Осы орайта айта кетерлігі, бүгінгі таңда аудармада түпнұсқаға адал бола отырып, балаламалап образды аудару тәсілі кемшін түсіп отырғаны байқалады.
Аудармашы ең әуелі аударатын мәтіннің қай ұлттікі екендігін жақсы білуі керек деп есептеймін. Сонымен қатар екі ұлттың тарихын, мәдениетін, этнографиясын, салт-дәстүрін, арман-тілегін, ұлт мұратын толық меңгергені абзал. Сонда ғана ол өзі аударатын дүние жөнінде еркін құлаш сермей алады. Мысалы, қытай тіліндегі мына бір сөйлемге назар аударайық:人不能两次踏进同一条河流。Бұл сөйлемнің тікелей аудармасы: «Адам бір өзеннің ағысын екі рет кешіп өте алмайды» болып келеді. Біз бұл сөйлемді дәл осылай аударар болсақ қазақ оқырмандар үшін түсініксіз болады. Демек, аударма кезінде қазақ халқы мен қытай халқының дүниетанымына мән беруге, ұлттық бояуына үңілуге тура келеді.
Қытайлар ежелден су жағалап, Чаңжияң, Хуаңқы сынды алып өзендердің жағасында өмір сүргендіктен олардың дүниетанымы сумен тікелей байланысты. Аталған сөйлемде уақыттың зулап өтіп жатқанын меңзеп тұрғанын аңғаруға болады. Аударманы қазақи дүниетаныммен ұштастыра келе: «Өмір екі келмейді, өгіз аттай желмейді» деп аударуға болады. Кейбіреулер бұл аударманы түпнұсқамен салыстыра отырып «өмірдің өгізге не қатысы бар?» деуі мүмкін. Көркем аудармада автордың айтар ойын асқан шеберлікпен, астарлап жеткізу арқылы сөйлемнің бойына қан жүгірте аласың.
Келесі бір мысалға зер салайық: 落叶归根。Сөйлемнің тікелей аудармасы: «Ағаш жапырағы түбіне түседі». Бұл аударманы қазақ халқы түсіне бермейді. Демек, қазақ халқы мен қытай халқының дүниетанымы екі бөлек деген сөз. Бұл сөйлем арқылы автор барлық нәрсенің өз тегіне қайтып оралатынын меңзеп тұрғанын байқаймыз. Сол себепті осы мағынаны қазақи дүниетаныммен ұштастырар болсақ, былайша аударылады: «Ат айналып қазығын табады, ер айналып елін табады».
Біз жоғарыда келтірген екі мысалды баламалап, образды түрде аударма жасадық.
共产主义风的那一年中国知识分子戴红帽子,作家们不得不光写红文学了。Тікелей аудармасы: Коммунизм желі соққан сонау бір жылдары қытай зиялылары бастарына қызық бас киім киіп, жазушылар қызыл әдебиетті амалсыз жырлады. Егер біз қытай тарихынан хабарымыз болмаса, бұл жылдарда не болғанын білмейміз. «Коммунизм желі, қызыл малақай, қызыл әдебиет» деген терминді де түсінбейміз.
四面楚歌 деген сөйлемді де біз Қытай тарихын білмей тұрып аудара алмаймыз. Бұл сөздің шығу тарихына үңілер болсақ, кезінде 7 бектік қатар өмір сүрген алғашқы қытай мыңжылдығын көз алдымызға келтіреміз. Ондағы Шу елінің атағы алыстарды шарлап тұрған. Сол жылдарда шыққан идиом, тіркес «қайда барсаң да Шу елінің әні». Мұнда Шу елінен басқа 6 бектіктің тұйыққа тірелген жолын көрсетеді. Яғни жағымсыз мағынада қолданылған. Біз бұл ұғымды толық түсінгенде ғана оның қазақша баламасын іздейміз. Сол сәтте «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген қазақ тарихындағы Оғыз заманындағы Қорқыт ата аңызын арқау ете отырып аударма жасауға тура келеді.
«Қоржынның екі басы тең», «Екі сегізім он алты» деген тұрақты тіркестердің қытайша аудармасын тауып көрелік. Ең алдымен, қытай тілінде «қоржын» деген атау-термин жоқ екенін ескерген жөн. Қалай аудармақ керек? Мұндайда біз тағы да ұлттық бояуға қол созамыз. Қытай халқының сан-цифр мәдениетіне үңілсек, олар үшін екі мен сегіздің көбейтіндісі таразы баспайды. Керісінше үш пен жетінің көбейтіндісі олардың дүниетанымына, ұлттық бояуына сіңгені шындық. Сондықтан біз қытайшаға «үш жетім жиырма бір» деп аударамыз:管它三七二十一。
Қара таудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.
Арман қуып ауылдан аттанарда,
Анам маған адам боп өс деп еді, – деген өлең жолдарын қытайшаға тәржімаласақ, екі ұлттың сөзжасам заңдылықтарына, грамматикалық құрылымдарына үңіле отырып, аударма жасаймыз. Қазақ тілі жалғамалы тіл, ал қытай тілі түбір тұлғалы тіл. Сол себепті біз осы ерекшелікті негізге ала отырып, сөйлемдегі бастауыш пен баяндауыш және толықтауышты тауып, жалпы сөйлемнің мағынасын түсінуге тырысамыз. Ол үшін түпнұсқаның негізгі өзегін аударсақ та жеткілікті.
Біз жоғарыда мысалға келтірген аудармаларда сөз қосу және сөз қысқартып аудару тәсілін байқадық. Аударма кезінде сөз қысқартып аудару тәсілін қолданып, айтпақ ойды екінші бір ұлттың тілінің заңдылығымен, түсінікті етіп өрнектесек жетіп жатыр. Тағы бір айта кетерлігі қазақ қара өлеңдеріндегі алғашқы екі жолдың жайғана ұйқас үшін өрілетінін де ескеруіміз керек. Сол себепті біз бұл өлең жолдарын қытайшаға:
追求愿望离开故乡的时刻,
握手的母亲还再说着 «忠诚 деп аударамыз. Бұл сөйлемді аудару кезінде үлкен қиындық тудаған жоқ. Ал «Екі аяғын бір етікке тығу» сөзі қытай тілінде 穿小鞋子 болып аударылады.
Көркем аудармадағы көркемдеу амалдарын көрсетіп аудару аударманы сәтті шығарудың тағы бір жолы. Аудармашы өзі аударып отырған шығарманы жазған жазушының отбасылық жағдайын, өскен ортасын, алған тәлім-тәрбиесін, діни ұстанымын, өмірге деген көзқарасын білу арқылы, дәл осы шығарманы жазуға себеп болған қоғамдық тарихи жағдайға жақсылап үңілу арқылы сәтті аударма жасай алады.
Ба Жин (Ли Фэйгань) 1904 жылы 25 қарашада Чэндудағы ақсүйек отбасында дүниеге келген. Бала жас кезінен ескіліктің қалдығынан ажырамаған ортада өсті. Оған берілген тәрбие де ескіден келе жатқан салттарды дәріптеуді үйрететін. Кейін ол анасымен бірге түпсіз терең көгілдір аспанға құлшылық етіп, шырақ жаққанын есіне алады. «Бар жан-тәніммен құдайға табынып, жер бетіндегі әрбір жанға бақыт тілейтін едім» деп жазады ол. Ба Жин ата-анасынан ерте айрылады. Болашақ жазушының тәрбиесін атасы қолына алады. Әулеттің салты бойынша, сауат ашу сабақтарын Ба Жин жалдамалы оқытушыдан алады. 1920 жылы ол Сычуань провинциялық шет тілдер мектебіне оқуға түсіп, ағылшын тілін меңгере бастайды. Білім алу, тіл үйрену мақсатында 1927 жылы Францияға оқуға барады.
Енді жазушының «Бір парша бұлт» әңгімесін аударған нұсқамыздан үзінді ұсынуды жөн көрдік: 傍晚Шам қояр шақтағы, ала көлеңкеде 我靠着逐渐暗淡的最后的阳光的指引,走过十八年前的故居。өзімнің он сегіз жылдың алдында тұрған ескі үйімді адасып жүріп әзер таптым. 这条街,这个建筑物开始在我的眼前隐藏起来,Табан іздерім қалған бұл көше мен үшін өте ыстық, жалаң аяқ, жалаң бас шауып жүрген балдәурен шағым жадыма оралып, жаным жасарғандай болды. 想在躲避一个久别的旧友。Төңірегіме балалық сезіммен еркелей көз жүгірттім десе де, бұл көше бүгін мүлде басқа кейіпке енген, мені танымай ту сыртын бере тосырқай қарайды.但是它们的改变了的面貌于我还是十分亲切。我认识它们,就像认识我自己。还是那样宽的街,宽的房屋。Бірақ мен баяғы көшемді танып тұрмын, сол бұрынғы кең көшемен дәу үйді жазбай таныдым. Бұндағы 傍晚 сөзінің қазақшада: кешке таман, апақ-сапақ, қараңғы, ақшам, ымырт, кешқұрым, күн ұясына батқан шақ, шам қояр шақ, бейуақ, т.б. синонимдері қолдануға болады. Біз мұнда жалпы сөйлемге ондағы 暗淡 сөзіне қарай отырып, шам қояр шақтағы ала көлеңке деп алдық. Ал 指引сөзін біз «адасып жүріп әзер» деп аудардық себебі ондағы 最后的阳光 деген анықтауышына қарадық. Мұндағы ең бір шығармаға шырай кіргізген тұс ол 故居 сөзі. Бұл сөздің «туған жер», «балалық шағы өткен жер» деген мағыналарды меңзеуіне негізделе қазақшада: «жалаң аяқ, жалаң бас шауып жүрген балдәурен шағым жадыма оралды» деп жалпы контекске қарай отырып қытай сөзінің мағынасын ашуға тырыстық.
Тағы бір мысалға кезек берейік: 我只得失望地走了Салым суға кетіп,我想着来时的路回去келген ізіммен кері қайттым. 以江走了四五步Таяқ тастам жер жүргенім сол еді, 我忽然掉转头,қандай құдіретті күш екенін білмеймін, селт етіп артыма қарап,再看那个建筑物 өзімнің балалық шағым шашылған бал күндеріммен амалсыз қоштастым。依旧是阴暗的一线微光Тек жаңағы үйдің терезесінен шыққан жарық сәулесі ғана мұнартады. 。我好像看见一个盛满希望的水碗一下子落在地上打碎了一般,我痛苦地在心里叫起来。Аттай тулап алып армандарға арқаланып келген менің тауым шағылып, ауыр жүк артқан арық аттай ілбіп келемін.
Бұл аудармадан біз жазушының ішкі жан әлемін анық аңғарамыз.Ол психологиялық бағытта жазатын, нәзік жанды жазушыны білу қиынға соқпайды. Әр сөйлем мен сөздердегі аударманы салыстыра қарасаңыз көркемдеу амалдарын қалай қазақ тіліне аударғанымыз анық көрінеді. Қытайшадағы «4-5 адым» сөзін біз «таяқ тастам» деп алдық. Енді бірде «қолымдағы бір шыны суым жерге түсіп тас-талқан болды» деген қытайша теңеуді, қазақшаға «Аттай тулап, армандарға арқаланып келген менің тауым шағылып» деп аудардық. Ал «ішкі жан дүнием езіліп жылап келеді» деген қытайша кейіптеуді қазақ тілінде «арқама ауыр жүк артқан арық аттай ілбіп келемін» деу арқылы жанды аудармаға айналдырдық.
Қорыта айтқанда: көркем аудармада ұлттық бояуды шығарып аударуда аударманың алты түрлі сатысын ұстана отырып, алты түрлі аудару тәсілін есте сақтап, екі ұлтты көз алдыңа елестетіп, сөз маржандарын су түбінен сүзе білу керек. Бұл орайда жазушының жан дүниесі мен шығарманың тарихи көрінісін жетік ұғыну да маңызды. Сөйлемдегі орны ауысқан сөздерді ажырата білу, синонимдерді таңдай алу, күрделі құрмалас сөйлемдерде сөйлемнің негізгі үш мүшесі бастауыш, баяндауыш, толықтауышты тану, сол арқылы аударманың желісін табу негізгі талаптардың бірі.
Қорыта айтқанда, көркем аударма жекелеген қалам қайраткерлерінің ғана емес, бүкіл бір елдің әдебиетіне үлкен әсерін тигізеді.
Нұрхалық АБДЫРАҚЫН,
әл-Фараби атындағы Қазақ
ұлттық университеті
қытайтану кафедрасының аға оқытушысы
Дереккөз: Ана тілі газеті