Адамды кешіру керек пе? Керек! Себебі:
1. Реніш – тек өзіңізге тиесілі күй. Реніш пен өкпе арқылы адамның бойында үлкен стресс, яғни узақ уақытқа созылмалы уайым жүреді. Бұл уайымды қадағаламаса, қан қысымының көтерілуі, жүректің қатты соғысынан бастап күрделі ауруларға әкелетіндігі сөзсіз. Сіздің ішіңізді жегідей жеп тауысып жатқан күй, тек өзіңізге ғана тиесілі. Ал, сіздің ренішіңізді білгенімен, өзіңіз өкпелеген адам бұл күйді тап сіздей сезінбейді. Көп жағдайда ол адамға түк те болмайды. Реніштің барлық кеселі мен зардабын тартатын тек өзіңіз! Сонда бұл күйіңізден кімге зиян, кімге зауал? Ойланып көріңіз!
2. Жауапты сіз ғана! Сізді қызыңыз не жігітіңіз сатып кетті, көршіңіз алдап кетті, басшылық уәдесінде тұрмады, әкеңіз тастап кетті делік және т.б. Бұл жерде сізге өзімнің басты қағидамды ұсынар едім. «Ешкімнен ешнәрсе күтпе, Құдайдан күдеріңді үзбе!» немесе «Бұл өмірде саған ешкім ешнәрсе міндетті емес». Сатып кетті ме? Сенген өзіңіз! Өтірік айтты ма? Сенім тудыра алмаған — өзіңіз! Ұрлап кетті ме? Қырағылық танытпаған өзіңіз! Көңіліңізді қалдырды ма? Адам тани алмаған – өзіңіз! Бұл қатынастан көп күткен — өзіңіз! Көп берген — өзіңіз! Жақсылығыңыздың қайтарымын күткен тағы да – өзіңіз! Көңіліңіз түсіп кеткен шығар. «Неге мен? Ал ол ше?», «Сонда әділеттілік қайда?» дейсіз ғой. Жақсы жаңалық! Сіздің көңіліңізден шығатын бір идея бар. Әр адамның өзінің бір сенетін құдыреті бар. Оны Алла, Құдай, Өмір, Тағдыр тағы басқа делік. Біз жалпыға ортақ Құдай деп алайық. Сізге қастандық жасаған, сізді ренжіткен адамның жамандығы ол ешқайда кетпейді. Ол сол адамның сізге жасалған теріс әрекеті болғанымен, ол тек сол адамның Құдаймен қарым-қатынасы ғана. Сол сияқты сіздің ағыңыздан жарылғаныңыз, жақсылықты төккендігіңіз, адам баласына сеңгендігіңіз де ешқайда кетпейді. Ол сіздің Құдаймен қарым-қатынасыңыз. Сіз Құдайдың алдыңда, өз арыңыздың алдында тазасыз. Сіздің жақсылық қорыңыз көбеюде. Демек, қайтарымы бар. Сол үшін ренішіңіздің себепкерін босата салыңыз. Оны өз әлеміне тапсырыңыз.
3. Кешіру арқылы бақытты өмірге қадам. Санасы өкпе-наладан босаған адамның өмір сапасы бірден артады. Себебі, ол адам өткен өмірінен босап, еркіндікке қадам басқан адам. Оның мойныңда өткен күннің жүгі тұрмайды. Шешім қабылдау кезінде де ол адамның санасы барлық кек пен ызадан босаған ашық болады. Және неғұрлым адам кешірімшіл болса, соғұрлым ол өз-өзіне сенімді, мықты бола түседі. Себебі, ол «реніш» атты үлкен қамалды бұза білді. Ал, ең ауыр өкпесін жеңе білген адам өмірде барлық қиындықтарды да жеңе біледі. Ол – жеңімпаз! Ең бастысы, бойында реніші жоқ адам, өмірдің берер сыйынан жасқанбай, күнделікті қуаныштарын толыққанды сезіне алады.
Сөз соңы: Әр болған істің өзіндік себебі бар. Айтары бар. Үңіліп қараңыз. Мұның барлығы сіз үшін ақшаға сатып ала алмайтын сабақ. Бақытты болыңыз!
Динара Болат
©ak-kelin.kz