Мемлекет басшысының Астанадағы алғашқы жұмыс кеңсесі, маңызды жиындар өткізген залдар мен түскі ас ішкен бөлмесі қазір тәуелсіз еліміздің тарихынан сыр шертетін мұражайға айналған. Елбасының ескі резиденциясында құнды құжаттар, фотолар мен Мемлекет басшысы пайдаланған заттар сақталған.
Елбасы министрлерге қалай телефон соғады?
Елбасының ескі резиденциясы 4 қабаттан тұрады. Аумағы — 12 мың шаршы метр. Ғимараттың әр бұрышы тұнған тарих. Дәліздегі қабырғаларға ілінген суреттер бала Нұрсұлтан, жас металлург пен Президенттің өмірінен сыр шертеді. Мұражайда құнды сыйлықтар, Елбасының жеке құжаттары, куәлігі мен әке-шешесінің портретіне дейін қойылған.
«Экспозицияда Елбасының ата-анасының күнделікті тұрмыста пайдаланған заттары. Бұл жерде анасының тігін машинкасы, жіп иірген ұршығы, сол үйде пайдаланылған тостаған, құмған, әкесінің ұстарасы, бәкісі және анасының жүзігін көруге болады», — дейді Тұңғыш Президент мұражайының қызметкері Жадыра Әубәкірова.
Президенттің хатшылары қабылдау бөлмесінде отырған. Бұл бөлме арқылы Мемлекет басшысының жеке жұмыс кабинетіне кіруге болады. Негізі, келген қонақтарға қызыл лентадан асуға болмайды. Бірақ мерекеге орай мұражай қызметкерлері журналистердің ішке кіруіне рұқсат етті. Жалпы, Елбасы Астанадағы алғашқы кабинетінде 7 жыл отырған. Мұнда сол кезде пайдаланған дүниелері сақталған. Әсіресе, Мемлекет басшысының жұмыс үстелінің оң жағындағы телефондар ерекше көзге түседі. Аппарат арқылы Тоқаев, Мәсімов, Шөкеев сынды Үкімет, Парламент мүшелері Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей байланыста болған.
Алып телефонның әр түймесінде қазір де саясатта жүрген танымал тұлғалардың тегі жазылған. Президент креслосын, жұмыс үстеліндегі кейбір журнал, блонот пен құжаттарын қалдырған. Мәселен, қаламмен Елбасы 1997-2004 жылдар аралығында маңызды жарлықтарға қол қойған. Үстел басында Елбасы Үкімет мүшелерімен кеңесіп, шетелдік қонақтарды қабылдаған екен. Кабинетте Қазақстанның картасы да ілулі. Назарбаев төрдегі қос есіктің бірі арқылы қысқы баққа шыққан, екіншісінен Мәжіліс залына өткен. Қазір Мәжіліс залына Мемлекет басшысының инауграцияда Ант қабылдаған мінбер, ақ киіз, Ту мен Конституциямыз қойылған. Бұл бөлмеде қазір мұражайға келгендерге демалып, суретке түсуіне болады. Ал Қауіпсіздік кеңесі мен президентке сыйға тартылған қару-жарақтар қойылған кабинетті видео, фотоға түсіруге болмайды.
«Ерекше ұнағаны қару-жарақ экспозициясы. Мен өзім әскери адам болғанмын, зейнеткермін. Ішінде арзаны жоқ деп ойлаймын. Елбасына тарту еткен қылыштар, содан кейін мылтықтың түрлері өте мықты», — Қайыр Құсманов.
Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс кестесі өте тығыз болғандықтан, резиденциясында тамақтанған. Мұнда да Елбасы қолданған ақ фарфор тәрелкелер, шыны бокалдар мен ас қасық-шанышқылар сол күйде тұр. Бір қызығы, барлық ыдыс-аяқтың жиегіне Елтаңба бейнеленген. Президент мұражайындағы осы дүниелерді тамашалауға күніне 300 адам келеді екен. Кіру тегін. Ал Елбасының өзі ескі резиденциясына соңғы рет 5 жыл бұрын келіпті.
Дерек көзі: КТК арнасы
Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.
Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.
E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13