Аймақта робот құрастыруға деген қызығушылық бәсең болғандықтан, бәсекеге түскен екі команда республикада өтетін жарысқа жолдама алды.
Аймақтық турнирдің мақсаты – робот құрастырудан Үндістан астанасы – Нью-Дели қаласында өтетін бүкіләлемдік олимпиадаға қатысушыларды іріктеу. Ғылым дамуының жаңа белесі жиырма бірінші ғасырда да дүниежүзілік Робототехника Олимпиадасына қатысушы мемлекеттер саны өсіп келеді. Әлемнің дамыған елдері қатысатын доданың 12 жылдық тарихы бар. Жыл сайын жиырма мыңнан астам үміткерлерді іріктеп алатын Бүкіләлемдік Робототехника Олимпиадасының (World Robot Olympiad) жүлде қоры – ғылым мен білім қуған жандар үшін ең ауқымды табыс болып есептеледі.
Жалпы, Атыраудағы аймақтық робототехника сайысына келер болсақ, аталған білімділер турнирі алғаш рет облыстық деңгейде өтті. Өңірдегі орта білім беру мекемелерінде робот құрастыруға деген қызығушылық мүлдем жоқ десек те болады. Сондықтан да, турнирге Назарбаев зияткерлік мектебі мен Қазақ-түрік лицейінің оқушылары ғана қатысты. Турнир шарты бойынша, командалар берілген уақытта белгіленген роботтарды құрастыру, оларға алгоритмдік жүйені енгізу және әртүрлі әрекеттерді орындау сияқты тапсырмаларды жүзеге асырудан сынға түсті. Төрт жұпқа бөлінген екі командадағы оқушылар өз роботтарының сайыста жеңіске жетуі үшін ой ұшқырлығына сенім артты. Роботтың нәтижелі өнер көрсетуі – оқушының білімі мен ой-пайымының қаншалықты күштілігіне байланысты. Турнирге қазылық еткендер білімі мен тапсырмаларды орындау көрсеткішін роботтардың атқарған жұмысымен бағалап, турнир соңында тиісті ұпай санын белгіледі.
Төрешілердің барлық талабынан шыққан Назарбаев зияткерлік мектебінің өнертапқыштарының қоқыс жинайтын робот машинасы болды. Құрылымы мен жылдамдығы жағынан көзге түскен роботты Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушылары Нұртай Нудиев пен Бекнұр Бекқалилер құрастырған. Жас өнертапшықтардың бұл жұмысы турнир нәтижесінде ең жоғары ұпай жинады. Роботтар сыналған сәтте қоқыс жинайтын робот үстел үстіндегі барлық нысандарды азғантай уақытта жинап шықты.
«Әзірге бұл робот тек прототип ретінде оқу мақсатында пайдаланылады. Оларды әлі де зерттеу және сынау арқылы қоғамға нағыз қажетті жаңа заманауи техниканы ойлап табуға болады» дейді жас өнертапқыштың бірі Нұртай Нудиев.
Турнирдің қортындысымен қазылар алқасы екі команданы да республикалық додада бақ сынауға жіберіп отыр. Қазан айының алғашқы күндері Астана қаласында өтетін шешуші кезеңде өз жұмыстарын қорғайтын өнертапқыштар еліміздің барлық өңірінен келетін робот құрастырушылармен бақ сынайтын болады. Сайып келгенде, өнертапқыштығы бағаланатын әлемдік олимпиадада елімізден робот құрастырушы жас өрендердің жұмысының бағаланғануына үміт арту үшін, еліміздегі іріктеуден мықты өнертапқыштың шығуын күтеміз.