Ұлттық бренд байқауына дауыс беру 12 қарашаға дейін ұзартылды
28.10.2016, 11:29

Ұлттық бренд байқауына дауыс беру 12 қарашаға дейін ұзартылды

Ұлттық брендті анықтау жөніндегі байқаудың ұйымдастыру комитеті дауыс беруді тағы 10 күнге, 12-ші қарашаға дейін ұзарту жөнінде шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Бұл туралы ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің Фейсбуктағы парақшасына жазды.

«Азаматтардан өтініштердің көптеп түсуіне байланысты, Ұлттық брендті анықтау жөніндегі байқаудың ұйымдастыру комитеті дауыс беруді тағы 10 күнге, 12-ші қарашаға дейін ұзарту жөнінде шешім қабылдады. Жұмыстарды қабылдау кезеңінде де мерзімнің ұзартылғаны белгілі. Барлық өтінімнің 70%-ы осыдан кейін келіп түскен болатын. Қазірдің өзінде 66 мыңнан астам адам дауыс беріп үлгерді» делінген министр жазған постта.

Одан бөлек Дәурен Абаев неліктен SMS-дауыс беру таңдап алынғанын түсіндіріп өткен.

«Осы орайда, Байқауға қатысты журналистер мен интернет қолданушылардан түскен кейбір мәселелерге тоқталып өткім келеді.

Неліктен SMS-дауыс беру таңдап алынды? Әрине, біз ұсынған тетік мінсіз болмауы мүмкін. Алайда, қарастырып көрген басқа тәсілдердің барлығы Байқаудың басты талабы - жалпыұлттық сипатта өткізуге сәйкес келмеді.

Қолданушылардың басым көпшілігін бейтарап азаматтар құрайтыны белгілі. Солардың дауысы нағыз кәсіби тұрғыдан дайындалған жұмысты таңдауда шешуші рөл атқаратыны сөзсіз.

Байқауға тек кәсіби дизайнерлерді қатыстыру керек еді деген пікірлер айтылуда. Қандай да бір шектеу қою байқаудың халықтық сипатта өтуін қолдағандардың көңілінен шықпауы мүмкін. Біз осындай қадамға бармағанда, бүгінгідей алуан түрлі жұмыс келіп түспейтін еді.

Күні ертең елімізде де, сонымен қатар, сырт елдерде де қолдануға лайықты брендті таңдау аса маңызды болғандықтан, біз қазақстандықтардың өздеріне тікелей қатысуға да, үздік жұмысты таңдауға да мүмкіндік беріп отырмыз», деп жазды ол.

Сондай-ақ, министр байқаудың екінші кезеңі туралы да аз-кем мәлімет бере кеткен. «Идеяларды іріктейтін Сарапшылар кеңесіне, яғни екінші кезеңге кемінде 5 жұмыс жіберіледі. Демек, олардың саны 10 болуы да, 20 болуы да мүмкін. Бұл - үміткерлердің көпшілігінің жеңімпаз атану үшін бәсекелесуге мүмкіндігі бар деген сөз».

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер