Осылайша кезінде бірнеше мәрте Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құрамаға қабылданғысы келген әрекеті сәтсіз аяқталған өзбекстандық қазақ Рио төрінде Өзбекстанның туын көкке көтеріп, Қазақстанға мықтылығын сөзбен емес, іспен дәлелдеді.
24 жастағы балуан Қазақстан ұлттық құрамасына алынатын кандидаттардың бірі болған еді. Өзбекстанның қазақтар көп тұратын Бостандық ауданында туған ол 2008 жылы Дәулет Тұрлыханов атындағы турнирде жеңіліп, бұл мүмкіндіктен айырылған екен.
Өзбекстанға 2010 жылы қайта оралған қандасымыз: "Шымкенттегі Саттарханов мектебінің түлегімін. Оқушы кезімнен Азия чемпионаттарына, әлем біріншіліктеріне баруды армандадым. Бірақ Қазақстан құрамасында орын табылмағандықтан, Өзбекстан азаматтығын алып, осы елдің чемпионатын ұтып, ұлттық құрамасына қабылдандым" - деп, сол кезде халықаралық жарыстарда Қазақстанның намысын қорғауға мүмкіндігінің болмағанына өкініш білдірген еді.
Жылдан-жылға шыңдалып, қарқынына қарқын қосып келе жатқан Елмұрат Тасмұратов әлемдік деңгейдегі спортшы. Соңғы жылдары Азия құрлығында бұл салмақта алдына ешкімді салар емес. Атап айтқанда, 2012 жылы Оңтүстік Кореяда күміс медаль иеленген қандасымыз 2013 жылы Үндістанда чемпион болса, бір жылдан кейін осы атағын Астана төрінде қайталады. 2015 жылы Катар елінде де қарсылас шақ келтірген жоқ.
Әлемдік деңгейде де жетістігі аз емес. 2013 жылы Будапеште өткен әлем чемпионатында ол Қазақстан ұлттық құрамасының балуаны, Лондон мен Рио Олимпиадасынан жүлдесіз қайтқан біздің Алмат Кебіспаевты жеңіп, қола медаль алды. 2014 жылы Ташкентте өткен әлем біріншілігінде де жүлдесіз қалмады - қола медаль ұтты. Өзбекстанда өткен бұл чемпионатта Қазақстан құрамасы жүлдеге жете алмай қалғанын білеміз.
Бір сұхбатында: "Ата-анам Астанада тұрады. Мен де Қазақстанға қайта оралармын. Бірақ қазіргі мақсатым – Рио-де-Жанейро Олимпиадасы. Соған дайындалып жатырмын", - деген Өзбекстан құрамасындағы қазақ балуаны осыдан төрт жыл бұрын Лондон Олимпиадасында кеткен есені (16-орын) қайтарып, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.
Иә, кезінде Қазақстан ұлттық құрамасы сырт айналған Өзбекстандағы қандасымыз халықаралық ареналарда көрші елдің мерейін өсіріп, абыройын асқақтатып жүр. Осы салмақтағы Қазақстанның №1 спортшысы өзіміздің Алмат Кебіспаевты талай белдесуде шыр айналдырып жүргенін жоққа шығара алмаймыз. Бүгін Рио-де-Жанейро Олимиадасында оза шапты.
Әрине, қазақ баласы әлемнің қай еліне барып тұрып, қай елдің атынан өнер көрсетемін десе де — өз еркі, оның жеңісі, қайткенде де, бар қазаққа ортақ қуаныш, ортақ абырой болары даусыз. Дегенмен, өз ұлдарымызды өзекке теуіп, басты спорттық дода саналатын Олимпиада ойындарына көптеген легионерлер апарып жүргеніміз өкініш тудырады. Осы жағы бізді ойлантуы тиіс. Әйтпесе, бүгін Елмұрат Тасмұратов Рио Олимпиадасында Қазақстан қоржынына қола медаль салар ма еді, кім білсін...
Айта кетейік, Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында грек-рим күресінен сынға түскен балуанымыз Алмат Кебіспаев екінші рет Олимпиада ойындарын жүлдесіз аяқтады. Ол жұбаныш белдесуінде бірінші алты дүркін әлем чемпионын, бір дүркін Олимпиада чемпионын ұтып, мадальға жақындай түскенімен, қола медаль үшін соңғы шешуші сында норвегиялық балуаннан ұтылып қалды. Алғашқы іріктеу сындарында бірінші Грузия балуаны Зураб Датунашвилиді 2:0 есебімен жеңген болатын. Алайда екінші белдесуінде, яғни 1/8 финалда ол Шинобу Отадан 6:0 есебімен жеңіліп қалған еді. Бұл сайыста жапониялық балуан финалға шығып, нәтижесінде одан жеңілгендер жұбаныш белдесуіне мүмкіндік алған-ды. Ал бүгін тағы бір грек-рим күресінен 75 келі салмақта сынға түскен Досжан Картіков те ширек финалдан өте алмай жарыс жолын медальсіз аяқтады.
Жасұлан МӘУЛЕНҰЛЫ
Дерек көзі: qazaq1913.kz