Жаһанданудың жойқын нөпіріне жалғыз-жарым қарсы тұру мүмкін емес. Түркі әлемі бұл тарапта не істей алады? Қазақтың өзі ұлттық даму жолын бауырлас елдердің тастүйін бірлігінсіз жасай ала ма? Мемлекет басшысы «Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қандай қатері болуы мүмкін? Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ретінде қарастыруда болып отыр. Алайда өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» деп ұлттық рухтың қадір-қасиетін ерекшелеп көрсетіп берді. Осы тұста кезінде әдеби, мәдени бауырластығы зор болған, біртіндеп бір-бірінен алыстай түскен түркі әлемінің өнер әлеуетін өз орнымен пайдаланып отырмыз ба деген сауалдың басы қылтияды. Қай жылы өзбектің атақты «Ялла» ансамблі қазақтың «Қараторғай» әнін аспанға шығарды. Енді міне, әлеуметтік желіде Юлдыз Османованың қазақтың халық әні «Дедімай-ауды» қандай керемет орындағаны таралып жатыр.
Осы ретте біздің Димаш өзбектің осындай бір халық әнін жақсылап шырқап берсе, шіркін! Бауырлас башқұрт, татар, түрік, қырғыз, түркімен, әзірбайжан ағайындармен де осындай өнер одақтастығы керек тәрізді… Түріктің Тарканы қазақтың, өзбектің әдемі әндерін орындап жатса, ғанибет емес пе? Түркі дүниесінің бірлігі туралы көп сөзді қойып, осындай әрекет-амалдармен өрнектейтін болсақ, бәріміздің ұпайымыз түгенделер еді-ау! Сол бірлікті әннен бастау керек. Ән – әлем жаршысы! ТМД төңірегіндегі түркітілдес елдердің бәрінде шығармашылық одақтар болды. Белгілі бір заманның, жүйенің сойылын соғып, соның итаршысы болды деген сыңаржақ пікірмен сол одақтардың потенциалынан мүлдем айырылып қалдық. Халқымыз «Өнерде – шекара жоқ» деген ғой. Бәлкім, жаңа заман, жаңа дәуір ыңғайында осындай қадам жасап көрсек, қайтер еді?!.
Мәселен, біздің «Мұзарт» тобы қалың түрік еліне барып, гастрольдік сапармен арнайы концерт қойса. «Ялла» Орталық Азия мемлекеттерін бір аралап өтсе… Таркан сияқты тарландар Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан елдерінің төрінде ән салса… Халық әндері – елдің баға жетпес байлығы. Димаш Құдайбергенов Қытайда халық әндерін нәшіне келтіре шырқағанда миллиард жұрттың жүрегін тербеді. Бұрынғыдай ел алыс, жер шалғай деп сылтауратудың реті жоқ. Интернет есігі ашық. Бүгінгі заманда кез келген қашықтық рөл ойнамай қалды. Осы кеңістікті рухани нәрі зор, тағылымы мол халық әндерімен толтыру мәселесі бауырлас елдердің бәріне ортақ мәселе. Осы орайда Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі бас болып, жаңа жобаны қолға алса! Түркі әлемінің рухани мәдениеті жаңаша түрленбес пе еді, сонда?!. Бүгінгі айтар ойтамызық осындай.
Нұртөре ЖҮСІП
Дереккөз: aikyn.kz