Орыс тілінде уағыз жүргізу өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған елдімекендердегі жекелеген мешіттерге ғана қатысты
23.09.2016, 13:07

Орыс тілінде уағыз жүргізу өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған елдімекендердегі жекелеген мешіттерге ғана қатысты

Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті бірқатар БАҚ беттерінде еліміздегі мешіттерде ресми уағыздардан кейін қосымша түрде оның орыс тілінде түсініктемесі айтылуы қажет деген мәселе төңірегінде туындаған талқылауларға қатысты түсіндірме беруді қажет деп есептейді. Бұл туралы ведомстваның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып silteme.kz хабарлады.

"Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде өткен экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде жекелеген мешіттерде уағыздардан кейін имамдардың орыс тілін пайдалануы туралы мәселе Министрлік тарапынан емес, осы шараға қатысушылардың бірімен көтерілген болатын. Сәйкесінше, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі аталған іс-шара барысында осы мәселе төңірегінде журналистер тарапынан сұрақтар қойылғаннан соң біршама түсініктеме берген болатын.

Министрлікке исламға қызығушылық танытып жүрген бірқатар діндарлардың мешіт имамдарының уағыздарын толық түсінбейтіні туралы ел азаматтарынан өтініштер түсіп отырады. Өтініштерде сондай діндарлардың осы себепті ислам туралы ақпаратты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ресми көздерінен тыс жерлерден, оның ішінде теріс діни ағымдардың ұстанушыларынан алуға мәжбүрлік танытатыны туралы айтылады. Сәйкесінше, өтініш жасаушы азаматтар халықаралық тәжірибені ескере отырып мешіт имамдары ресми уағыздардан кейін қазақ тілін айтарлықтай меңгермеген азаматтар үшін орыс тілінде түсіндірме беруді ұсынады.

Осы ретте, аталған мәселе тұрғындарының құрамы көптеген ұлттардан тұратын елдімекендердегі жекелеген мешіттерге ғана қатысты екендігін айта кетуіміз керек.

Министрлік, өз кезегінде, азаматтардан түсіп отырған кез-келген өтініштерді қарастыруға және оларды талдап отыруға міндетті. Осы орайда Министрлік құзіретіне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ішкі мәселелерінің шешімін табу кірмейтінін айта кеткіміз келеді. Сондықтан жоғарыда аталып отырған мәселе бойынша мешіттерге келушілердің пікірлерін ескере отырып шешім қабылдауы тиіс Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына хабарласуды ұсынамыз.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті еліміздің Конституциясында кепілдік берілген сөз бостандығына құрметпен қарай отырып, отандық бұқаралық ақпарат құралдарын дін тәрізді өткір салада туындап отыратын мәселелер туралы екіұдай ақпарат беруге жол бермеуге және тұрғындарға шынайы ақпаратты дұрыс жеткізуге шақырады" делінген ресми хабарламада.

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер