"Көрікті мекен Көкшетау" брендін қалыптастыру керек – А.Қалназаров
05.06.2019, 14:40

"Көрікті мекен Көкшетау" брендін қалыптастыру керек – А.Қалназаров

Көкшетауда Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен "Интернеттегі ақпараттық соғыс" тақырыбында аймақ баспасөз хатшылары үшін өткізілген семинар-тренингте «United Citizens Fund» ҚҚ төрағасы, мәдениеттанушы-лингвист Абылайхан Қалназаров өңірдің имиджін көтеруге қатысты бірқатар ұсыныстар жасады, деп хабарлайды silteme.kz АА.

"Әр аймақтың өзіндік бренд капиталы болады. Бұл дегеніміз сол атыраптың оңды жақтары, мәдени-экономикалық мақтан тұтатын тұстары, тарихи мұрасы, басқаларда жоқ игіліктері. Міне, осыған анализ жасап, бүкіл плюстерді тізіп, соларға акцент бере білсеңіз, тек қана ұтасыз. Әрине, плюстермен бірге минустар да болады. Оларды да білген жөн. Яғни, ертеңгі күні сіздің асқан ыждақатпен қалыптастырып келе жатқан образыңызға қауіп қайдан? Оны да пайымдай білген артық етпейді. Оны жоюға тырыспай болмайды. Сонда ғана іс нәтижелі болады деп ойлаймын", - деді ол.

 

 

Сондай-ақ, А.Мамырайханұлы өңірдің имиджіне бұған дейін тигізілген зақымдарды қалпына келтірумен айналысудың маңыздылығына тоқталды. 

"Ішкі және сыртқы, перспективалар мен потенциал сарабын жасап қана қоймай, бұл жақ туралы республика жұртшылығы не ойлайды, әлеуметтік сауалнама жүргізу де пиаршыларға таптырмас көмек. Мұндағы басты тұс – ассоциацияларды анықтау. Меніңше, Ақмола облысы астық-бидай, Бурабай, тамылжыған табиғатымен қатар, осында жасаған тарихи тұлғалар тізбегіне баса көңіл бөлуі керек. Мысалы, мұнда айбынды ордасын құрып, билік еткен Абылайханды ту етіп көтеріп алсаңыздар, оның ұлттық масштабтағы орынына қарай отырып, өзге өңірлерден ұтымды позициада болар едіңіздер. Мұны мен есімім Абылайхан болғаны үшін айтып отырғаным жоқ. Аталған брендтің қуатын шамалағандықтан ұсынып тұрмын", - деп ойын сабақтады Қор төрағасы.

 

 

"Жалпы, менің көзқарасымда өңірдің имиджін өте қысқа мерзімде теріс полюстен оң полюске аударудың жарқын мысалын көрсеткен аймақ ретінде Оңтүстік Қазақстан, яғни, қазіргі Түркістан облысын айта аламын. КСРО кезінде "Бөліп ал да билей бер" принцпімен жүйелі түрде қалыптастырылған ең қазақы өңірдің негативті образы бүгінгі таңда толық еңсерілгенін байқаймыз. Екінің бірі Шымкентте, оңтүстікте болғысы келеді. Ол туралы барлық жерде сөз болып жатыр. Ақпараттық өрісте де динамикалық тұрғыда дамып жатқан прогрессивті аймақ ретінде көрініс тауып отыр. Бұл Берік Уәли, Жасұлан Әбдіхалықтардың кезінде басталып, оңды үрдіс әрмен қарай табысты жалғасын тапты. Атап айтқанда, аймақ имиджімен айналысқан азаматтар негізгі акцентті өңірдің позитивті жақтарына қоя білді. Халықтың қонақжайлығы, жердің байлығы мен әсем табиғаты, тарихи ескерткіштер, осында туылған, еңбек еткен қайраткерлерге басымдық берілді. Мұның соңы не болғанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Сауатты жүргізілген ребрендинг пен PR мол өнім беруде. Туризм ағынын айтпағанда, инвестициялық ағынның өзі таң қалдырады", - деді спикер.

 

 

Бұдан бөлек, ол бірінші кезекте не істеу керектігін айтты.

"Меніңше, сіздерге жұмыстың бірінші акордын аймақтың атаулық брендін қалыптастырудан бастау керек. Айталық, Жер жаннаты Жетісу, Жазиралы Жаркент, Шырайлы Шымқала, Саялы Сарыағаш, Киелі Түркістан, Қасиетті Қазығұрт деген өте сәтті қалыптасқан тіркестер мен атаулар деп ойлаймын. Сіздерге де осылай өз өңірлеріңізді позициялауға кім кедергі? Арқаның төріндегі осынау мекен – ауыз толтырып айтатын, ұялмай көрсететін жер емес пе? Жоқ емес, аргумент бар. Сондықтан да сіздерге "Ағы мол Ақмола, Көрікті мекен Көкшетау" брендтерін қалыптастыруды ұсынар едім. Әлеуметтік желілерде #КөріктімекенКөкшетау деп айдарлап, бүкіл жазба, фото-видеоларыңызды бір орынға топтаңыздар. Прессада да солай, бір портал ма, сайтқа ма, бір сілтемеге жұмыс жасаңыздар. "Көп түкірсе көл" демекші, көп болып, осыны әуелі облыс көлемінде қайталай берсеңіздер, барлық БАҚ-та жазып, айтып, көрсетіп, елдің көзі мен құлағын үйретсеңіздер, әлі-ақ бекіп кетеді. Елбасының "Ұлы Дала" деген эпитет-тіркесінің қалай тамыр жайып, халықаралық деңгейде тұғырланғанын көрдік қой. Сондықтан "Ұрыста тұрыс болмауы керек", - деп атап өтті А.Қалназаров. 

 

 

Айта кетейік, аталған шараға өңірдің бүкіл мекемелерінің баспасөзге жауапты мамандары мен баспасөз хатшыларынан бөлек, қала мен аудандардығы SMM мамандары, пиаршылар қатысты. Бұл аймақтың идеологиясын көтеруге сонау елордадан алдырылып, жақында тағайындалған Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Ғ.Шойкиннің қолға алып бастаған игі істерінің бір парасы ғана. Қазіргі таңда Ақмоланың мамандарының біліктілігін көтерумен қатар, заманауи ақпараттық технологиялармен жұмыс істеуге басымдық берілуде.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер