Ақпарат көзінің дерегінше, Еуроодақ азаматтығына ие Британ ғалымдары жаппай елден кетіп жатыр. Айталық, ондағы The Independent басылымы былтырдың өзінде Британиядағы оқу орындарынан 2300-дей профессордың кетіп қалғанын жазып дабыл қаққан. Мақалада, ауа көшуге Вrexit, оның ішінде шет елдіктердің құқығына қатысты беймәлім позиция себеп болып отыр, деп жазылған.
Британия ғылым академиясы: "бұлай жалғаса берсе, оқу орындарында сабақ беретін маман қалмайды" деп мәселе көтерген. Бәрінен де бұл үдерістен "Оксфорд" университеті зардап шеккен көрінеді. Мәртебелі оқу ордасын 230 профессор тастап кеткен екен. Бүгінде ол жерде Еуроодақ елдерінен барған 25000 оқытушы жұмыс істейді.
"Ал бұл уақытта Қытай білікті мамандарды тартуға барын салуда. Тіпті 10 жылға дейін визасыз қатынау енгізді. Осылайша қытай билігі дарынды 50 мың шет елдікті өз елдеріне тартуды көздейді" деп қорытындылаған Astana TV.