«Қыз емес, қыздың аты – қызыл алтын,
Көрінер толған айдай жүзі жарқын
Үлкеннің алдын орап, сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білгін ізгі салтын», – деген өлең жолдары соның дәлелі.
Үлгілік пен өнегелік қазақ қызына тән қасиет!
Қазақ халқы қыз балаларының көрiктi болып өсуiне ерекше көңiл бөлген. «Аттың көркi – жалы, арудың көркi – шашы», – деп ұққан аналары қыздарының шашын дұрыстап күтiп өсiрудi өнер санаған. Шаштарын қос бұрым немесе бестемше етiп өру бойжеткен қыздардың көркi болған. Халық жырларында аруларды «Шашының ұзындығы iзiн басты» немесе «Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген», «Қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты», -деп сипаттаған.
Сондай-ақ, бойжеткен қыздардың киiм киiсiне де ерекше көңiл бөлген. «Адам көркi – шүберек, ағаш көркi – жапырақ», «Қыз өссе – елдiң көркi», – деп таныған халқымыз қыз балаларға қынама камзол, дүрия бешпет, кәмшат бөрiк, қос етек көйлек, биiк өкше етiк тiктiрiп кигiзген. Сырға, бiлезiк, шашбау, шолпы сияқты әшекей заттарды тақтырған. «Қыздың көзi – қызылда», -деген мақал да қыз баланың әшекей заттарға үйiрлiгiн бiлдiредi.Халқымыз қыздың көркiне ақыл-ойы, мiнезi сай болуын қалаған. «Қыз – қылығымен сүйкiмдi», «Қызым үйде, қылығы түзде», – деп, қыз тәрбиесiнiң ерекшелiгiне аса жоғары мән берген.
Міне, «Қазақ қызы!» Қандай қастерлі, қандай керемет! Ежелден ер азаматпен қатар түзде жауға қарсы найза ұстаған, үйде ошақтың берекесі болған, алыптардың анасы атанған Қазақтың қыздары киелі арулар еді ғой! Он мың әскерімен парсының патшасына қарсы тұрған Тұмар, даналығымен белгілі Айша бибі, Жиреншеге серік болған Қарашаш, жары дүние салғанда ошағын сөндірмей тағын ұстап, хандық құрған Айғаным ханым, жер мен су жарлыға берілсін деп ұрандаған Шолпан, Алма, фашистке қарсы қан майданда ерліктің қайталанбас үлгісін көрсеткен Әлия мен Мәншүк, еңбек майданында алға озған Кәмшат, Желтоқсанда ұлтым деп ұрандаған Ләззаттарың есімі ел тарихында алтын әріппен жазылып, олардың еселі еңбектері мен жанқиярлық ерліктері халқымыздың жүрегінде мәңгілік сақталып қалғандығы баршаға аян. Ал, бүгінгі егеменді еліміздің жарқын болашағы үшін қажымай-талмай еңбектеніп, ел халқының ықыласына бөлене білген,әрі бүгінгі ел тарихынан ойып тұрып алар орыны бар.
Қазақстанның бірінші ханымы, «Бөбек» қайырымдылық қорының негізін қалаушы, Сара Алпысқызы Назарбаева
Ел арасында Ел-Анасы атанып кеткен «Қазақстан – zaman» Халықаралық қоғамдық-саяси газеті ЖШС Бас директорының бірінші орынбасары, Қазақстанға Еңбек сіңірген қоғам қайраткері Сәуле Мешітбайқызы
Салт-дәстүрімізді насихаттаушы, әрі ұрпаққа айтар ұлағатты сөзімен, үлгі өнегесімен әйгілі Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова сынды аналарымызды бүгінгі елі, халқы мақтан тұтары сөзсіз. Бұл аналарымыз дөңгеленген дүниедегі, арпалысқан өмірдің талай-талай қиындықтарын бастарынан кешіріп, қажырлық пен қайраттылықты, сабырлық пен төзімділікті, инабаттылық пен ибалықты, кісілік пен кішілікті, игілік пен ізгілікті бойларына сіңіріп, нағыз қазақ халқының ұлттық тәрбиесімен сусындап өскен аға буын өкілдері. Өнегелі істерімен өзгелерге үлгі бола білген мұндай аналарымыз Аллаға шүкір елімізде баршылық.
«ҚАЗАННАН ҚАҚПАҚ КЕТСЕ – ИТТЕН ҰЯТ КЕТЕДІ!».. деген
Дүрбеленге толы дөнгеленген дүниенің шартарабында не болмай жатыр дерсіз. Бірінде соғыс өрті лаулап жатса, енді бірі зілзаланың зардабын тартып, үй күйсіз қалып тентіреген, бастарына пана іздеп босып жүрген халықты телеарналардың Әлем жаңалықтарынан күнде көріп, бүгінгі күнімізге Аллаға шүкір тәуба деп отырамыз. Біздің мұндай мамыражай бейбіт ғұмыр кешіп жатқанымыз, көреген Елбасымыздың салихалы саясатының арқасы екендігі баршамызға аян. Осындай мамыражай елдің, өмір сүріп отырған қоғамы да мұнтаздай таза болса екен деп тілейміз. Алайда, уақыт өткен сайын адамдар азғындап, ар-ұяттан айрылып бара жатқандығы әрине жанға батады. Бүгінде жан-жағына зер салып қараған адам, талай-талай былықтардың куәсә болары сөзсіз. Оған әр түрлі мысалдарды жүздеп келтіруге болады. Соған қарап ой түйе отырып, заманның да, адамдардың да азғандығын аңғарып қайран қаласың! Жоғарыда әңгімемізге арқау етіп отырған қыздарымыздың қазақ қызына жат берекесіздікке барып жатқандығы жүрегіңді сыздатып, көкірегіңді қарыс айырады. Қандай өкінішті! Қазақ халқы әлімсақтан-ақ, «Есті қыз етегін жиады», -деп қыз балаларының ашық-шашық киінуіне тиым салып келгенді. «Қызға қырық үйден тиым», -деп, қыз балалардың тәрбиесі үшін жазылған тиымды халқымыз бертінге дейін бұлжытпай орындап келгенді. Сол дәстүр, сол әдет-ғұрып, тәлім-тәрбие бүгіндері қайда кетті?! Жоғарыда айтқанымыздай қоғамымыздың ластануы, қыз бойжеткендеріміздің ар ұяттан безініп, берекесіздікке жол бергендігін қалай ақтауға болады? Сөзіміз дәлелді болуы үшін төмендегі суреттерге назар аударып көрелік.
Көгілдір аспанымыздың самалымен, биік шыңдарда желбіреуге тиісті тәуелсіздігіміздің көк туы, осылайша жалаңаш жалаңбұттардың қолжаулығы болғанын қалай түсінуге болады?!
Алматыда жартылай жалаңаштанған ауруларымыздың, ұлттық əшекейді жарнамалап тұрған түрі мынау! Осыларды қалай ақтауға болады?!. Әлемдегі мейір мен махаббаттың иелері аналарымыз, жарымыз, қыздарымыз екендігі баршаға аян. Ерлер біздер оларға мәңгі қарыздар екендігімізді де жақсы түсінеміз. Алайда, «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді», -деп бекерге айтпаған. Жетістіктің де, кемшіліктің де үлкен кішісі болмайды. «Ауыруын елемеген ажалынан бұрын өледі», -деп те бекер айтпаса керек. Мұны біз елемесек, ескермесек, айтпасақ, жөнге салмасақ ертеңгі қоғамымыздың сиқы не болмақ?! «Алдыңғы арба қалай жүрсе – соңғы арба да солай жүреді», -дегендей осыларды көріп өскен бүгінгі жасөспірімдерімізде қандай тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге болмақ?!
Түйін
Бұл бүгінгі қоғамымыздағы қыздарымыздың өнегесіздігінің бір парасы ғана. Осындай өнегесіздіктің кесірінен қаншама тастанды жетім балалардың өмірге келіп жатқандығы, кәмелетке толмай жатып, мектеп қабырғасында жүкті болып жатқан мыңдаған қыздарымыз жайлы мұнда сөз қозғамадық. Қалай айтсақ та, қалай ойласақ та бұл қоғамымыздағы ең қатерлі жағдай екендігін естен шығармай, мұндай берекесіздікке үзілді-кесілді тиым салуымыз керек. Әрбір отбасының берекесі де, әрі қоғамымыздың беріктігі де тек осы әйелзатымен тікелей байланысты екендігін ұмытпағанымыз жөн. «Аналарымыз бір қолымен бесігін – екінші қолымен әлемді тербетеді», – деген аталы сөз қайда?! Бүгінгі қыз бойжеткендеріміз – болашақ ана! Олай болса біз ел болашағын кімге тапсыратынымызды осы бастан ойлануымыз керек. Яғни, жасөспірімдеріміздің, жастарымыздың тәрбие жұмыстарына аса мән беріп, ұлттық тәрбиелік мәні бар қазақы салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды солардың бойына сіңіре білуіміз керек, ағайын! Міне, мен көңілімді күпті еткен осы бір жағдайды оқырман сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын. Бұған үкімет пен тиесілі билік өкілдері назар аударар деген үміттемін. Құрметті оқырмандарым, ендігі сөз кезегі өздеріңізде! Ойланыңыздар, толғаныңыздар, пікірлесіңіздер, ағайын! Отанымыз тыныш, отбасыларыңыз берекелі бақытты болғай!
©БАҒДАЛ АҚЫНҰЛЫ
ҚР Журналистер одағының мүшесі
Дереккөз: elana.kz