Дәурен Абаев, ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі
Әлеуметтік желіде өзінің белсенді қызметі мен берік ұстанымы арқылы өзекті мәселелерге үн қосып, өз ойын екі тілде жазып отыратындардың бірі – Дәурен Абаев. Facebook желісінде ҚР ақпарат және коммуникациялар министрінің 12 мыңнан астам оқырманы бар. Министр өз парақшасында ақпарат саласындағы шешімдерін жариялайды. Жыл басында БАҚ туралы заңға енгізілген өзгерістерді желі қолданушылары біршама талқылаған еді. Түрлі сыни пікірлерге жауап қайтару үшін Дәурен Абаев Facebook-те видеоүндеу жасап, заң жобасына қатысты түсініктеме берді.
Айта кетейік, министр Абаев Facebook желісіне 2016 жылдың мамырында тіркелген. Сол уақыттан бері әлеуметтік желіде әжептәуір танымалдыққа ие болды.
Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР мәдениет және спорт министрі
Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің Facebook-тағы парақшасын 2016 жылдың соңына таман ашқан. Бүгінде желі қолданушылары біршама жаңалықты министрдің жеке парақшасынан көріп, біледі. Сонымен қатар қоғам талқысына түсіп, желіні шулатқан бірқатар мәселелерге қатысты да министр өз парақшасы арқылы пікірін білдіріп, позициясын айқындап отырады. Арыстанбек Мұхамедиұлының Facebook-та 1000-нан астам оқырманы бар.
Әсет Есекешев, Астана қаласының әкімі
Астананың әкімі Әсет Есекешев –Facebook желісін өте белсенді қолданатындардың бірі. Әлеуметтік желіге тіркелген басқа шенеуніктермен салыстырғанда, ең көп оқырман да Елорда басшысында. Бүгінде оны 38 мыңға жуық желі қолданушысы бақылап отырады. Астана әкімі Facebook-тағы парақшасын 2008 жылы ашқан. Ол өз парақшасында үнемі қаланың тыныс-тіршілігінен оқырмандарын хабардар етіп, Елордадағы құрылыс нысандарының жұмысына қатысты жаңалықтарды бөліседі. Сонымен қатар жұмыс бабымен барған іссапарларын да жазып отырады. Ресми мәліметтерден бөлек, Әсет Есекешев қалада орын алған оқыс оқиғалар, жол апаттары немесе басқа да келеңсіз жағдайлар туралы айтып, оқырмандарынан туындаған қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды. Қала әкімінің тағы бір ерекшелігі, ол Facebook-та саясатқа еш қатысы жоқ КВН, футбол ойындары жайында да сөз қозғағанды жақсы көреді. Сондықтан шығар, Астана басшысына желі қолданушылары ыстық ықыластарын білдіріп жатады. БАҚ-тарда келтірілген деректерге сүйенсек, Әсет Есекешев әлеуметтік желіде Астананың тазалығына байланысты сауалдарға тез жауап қайтарады екен.
Жеңіс Қасымбек, ҚР инвестиция және даму министрі
Жеңіс Қасымбек өз парақшасында көбінде министрліктің атқарған жұмыстары мен оның нәтижелері жайында жазады. Елдегі қуанышты хабарларды сүйіншілеп отырғанды да ұнатады. Министрдің парақшасынан Олимпиададағы жеңістер, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының оң нәтижелері, Елбасы жолдауы туралы посттарды көптеп кездестіруге болады. Жеңіс Қасымбек негізінен экономикаға қатысты сөз қозғап отырады. ҚР инвестиция және даму министрінің желіде 4300-дей оқырманы бар.
Бекболат Тілеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
Басы даудан арылмайтын, қоғамдық өмірдің бел ортасында жүрген Бекболат Тілеуханов та – Facebook-тың өте белсенді қолданушысы. Мәжіліс депутаты әлеуметтік желідегі парақшасында көбінесе жастарға, халыққа үлгі боларлық ғибратты әңгімелер мен жазбалар қалдырып, танымдық фото, видеолармен бөлісіп отырады. Сонымен бірге қоғамда өршіп тұрған өзекті мәселелерге қатысты өз ойын желі арқылы жеткізеді. Бекболат Тілеуханның Facebook-та 5 мыңнан астам оқырманы бар.
Алик Шпекбаев, Мемлекеттік қызметтер және жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасы
Мемлекеттік қызметтер және жемқорлыққа қарсы агенттік төрағасы өткен жылдың соңына қарай Facebook-ке тіркеліп, жеке парақшасы бар шенділердің қатарына қосылды. Алик Шпекбаев бір күннің ішінде 1800-дей оқырман жинап алған. Қазір оны оқитындардың саны 5500-ге жуықтаған.
«Бүгінде креативті ойлай алатын адамдардың пікірі біз үшін аса маңызды. Ал Facebook желісі кез келген адамның дауысын ести алуға таптырмас мүмкіндік береді, сондықтан осы жерде өзімнің жеке парақшамды ашып отырмын», - деп жазды Алик Шпекбаев. Агенттік төрағасының бұл постына біршама пікірлер жазылды. Өз парақшасында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің атқарып жатқан жұмыстарымен бөлісіп отыратын шенеуніктің әр посты желіде қатты талқыланады.
Бағдат Мусин, ҚР Бас прокуратурасының арнайы есеп пен құқықтық статистика департаментінің басшысы
Бағдат Мусин Facebook-тағы парақшасында мемлекеттік қызметкерлердің жұмысына қатысты өз пікірін ортаға салып, желі қолданушыларымен бірге талқылағанды ұнатады. Сонымен қатар өзі оқыған кітаптар жайында ой қозғап, алған әсерімен де бөлісіп отырады. 2017 жылы аталмыш желіде өз парақшасын ашқан Бағдат Мусин жалынды һәм мотивациялық сөздерге құмар. Оның 16 мыңға тарта оқырманы бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы
Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Facebook желісіне қарағанда Twitter желісі қолдануға өте ыңғайлы деп есептейді. Шенеуніктің Twitter-дегі посттарын 160 мыңнан астам оқырман көре алады екен. Саясаткер аталмыш желіде әлеуметтік-саяси оқиғалармен бөлісіп отырады, оқта-текте өз пікірін жазып қалдырады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың латын әліпбиіне қатысты жазған посты желі қолданушылары арасында кеңінен талқыланып, ең көп пікір жазылған жазбаға айналды. Дәл сол мезетте латын әліпбиінің апострофпен жасалған нұсқасына қатысты желіде шу шығып жатқан болатын.
Сонымен, әлеуметтік желіні белсенді қолданатын билік өкілдерінің тізімі осындай. Айтпақшы, бір кездері Facebook-та тұрақты қолданушысы болып, кейін парақшасын қараусыз қалдырған шенділер де жоқ емес. Кәрім Мәсімов ҰҚҚ төрағасы қызметіне сайланғаннан бастап желіде қандай да бір пост жазуын тоқтатқан болса, оның орынбасары Дәулет Ерғожин қызметке тағайындала салысымен өз аккаунтын мүлде өшіріп тастаған.