ОҚО ІІД-нің хабарлауынша, Арыс қаласының тұрғыны КамАз автокөлігінің жүргізушісі қарсы қозғалыс бағытына шығып кетіп, Volkswagen Passat автокөлігімен соқтығысып, содан кейін оқиға орнынан қашып кеткен.
Жол апаты салдарынан оқиға орнында Volkswagen Passat автокөлігінің 5 жолаушысы қаза тапты: 1988, 1997, 1998 жылдары дүниеге келген үш қыз және 2001, 2002 жылдары туған тоғызыншы сыныптың екі оқушысы. Қаза тапқандар Шардарада өтетін мерекеге қатысуға кетіп бара жатқан әртістер болатын.
Жарақат алған жеңіл автокөлік шопыры аудандық ауруханаға жеткізілді. Жедел іздестіру шараларының барысында Арыс АІІБ қызметкерлері қашып кеткен шопырды құрықтап, уақытша ұстау изоляторына қамады. Сараптама нәтижесі бойынша 57 жастағы ер адамның орташа деңгейде мас болғаны анықталды.
Бұл факті Арыс АІІБ СТБР-не екі бап бойынша тіркелді: 345-бап "Жол қозғалысы ережелерін бұзу немесе көліктік құралдарды басқарушы тұлғалардың көліктік құралдарды басқару ережесін бұзуы" және 347-бап "Жол апаты болған жерден кетіп қалу".
Екі автокөлік айыппұл тұрағына әкелінді. Бірнеше сараптама тағайындалған. Сот алды тергеу ісі жүргізілуде.