Кеш барысында топ оннан астам шығармаларды орындады. Атап айтсақ, “Shol Sultany”, “Durbelen”, “Qorqyt”, “Bye, Bye, Blackbird” сынды бірнеше қазақ және шет елдік шығармаларды көрерменге ұсынды. «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі, топтың продюсері Серік Нұрмолдаев әр шығарманың маңызы мен мақсатын айта отырып, тек авторлық шығармаларды орындайтынын тілге тиек етті.
Бес жігіттен құралған бұл топтың басты ерекшелігі мен мақсаты, топтың аты айтып тұрғандай тек қана аспаптарда ойнау емес, этно-джаз стилінде ән айту арқылы ешқандай қосымша дыбыссыз қазақ фольклорлық аспаптарының таза үнін халыққа жеткізу және насихаттау. Сондай-ақ шет елдік шығармаларға қазақтың ұлттық аспаптарына салу арқылы қазақи әр беру.
Топ республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаттары атанған, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы және Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының студенттерінен құралған.
«STEPPE SONS» тобының өнерін тамашалаған кезде көз алдыңызға қазақтың өткені мен тарихтағы көрген тауқыметі елестейтіні анық. Көшпенділердің нағыз рухы мен джаз стилінде орындаудың нәзіктігін сезінесіз.