Ғалымның айтуынша, ол жұмыс тобы заңнама және ұйымдастырушылық мәселелермен шұғылданатын болуы керек. Өйткені ел алдында заңнаманы жетілдіру деген үлкен бір бағыт тұр. Оны да ескермесе болмайды.
«Латын әліпбиіне көшу бойынша Елбасының Жарлығы шықты, саяси шешім қабылданды. Бұдан кейін халықаралық практика бойынша, осындай үлкен бастаманы қолға алу үшін арнайы заң қабылдануы керек. Және бір ғана заң емес. Мемлекеттік тіл туралы да міндетті түрде бір заң керек. Оның мәртебесі, функциялары, қызметі, тағы басқа мәселелер сол заңда көрініс табуы қажет. Жарнамаға, ономастикаға қатысты заңдар да керек. Өйткені мұндай мәселелер бір заңның, сонымен қатар өзге де заңдардың ішінде бап тармақтары ретінде көрініс тауып келгені белгілі», - деп атап өткен Е.Қажыбек.
Сондай-ақ, ол ұйымдастырушылық шаралары туралы да бірқатар ойларын білдірген.
«Тілдік реформа тек филологтар жасайтын реформа емес, бұл кез келген азаматқа тікелей қатысы бар мәселе. Сол себепті құзыретті органдар, министрліктер, агенттіктер, облыстық, қалалық әкімдіктер, мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдардың барлығы, жеке меншік ұйымдар, жалпы айтқанда ел болып, қоғам болып осы мәселені қолға алуымыз керек. Бұл болашағымыз үшін жасалып жатқан нақты қадам, үлкен бетбұрыс. Тілімізді тұғырына қондыруға бағытталған ең үлкен бастама», - деп түйіндеген ғалым.
Айта кетейік, жуырда Ұлттық комиссияның бірінші отырысы болып өтті. Отырыс аясында қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын жүзеге асыратын төрт жұмысы тобы құрылған болатын. Олар: терминологиялық, орфографиялық, әдістемелік және сараптамалық-техникалық топтары.
Алдын ала жоспар бойынша ендігі отырыс 7 желтоқсанда өтуге тиіс.