"Мен жеті қыз тәрбиелеп өсірдім. Жазира – ең кенжеміз. Бастауыш сыныпты осындағы №372 мектепте оқып, одан кейін Адамбеков мектебіне ауысты. 8-сыныптан бастап Шымкенттегі ауыр атлетика мектебінде білімін жалғастырды. Жазира жас кезінен алғырлығымен көзге түсті. Ешкімге қиянат жасамайтын. Футбол, асық және садақ ату ойындарын жақсы көретін. Бірақ үйге асықты жинап келгенде соңынан өзі қатарлы балалар Жазира асығымызды тартып алды деп шағым айтатын. Кішкентай болғандықтан еркелеттік. Бетінен қаққанымыз жоқ", - деп ағынан жарылыпты бақытты әке.
Оның айтуынша, Жазира орысша, ағылшынша еркін сөйлейді. Бірақ қазақ десе бір бүйрегі бұрып тұратыны бар.
"Оны жүлде алған кезде берген алғашқы сұхбатында да байқаған боларсыздар. Қызымда тәкаппарлық мінез жоқ. Ұлтын, тілін сүйеді. Ол үшін оны ешкім кінәлай алмас. Президенттің өзі қазақ қазақпен қазақша сөйлессін деді емес пе?
Біз Жазираның күміс медаль алатынына сендік. Ел болып алтын алса деген араманымыз болды ғой. Алла бұйыртса, ол күнге де жетерміз.
Сол күні кешкісін қала әкімі Сейіт Ертай үйге келіп дастарханнан дәм татты. Қала басшысы Жазира қызымыз жеңіске жетсін деп батасын берді. Өздері жарысты орталық алаңда тұрып үлкен экраннан тамашалайтынын айтып, мені де сол жерге шақырды. Бірақ мен мұндай кезде отбасыммен бірге болғанды дұрыс көрдім. Мен сол түні қала орталығындағы әл-Фараби алаңына орнатылған үлкен экран алдында таң атқанша тұрып қолдау білдірген Жазираның жанкүйерлеріне ризамын. Көршілерімізге де рахмет! Қазір барлығының үйінде теледидар бар. Сонда да олар қуанышты сәтте қастарыңызда болайық деп біздің үйде болды. Содан бері үйден адам арылған жоқ. Журналистер, Жазираның ұстаздары, көршілер, ағайын-туыстар құттықтап келіп жатыр. Қызымның жеңісіне осылай ортақтасқаны үшін халыққа айтар алғысым шексіз", - деп түйіндеген сөзін Ә.Жаппарқұл.
Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстан облысының Арыс қаласынан шыққан 23 жастағы Жазира Жаппарқұл Бразилия төрінде еліміздің мерейін үстем етті. Алғашқы сұхбатында бұл жеңісін елге, халыққа арнайтынын айтқан спортшы қыз келесі Олимпиадада да жеңіске жетуге уәде берген болатын.
Пікір