Қарапайым ғана мысал. Дүкенге балаңызбен кіріп келсеңіз, сұқ саусағын шошайтып баланың ананы да, мынаны да сұрай бастайтыны белгілі. Ал оған ол нәрселерді көрсетпесе, ол сұрамайды да ғой. Қасақана сатушылар да балаға «мынаны аласың ба, мынау ұнай ма» деген тәрізді ұсыныс-нұсқаулықтар беріп жатады. Қызыққан бала барлығын алғысы келеді. Ал балаңыз алмаса тағы да қиын! Жылап мазаңызды алары сөзсіз.
Қазіргі уақытта балалардың шектен тыс салмақ қосуына не себеп?! Тағы да жарнама себепкер. Өйткені баланың назарын аударар дәмді мен тәттінің жарнамасы балаға шектен тыс тамақты тұтынуға мәжбүрлейді.
Мәселен, америкалық зерттеушілер 6000 балаға жасаған 29 түрлі зеттеу жұмысының нәтижесін жария етіп, жарнаманың бала өмірі үшін зиянды екенін дәлелдеген. Әдетте, жарнама жолақтары барлық тұстан жамырап, атойлап тұратыны белгілі: теледидар, интернет, газет пен журнал, көше билбордтары, дүкен-базар, т.б. Зерттеушілер жарнаманы көп көрген, яғни жарнама жазулары көп тараған аймақта өмір сүретін балалардың артық калорияға бейім екенін анықтаған. Әсіресе, 8 жастан төмен балалардың жарнамаға деген әуестігі жоғары болып шыққан. Олар жарнамадағы кейіпкерлеріне қатты еліктеп, олардың іс-әрекеттерін жасауға тырысқан. Кейбір тағлымы мен тәлімі жоқ мультфильм кейіпкерлері шектен тыс тамақ жейтінін байқаған боларсыз. 4 жауынгер тасбақаның да сүйікті асы пицца емес пе?
Оның үстіне балалардың көпшілігі көгілдір экраннан көрсетілетін тағамдардың барлығын татып көргісі келетіндігін, дәл жарнамадағыдай қуанышты, көңілді көрінгісі келетіндігін айтқан.
Қатерлі ісіктің пайда болу себептерін ұзақ уақыт зерттеген доктор Элисон Кокс (Alison Cox): «Балалардың семіздікке шалдығуы қатерлі ісіктің, «аты жаман аурудың» бастамасы. Сол себепті балалар көретін телеарналардан тағам өнімдері көрсетілген жарнамаларды көп көрсетпеу қажет», – дейді.
Америкалық психолог С. Адамс Салливэн (S. Adams Sullivan) балаларды жарнамадан алыстату үшін келесідей тәсілді қолданып көруге кеңес береді. Ата-ана баламен бірге «сатушы – сатып алушы» рөліндегі ойынды ойнап көруі тиіс. Әрі бірнеше рет. Ойын барысында ата-ана балаға қажеті жоқ тауарды сатуға үгіттеп, көндіріп көруге тырысуы қажет. Ал бала болса, өз кезегінде ата-анасына пайдасы жоқ тауарды «өткізіп» көруге тырысады. Осыдан кейін бала жарнаманы тек ойын ретінде, пайдасыз әрекет ретінде қабылдап, өзінше ұйғарым жасауы мүмкін.
Дегенмен де, ең дұрысы – балаға теледидарды көп көрсетпеген, интернетке көп жолатпаған жөн. Мультфильмдерді, өзге де қызықты роликтерді интернет арқылы емес, компьютерге не планшетке жазып алып көрсеткен дұрыс. Сонда ғана сіз балаңызға беріліп отырған ақпараттан толықтай хабардар боласыз.
Слямбеков Қымбат
© tarbie.kz