Ноғай Ордасы ХІV ғасырдың соңына қарай Алтын Ордадан бөлектене бастайды да, Әмір Едіге тұсында мемлекет ретінде қалыптасуы жалғасып, оның ұлы Нұреддиннің кезінде (1426-1440ж.ж.) аяқталады делінген тарихта. Ноғай Ордасы мемлекетінің орталығы Жайық өзенінің төменгі ағысындағы Сарайшық қаласы болыпты. Ноғайлар оңтүстік-шығысында Каспий мен Арал теңіздері өңірі, солтүстік шығысында Батыс Сібір ойпаты, Түмен қаласына дейін, солтүстік батысында Қазанға дейінгі аумақты иеленген. Ордада саны жөнінен үстем тайпа – маңғыттар болған. Халқының құрамына маңғыттармен бірге қоңырат, найман, қаңлы, алшын, қыпшақ, кеңгерес, қарлұқ және өзге де тайпа рулардың бөліктері енген.
Бұлардың бәрі Орта Азия мен Қазақстанның кең аумағына ХІІІ ғасырға дейінгі буырқанған оқиғалар (шығыстан батысқа орын ауыстыру, кейін қыпшақ-оғыз қырқысы, оған жалғасатын Шыңғыс хан шабуылы) бытыратып, араластырып жіберген түрік және түркітілдес тайпалар мен рулар болатын. Алтын Орданың қираған тамтығынан жиналған Ноғай Ордасын мекендеген тайпалар қазақ хандығы қалыптасуының күрделі процесіне тікелей қатысты.
Тұрғындар негізінен мал өсіріп, оларын көрші елдерге сатумен айналысты. Ноғай Ордасы дербес мемлекет болысымен бір кезгі Алтын Орданың байлық көзі болған сауда керуен жолын жолға қойды. Бастапқыда Ресей, Хиуа, Хорезм сияқты жақын елдерге шықса, уақыт өте алыс шетелдерге де керуендер жүргізген. Ұлы Жібек Жолы бойындағы «Ноғай жолы» деген атау осы кезде шықса керек. Кезінде Ресей, Қырым, Орта Азия мемлекеттері де санасқан Ноғай Ордасын Ер Едігенің ұрпағы Нұреддин-Охас-Мұса-Жаңбыршылар басқарып, экономикасын дамытты, қуатты күшке айналдырды.
Тарихта ғасыр жарымнан артық дәуірлеген Ноғай Ордасы ХVІ ғасырдың екінші жартысы кезеңінде елді басқарған Едіге ұрпақтарының (Жүсіп пен Исмайыл билердің) билікке таласып, өзара қырқысуынан әлсіреп, көрші Ресей еліне жем болады.
Кезінде, ХІІІ-ХІV ғасырлардағы шығыстың сәулет өнерінің соңғы жетістігімен салынған Сарайшықтағы Хан Ордасы, ондағы сән-салтанаты асқан ғимараттар талқандалды. Ер Едіге негізін қалаған Ноғай Ордасы мемлекеті, дәлірегі Үлкен Ноғай Ордасы, оның астанасы болған Сарайшық қаласының талқандалып тоналуымен 1573 жылы өмір сүруін тоқтатты. Еділ өзенінің батыс бетінде қалған Ноғайлы халқының қалдығы бүгінгі күні Ресейдің құрамында Ставрополь өлкесінде, Дағыстан жерінде және Чечен-Ингушта өмір кешуде.
Едігенің ұрпақтары туралы, М.Тынышпаевтың (История киргиз-казахского народа А-1925 г) деректеріне сүйеніп қысқаша әңгімелесек: Едіге-Нұреддин-Оқас-Мұса. Ноғай Ордасының кемеліне келген кезі Мұса мен оның інісі Жаңбыршының ел билеген кезеңіне сәйкес келеді дейді тарихта. Мұсада 30 ұл болған дейді М.Тынышпаев шежіресінде. Сол көп ұлдарының бірі Мамай мен немересі Орақ ертедегі «Орақ-Мамай» дастанының кейіпкерлері. Ал, Орақ батырдың қос ұлы Қарасай мен Қазы туралы ел аузында «Қарасай-Қазы» дастаны жазылған. Мұсаның бір ұлы Алшы Смайылдың немересі Орманбет би – кешегі Үлкен Ноғайлының соңғы биі, ХVІ ғасырдың аяғында дүниеден өтті. Мұсаның інісі Естеректің 1604 жылы Астрахан маңы даласында, Еділдің төменгі сағасында көшіп жүрген ноғайлардың басшысы болып тағайындалғанын тарихтан білеміз. Тарғын батыр – халық аузындағы «Ер Тарғын» дастаны кейіпкері –осы Естеректің ұлы. Бұлар атасы Едіге құрған мемлекетті көздің қарашығындай қорғады, экономикасын дамытуға бар күш-жігерін жұмсады.
Кейбір тарихшылар «Едіге ұрпақтары атасы өсиетіне адал бола алмады, өзара билікке таласып, мемлекетті құлатты» деген пікірде. Бұл пікір Едігенің соңғы ұрпақтары билікке таласып, бауыры Жүсіпті өлтіртетін Ысмайыл жөнінде айтылған деп ұқсақ орынды болар.
Тоқтамыс пен Едігенің өлтірілуі
Тоқтамыс қашып жүріп тағы да қол жинауға кірісті, таққа таласын тоқтатпады. Ал ол Алтын Орда тағына қайта отырған күнде Әмір Темір тағы да шабуыл жасар еді. Тоқтамыс тірі тұрғанда Алтын Орда халқына тыныштық болмайтынына көзі жеткен Едіге, оны өлтіру үшін соңына түседі. Едіге Тоқтамыспен 1406 жылы Тар өзенінің Ұлы Ертіске құяр тұсында кездеседі. Тоқтамыс жанындағы жасағының саны аз болғандықтан, олардың қанын босқа төкпейін деп, Едігені жекпе-жекке шақырады. Едіге жекпе-жекте Тоқтамысты қанжар сұғып өлтіреді. Артынан келген жасақ сарбаздары қызыл қанға боялған қардың үстінде ақ шалған басын қос қолдап қысып, жалаңбас отырған Едігенің «…досым, кешіре гөр мені», – деп сыбырлағанын есітіпті. (Орынбай Жанайдаров «Тоқтамыс хан», «Аруна» баспасы 2008ж.).
Сөйтіп, Едіге байлық не билік үшін емес, халқының бейбіт өмірі үшін бір кезгі досын құрбан етеді. Тоқтамыстың денесі Ұлытаудың бір шоқысына қойылыпты дейді аңызда. Тоқтамыс өмірден өткенмен, оның ұлдары хан тағына таласуды тоқтатқан жоқ. Сондай бір қақтығыс үстінде 1419 жылы Тоқтамыстың кенже ұлы Қадірберді жасағымен ұрыста Едіге ауыр жараланып, қолға түседі, Қадірберді әке кегін қайтарады.
Ибн-Арабшахтың дерегінде «…Едіге Сарайшық маңында ауыр жараланып, суға кетіп өлді. Денесі судан алынды», делінеді. Замандасы Мысыр тарихшысы әл-Айни да осы деректі растайды.
Тарихшылар Едіге жөнінде
Жеке бір тарихшының сипаттауымен Едіге сынды халық батырының бейнесін жасау жаңсақтыққа ұрындыруы мүмкін. Мысалы: «…Едіге бәрін де жеке басының мүддесіне құрбан етті. Дешті Қыпшақ мемлекетін құлатты, мұсылман қауымын енді қайтып бастары қосылмастай етіп таратты. Темірланмен бірігіп, мұсылмандарға көп жапа шектірді» деген пікір Едіге жөніндегі өзге деректерге қарама қарсы мағынада (ХХ ғасырдағы татар ғалымы Ризаэтдин Фахретдин 1908 жылғы «Шура» журналындағы «Мырза Едіге» мақаласында).
Осындай кереғар деректердің әсері болар, кезінде ел құрметтейтін тарихшылар М.Тынышпаев «Ертегідегі Едіге мен тарихтағы Едіге» еңбегінде, Р.Бердібаев «Едіге батыр жыры туралы» еңбегінде Едігені Алтын Орданы құлатуға қатысты деп санаған. Бұл пікірдің жаңсақтығына Е.Мағауин «Едіге» еңбегінде (А-93,8-бет) дәлелдер келтіреді.
Едігені көзбе-көз көрген, замандасы Ибн-Арабшахтың дерегінде «Едіге — өзінің табиғатында бейбітшілік сүйгіш, әділетті, халыққа мейірімді адам болған. Ораза, намазын қаза қылмаған. Шариғат амалдарын орындай жүріп, ғылым-білім, өнер туралы кітаптарды да жиып, оқып-біліп отырды. Сөзін тыңдайтын достары мол еді», делінеді.
Тарихи деректерде Едігенің елді соғыссыз, бейбіт жағдайда ұстауға күш салғандығы айтылады. Өзінен өзгенің күшейгенін көре алмаған Әмір Темір Алтын Орданы 1398 жылы және 1403 жылдары қайталап шабуға дайындалғанда, ол кезде белгілі мөлшерде әскери күш жинаған, елінде үлкен беделге ие Едіге тарту-таралғыларымен елшілер жіберіп, қанқұмар Темірді бетінен қайтарып, елін қырғыннан аман алып қалған. 1395 жылы Әмір Темір салған қырғыннан кейін Алтын Орда халқының тірі қалғанын аштықтан құтқарған да Едіге еді ғой. Ол Алтын Орда көлемінде адамды құл ретінде сатуға тиым салған. Алтын Орданың қалыптастырған тәртібін бұзып, тиісті салықты мерзімінде төлемеген орыс княздерін күшпен де, айбарымен де иліктіріп (1408 жыл) жөнге салған да осы Едіге (Татар ғылымы Фатых Орманшының зерттеулерінен).
1991 жылдың қоңыр күзінде Ставрополь өлкесіндегі, Дағыстан, Чечен-Ингуш, Астрахан облысы, қарашай-шеркештегі ноғайлы халқы «Ер Едіге» жырының, сондай-ақ, Едіге негізін қалаған Ноғай Ордасының 600 жылдық мерейтойын үлкен мереке ретінде атап өткенін баспасөзден оқыдық. Халық жүрегінде ұялаған Едіге – тек ноғайлы жұртына ғана емес, барлық түркі халықтарына да ортақ, етене жақын халық батыры. Оның ерен ерлікке толы өмір жолы мен халқы үшін жасаған жанқиярлық еңбегі түркітектілердің ұрпағына ғасырлар бойы үлгі болып қала бермек.
Біздің мақсатымыз бұрыннан барды қайталау емес, Едіге батыр мен Тоқтамыс хан арасындағы жауласудың түпкі себептерін, тарихи деректермен ашып, Едігенің шын мәнінде елінің қамын жегеніне дәлелдер келтіріп, кейін екеуінің бір тау басына жерленуіне қисынды жауап іздеу болатын.
Е.Мағауин өзінің «Едіге» еңбегінде («Айқын» баспасы-1993ж.) «…өмірінің соңында Едіге мені де осы (Тоқтамыс жатқан) таудың басына қоярсыңдар» депті» деп жазады.
«Едіге өмірінің соңғы кезінде өзінің ескі жауларымен кешірісуді, достасуды ойлап, ұсыныс жасайды. Ол Литва князі Витовтке біршама бай сыйлықтарымен елші жіберіп, өзінің достық қолын ұсынады. Өздерінен кейін ұрпақтары жауласпай, бейбіт достықта болсын дегені ме?» деп жазады автор Бийке Құлыншақова «Едіге» мақаласында («Ногайский вестник» №3, август 2012г.).
Осы автор Едігенің замандасы, оны көзбе-көз көрген, Берке Сарайында бірге болған Ибн-Арабшахтың ол жөніндегі естелігін келтіреді: «Ақылы кемел, асқан жомарт, аңғарымпаз да тапқыр, ғұлама оқымыстыларды сыйлаған, мәрт азаматтарды қастерлеген, пақырларға мейірімді, имандыларға қайырымды, ораза, намазын берік тұтып, шариғат жолын адал ұстанған. Алланың аяты мен Пайғамбардың хадисін көкірегіне түйген адам еді».
Бұл естеліктен Ер Едігенің жүрегінде имандылық ұйыған мұсылман екеніне көз жеткіземіз. Ал мұсылманның өмірлік ұстанымы: мұсылман мұсылманға дос, жолдас, бауыр болатын-ды.
Ақыл-ойы осы асыл қасиеттермен байытылған Едіге өзінен кейінгі ұрпағына «қантөгісті, кек қуысуды тоқтатыңыздар, достықта, бейбітшілікте өмір сүріңдер. Сол бейбіт өмірлеріңнің басы Тоқтамыс екеуміздің бір тау басына жерленуіміз болсын!» деп өсиет қалдырған десек шындықтан алшақ болмас.
«Дешті Қыпшақ ерені» авторы Сабырбек Олжабай: «…Ер Едіге отаншылдық атты ұлы сезімді оятатын алып тұлға, Едігедей ері бар қазақ бақытты», деп аяқтапты еңбегін. Біз де автор сөзіне қосылдық.
Өзін Тоқтамыс ханның жанына жерлетуін мына дүниені ұстап тұрған адамдар арасындағы жауыздық, өшпенділік емес, ынтымақ, бірлік, достық пен сыйластық екенін жанымен сезінген халқының адал перзенті Едіге батыр ұрпағына бейбітшілік пен достықта болуды өсиет еткені деп түсіндік. Ел қамын жеген Едігенің тау басында жатуы ұлтымыздың ұясы атанған Ұлытауымыздың ұлылығын одан әрі асқақтатып тұрғандай.
Тақырыпқа іздену барысында қолымызға түскенмен, пайдаланбаған кейбір көңіл аударарлық деректерді Алтын Орда, Ноғайлы тарихынан хабардар оқырмандарымыздың қаперіне бергенді жөн көрдік: «…Тоқтамыс ұлы Қадырбердінің жасағы Еділ бойында Едігемен кездесіп, оны қолға түсіріп, өлтіреді. Қабыры Қажытарханның (Астрахан) шығыс жағында», деп, мына дерекке сілтеме жасапты (Тулфих әл-Ахбар» Ж 1 бәйіт 654) Н.Қазыбек «Алтын Орданың құрылуынан құлауына дейін» еңбегінде Алматы «Рауан» -1998ж.).
Е.Мағауин «Едіге» еңбегінде («Айқап» баспасы 1993ж.) «…Араб тарихшысы Ибн-Арабшахтың дерегі бойынша Тоқтамыс 1406 жылы Түмен жақта Едіге қолынан қаза табады. 1869 жылғы «Тоболские губернские ведомости» газетінің 23-санындағы хабарда сол маңдағы (Түмен маңы) бір қорымды жергілікті мұсылман қауымы Тоқтамыс ханның моласы деп қастерлейді екен», деген дерек келтіреді.
Келесі бір дерек: «Бұл (Едіге тауының басы) – аманат орны. Бұнда Едіге батырдың денесі бір жыл сақталған. Себебі, биік таудың басы салқын болады, мүрде бұзылмайды. Бұнда ол өз өсиетімен туып-өскен топырағы Құмкентке, Жылыбұлақ жағасына, Баба Түкті Шашты Әзиздің қасына апарып жерлеу үшін апара жатқанда аманат есебінде тұрған, бұл да мола есепті. Ал, Едіге батырдың сүйегі Құмкентте жерленген», депті көзі тірісінде-ақ әулие атанған ғалым-қаламгер Мәшһұр Жүсіп Көпеев», – деп жазады тарихшы Сабырбек Олжабай өзінің «Дешті Қыпшақ ерені» еңбегінде.
Зерттеуші-тарихшылар бұлардан өзге де тың деректер тауып, біздің қорытындымызды түзетіп жатса, құба-құп. Ортақ мақсатымыз – көпшілікке шынайы тарихты жеткізу ғой.
Жанұзақ Ғизатов, «Хан Ордалы Сарайшық» мұражай қорығының аға ғылыми қызметкері.
Нұрсұлу Раймова, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай-қорығы директорының орынбасары.
Дереккөз: sharayna.kz