«Паганинидің жесірі» немесе қиналып өлген әйел
29.11.2016, 15:58

«Паганинидің жесірі» немесе қиналып өлген әйел

Никколо Паганини виртуоз, композитор.

Италияның Генуя қаласында 1782  жылы  Антонио Паганини мен Тереза Боччардоның отбасында дүниеге келген. Әкесі баласының музыкаға қабілеті барын байқап, бес жасында мандолина, алты жасында скрипка үйретеді.  Болашақ композитор әкесінің қысымымен балалық шақтың не екенін сезінбей өсті. Үздіксіз жаттығулар үлкен өмірде де денсаулығының нашарлауына әсер етті. Талантты бала 8 жасында-ақ алғашқы туындысын жазып, әлемге таныла бастайды.

Паганини еркіндікті сүйді. Бұл пафоспен айтыла салған сөз емес. 1794 жылы  Генуяда алғашқы концертін өткізеді. Сонда жұртты еркіндікпен улайды. Әуендегі бұрын-соңды болмаған еркіндікпен! Ол 24 Каприччио жазады. Яғни, композитордың фантазиясын көрсететін еркін формада жазылған музыкалық туынды. 4-каприччиода сұлулықты әуенмен жеткізсе, 13- каприччиосынан әйел күлкісін естисіз. Төлқұжатына айналған 24 каприччиосы  өмірге деген құштарлықпен аяқталады.

Никколо 19 жасында алғаш рет махаббатын жолықтырады. Алайда, ол  жанына ауыр соққы боп тиіп, махаббаты туралы ешкімге тіс жармаған композитор одан кейін де көптеген сезімді бастан кешкенімен, дәл алғашқысындай жүрегі ауырмайды.

Ол скрипканы сүйеді. Әйтпесе: «Мен – скрипканың патшасымын, ал гитара менің патшайымым»,-демес еді. Денсаулығы мазалап, төсек тартып жатып қалатындықтан газеттер оның «өлімі» туралы жиі жазды. Бірақ  Паганини тірі еді. Төсегінде скрипкасы тұратын. Әлсірегеннен ойы шашырап, саусақтары әуенді сезінбей ме деп қорқып скриканы мүлде қолына алмаған, тек оның сиқырлы ішектерін сипайды. Оның скрипкасы «Паганинидің жесірі» атанған.

1824 жылдың көктемінде Паганини әуені қайта көктейді. Миланда, Генуяда, 7 жылдай Италиядан кетіп Венада, тіпті Германияда концерттерін өткізіп, халық қошеметіне бөленеді. Өз өнерінің өзгеге керек екенін сезінген Паганини осы сәттерде новаторлық туындыларын дүниеге әкеледі, дәл осы кезеңді композитор шығармашылығының шырқау шегі десек қателеспейміз. Ол 18 айда  30 қаланы аралап, 200 рет өнер көрсетеді.

Шіркеу гимнін жазудан түбегейлі бас тарған Паганиниге, «мейірімді» католиктер : «Жер бетіндегі бар игілік христиандықпен байланысты. Біздің дәуіріміздің музыканттары шіркеу гимндерін жазады. Моцарт ревиемі, Бахтың ораториясы бұған дәлел. Бірақ, осы жолмен жүрмейтін скрипкашы пайда болды. Паганини өзінің қылықтары арқылы, жербетілік ләззаттарға тоймауы арқылы адамдарды тозаққа бастап барады. Ол Христос сәбиді өлтіреді»,-деген жала жапса, концерттерінің бірінде көрермендер оның арқасында қара адам тұрғанын және скрипканы сол басқарып тұрғанын көргенін мәлімдейді.

Паганини жайлы  «жанын жынға сатқан», «жынмен келісім-шартқа отырған» деген қауесет тарайды. Бұл аңызға айналып, түрлі карикатуралар да салынған.

Аңызда Паганинидің скрипкасы қинап өлтірілген әйелдің ішегінен жасалған делінген. Ұлылардың соңынан ақиқат та аңыз да еретіні қалыпты құбылыс.

Өкпе ауыруынан азап шеккен Паганини 1839 жылы, 56 жасында Ниццеде өмірден озады. Газеттер әдеттегідей, бұл хабар қате деп үміттенетін жазды. Үміт ақталмады. Скрипкасымен адам жанын билеген, психикасына шабуыл жасаған батыр Никколо енді жоқ. Шіркеу «күнәһар» санап, «жаназасы» шығарылмаған  талант жер астына әуенін ала кетті. Өлімінен кейін бірнеше рет зират орны ауыстырылса да, оның қабірінен скрипка үнін естігендер көп. Бұл – мәңгіліктің әуені! Жүректегі жарылыстар мен көңілдің құлазуына жол бермейтін құдірет!

"Жігітінен қазақтың дос таба алмай,

Паганини, мен өзіңе мұң шағамын!"

Әлия Іңкәрбек

«Алауинформ»

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер