Республика сарайының алдындағы алаңда өткен фестивальдің ашылу салтанатында есімі елімізге белгілі кино және театр тарландары, қоғам қайраткерлері мен шетелдік өнер жұлдыздары қызыл кілемнің үстінен жүріп өтті. Мерекенің ашылу салтанатында мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы құттықтау сөз сөйлеп, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың құттықтау хатын оқып берді. Сондай-ақ, салтанатты кеште қала әкімінің орынбасары Арман Кырықбаев Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің қаламыздың мәдени өміріндегі маңыздылығын атап өтті. Мерекенің құрметті қонақтарының арасында Валерий Тодоровский мен Асанәлі Әшімов болды. Ал ақын Олжас Сүлейменов Ұлттық кинематография өнері және ғылымдары академиясының жүлдесіне ие болды.
Дәстүрге айналған Халықаралық кинофестивальдің қазылар алқасының құрамында Валерий Тодоровский, Реза Миркарими, Нинг Инг, Актан Арым Кубат, Досхан Жолжақсынов, Гримур Хаконарсон тәрізді белгілі кинематографистер бар.
Айта кетерлігі, негізгі бағдарламасы «Kіnopark 11 ІMAX Esentaі» кинотеатрында өтетін биылғы фестиваль махаббат тақырыбына арналған. Фестиваль кезінде қаладағы дәмхана, саябақ сынды жиырмадан астам алаң қосымша пайдаланылады. Фестиваль шеңберіндегі іс-шаралар үш бөлімге бөлінген. Атап айтқанда, «Қалаға деген махаббат» бөлімінде кино туындылар қоғамдық орындарда көрсетіледі. Ал, «Киноға деген махаббат» бөлімінде негізгі байқау және байқаудан тыс бағдарлама; «Кәсіпке деген махаббат» бөлімінде шеберлік сабақтары, баспасөз мәслихаттары мен дөңгелек үстелдер, индустрия өкілдерімен кәсіби кездесулер ұйымдастыру көзделіп отыр. Қазақстандық кинематографистерге арналған жаңа жобалардың тұсауы кесіледі. Фестивальдік кино көрсетілімдеріне алыс және жақын шет елдер, Қазақстан мен Орталық Азияда түсірілген 100-ден астам фильм енгізілген. Толықметражды картиналар байқауына қоса қысқаметражды фильмдердің халықаралық конкурсы өтеді. «Еуразия» ХКФ шеңберінде тұңғыш рет түрлі жанрда түсірілген араб фильмдері жұртшылық назарына ұсынылады.
Өткен жылғы дәстүрдің жалғасы ретінде деректі фильмдер мен балалар киносы көрсетілмек. Ең үздік деп танылған деректі фильм Ораз Әбішев атындағы жүлдемен, ал, бәйгеден озып шыққан балалар киносы Абдолла Қарсақбаев атындағы жүлдемен марапатталады. Негізгі марапаттардан бөлек, әділқазылар алқасының НЕТПАК (NETPAC – Азия киносын дамыту желісі) және ФИПРЕССИ (FІPRESCІ – Халықаралық кинематографиялық баспасөз федерациясы) жүлделері де табыс етіледі. «Шәкен жұлдыздары» бағдарламасы шеңберінде отандық және орталықазиялық киногерлердің жұмыстары бірнеше номинация бойынша сарапқа салынып, «Тұлпар» ұлттық сыйлығымен марапатталмақ. 2016 жылы «Ұлттық кинематография өнері және ғылымдары академиясы» қоғамдық бірлестігі тарапынан тағайындалған сыйлыққа Алматы қаласы әкімдігі зор қолдау білдіріп отыр.
30 қыркүйекке дейін жалғасатын фестиваль аясында көрермен қауым көрсетілімдерді тегін тамашалай алады
Балнұр Ахмет