Күш лекциясы: Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Қажымұқан ұрпақтары тұңғыш рет бас қосты
24.09.2025, 10:04

Күш лекциясы: Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Қажымұқан ұрпақтары тұңғыш рет бас қосты

Бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының ұйымдастыруымен «Күш лекциясы» болып өтті.

Күш мәдениетін зерттеуші белгілі ғалым Абылайхан Қалназаровтың авторлық бұл жобасы – қазақ халқының күш пен қайсарлыққа негізделген мәдени мұрасын қазіргі заманға жеткізуді мақсат еткен бірегей бастама. «Күш лекциясының» өзегі – ел тарихындағы әйгілі алыптарымыз, баһадүр-балуандарымыз, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай сынды даңқты тұлғалардың өмір жолы мен игі мұрасын дәріптеу. Олардың жеңімпаз рухы мен ерлік өнегесі бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, рухани сабақтастықты жалғау.

 

Іс-шараға университет басшылығы, ғалым-оқытушылар мен студенттер, зиялы қауым, Қазақстан спортының абыройлы өкілдері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Оның ішінде КИНЕС рекордтар кітабының рекордсмены, қоғам қайраткері, «Тас палуан» атымен танымал Арман Сүлеймен және Иманжүсіп Құтпанұлы, Балуан Шолақ, Қажымұқан Мұңайтпасұлының ұрпақтары спикер болды.

 

Жиын ұйымдастырушы-модераторы, күш мәдениетін зерттеуші ғалым Абылайхан Қалназаров ең алдымен, осы басқосудың басқа басқосулардан ерекше екендігіне тоқталды.

«Талай дәрістер өткізіп жүрміз. Бірақ бұл жолғы «Күш лекциясының» артықшылығы – Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Қажымұқан сынды ұлы бабалардың ұрпақтарының араға ғасыр салып бүгін бір жерде, бір мезгілде кездесуі болып отыр. Ұлы баһадүрлер бұрын жұбын жазбай, қалай бірге жүрген болса, бүгін де немере-шөберелері жарасып, тамаша сұхбат құруда. Осының өзі қаһармандар шынжырының үзілмегеніне мысалы бола алады», - деп атап өтті.

Бұдан бөлек ол Ұлы даланың күштік тарихы мен балуан тастар жайлы ғылыми слайдын презентациялап, бірқатар зерттеулік жаңалықтарымен бөлісті.

 

Бұл ретте Иманжүсіп ұрпағы – философия ғылымдарының докторы, профессор Раушан Иманжүсіп (немересі): «Атамыздың әндері мен күші – тек өнер мен спорт емес, ол – ұлттың рухы. Біз осы рухты бүгінгі жастардың бойына сіңіре алсақ, қазақтың болашағы мықты болады» - деді.

Балуан Шолақ ұрпағы – айтулы азамат Шайдолла Шолақ (немересі):
«Балуан Шолақ халықтың намысын арқалаған азамат еді. Оның мұрасы – әділет, қайсарлық, отансүйгіштік. Сол қасиеттер бүгінгі буынға аса қажет. Бұл жиынның маңыздылығын мен осыдан көріп отырмын» - деп тұжырды.

Ал Қажымұқан Мұңайтпасұлы ұрпағы – «Қажымұқан-Батима (Надежда) атындағы қайырымдылық қорының» президенті Айкен Мұқан (шөбересі): «Қажымұқан атамыз әлем аренасында қазақтың атын танытты. Бүгінде біз де сол жауапкершілікті арқалап, оның аманатын ұрпаққа жеткізуге тиіспіз. Үш ұлы тұлғаның ұрпақтары – біз, мұның жауапкершілігін терең ұғынуымыз керек» деп, ағымдағы тәрбиелік мәселелерге назар аударуға шақырды.

 

Мұнан соң қазаққа тән күштік ойындар көрсетілген арнайы видео көрсетіліп, олардың Арман Сүлеймен орындауындағы үлгілері паш етілді.  Палуанның өзі де ізінше шеге ию, таға майыстыру, лом бұрау сынды бірқатар күштік ойындар көрсетіп, көрермен көзайымына айналды және жүрек пішініне келтірілген ол темірлерді көпшілікке сыйға тартты. Ол: «Күш – тек бұлшық еттің қуаты емес, ол – елдіктің, бірліктің, тәуелсіздіктің қуаты. Бізге күш мәдениеті арқылы ұлт болашағын тәрбиелеу міндет. Алайда күш дегенде білім мен ғылымның да күшін ұмытпау керек», – деді.

Бұдан әрмен сұрақ-жауапқа кезек берілді.

 

Айта кетейік, жиын соңында Арман Сүлейменге Айкен Мұқан Қор атынан «Ұлттық күш мәдениеті мен өнерін дамытуға ерен еңбегін сіңіргені үшін
«Даңқты палуан Қажымұқан Мұңайтпасұлының ізбасары»
атақ-дәрежесіне лайық деп танимыз» деген сертификаты мен куәлігі бар, тиісті жазуы бар алыптық белдігін тақты. Осы орайда Абылайхан Қалназаров та оған Академия атынан «Ұлттық спорт майталманы» атты төсбелгі тақты. Осы қатарда белгілі мәдениеттанушы ғалым Серік Ерғалиге де көкпар тақырыбы айналасындағы ізденістері үшін Академия атынан «Ұлттық спорт жанашыры» төсбелгісі тағылғанын айта кеткен жөн.

 

Іс-шара қорытындысында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Думан Рамазанұлы сөз сөйлеп, университет қонақтарына алғыс білдіріп, бағалы сыйлықтар табыстады.

Көпшілік осы кездесудің белгісі ретінде ортақ суретке түсті.

 

Айта кетерлік тағы бір жайт, «Күш лекциясы» жобасы бұған дейін Түркістан қаласында тұсауы кесіліп, Ақтөбе және Павлодар өңірлерінде табысты өткізілген болатын. Бүгін алғаш рет университеттер ішінде ЕҰУ-да өз жұмысын бастап отыр.  Жоба аясында алдағы уақытта еліміздің барлық өңір-аймағын, оның ішінде университеттерін қамтып қана қоймай, шетелдегі қазақ диаспораларына да өткізу жоспарланып отыр.

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер