пиар үшін, танымал болу үшін қолдандыңыз ба?

 

– Жоқ олай емес. Пиар үшін қолданған жоқпын. Менің барған қызым артымнан түсініксіз әңгімелер айтты. Мен де шет жағасына қосылып едім, кейін араласпауды жөн көрдім. Қазір әңгіме басылып жатыр. Бірақ сонда да пікір жазатын адамдар бар. Негатив әсерін тигізді. Ең бастысы іспен дәлелдеу керек екен. Кейбір адамдардың неге соншалықты жаман пікір жазатынын түсінбеймін. Себебі, мен ол қызға үйленген жоқпын. Ол қыздың аяғын ауыр қылып, қалдырып кеткен жоқпын. Ақшасын алып, тастап кеткен жоқпын. Кездестік, болмады. Әке-шешем де оң пікірін білдірген жоқ, сосын қоя қойдым. 2-3 жылда шаңырақ көтеруім мүмкін. Бірақ  осыдан кейін жеке өмірімді құпияда ұстаған дұрыс деп шештім.

– Әміре, сұқбатыңызға көп рақмет! Алдағы халықаралық бәйге "Славян базарынан" жеңіспен оралуыңызға тілектеспіз.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер