Бұл туралы психологтар кеңесі мынадай:
♦ Ең алдымен күйзеліске түспеудің жолын қарастыру керек. Ол үшін витаминге бай тағамдармен тамақтанып, таза ауада көбірек серуендеген дұрыс. Күн суық деп қымтана бермей, бөлменің ауасын жиі желдетіп тұрыңыз. Таңертең ерте жеңіл жаттығулар жасап тұруға да болады.
♦ Сарыуайымға салынбас үшін адамның бос уақыты болмауы керек. Жұмыстан қолыңыз босай қалса, кітап оқыңыз, жанға жағымды музыка тыңдаңыз, кино көріңіз. Одан бөлек, жаман ойлар ойлауға мүмкіндік бермейтін, өзіңіз сүйіп айналысатын бір іспен шұғылданыңыз.
♦ Көңілі құлазып жүрген адамға жағымсыз жайлар тез әсер еткіш болады. Сондай құбылыстардың әсерінен жан-дүниеңізде алаңдаушылық сезімдер пайда болып, үрейге түсіріп жаныңызды қинаса өзіңізді сабырға шақырыңыз. Басыңыздағы жағдайдың сырын түсінуге талпыныңыз. Ондайда Жаратқанға жалбарыну да артықтық етпейді.
♦ Күдікті ойлар, үрей мен қорқыныш билеген адамның жолы болмайтынын есіңізде ұстаңыз. Бұл жағымсыз жайлардан тезірек арылмасаңыз, мақсат – мүддеңізге жете алмайсыз. Сондықтан өзіңізді тез арада қолға алыңыз, өзгеруге тырысыңыз. Ол үшін жаңа бір дәптер арнап, оған өзіңіздің күнделікті өзгерістеріңізді, яғни келеңсіздікпен күресіңіздің жеңісін жазып отырыңыз. Дағды-әдеттеріңізге өзгерістер енген болса, оны да түсіріп қойыңыз. Біршама уақыт өткеннен кейін күнделігіңізді оқысаңыз, қалай өзгергеніңізді өзіңіз де байқайсыз.
♦ Қорқыныштан, үрейден құтыламын деп арақ-шарап ішу – әлсіздіктің белгісі. Оны жете түсінген жөн.
♦ Ауруын, уайым-қайғыны, түрлі қорқыныштарды айтып шағымданатын, өзіңізді қорқытқысы келетін адамдармен араласпаған абзал. Сондай-ақ өзіңіз аралас-құралас болып жүрген адамның мінез-құлқы нашар, өсекші, өтірікші адам екенін байқасаңыз, жұртты таң қалдыру үшін айтып жатқан тосын әңгімелеріне онша мән бермегеніңіз дұрыс.