Жағымды жаңалықты қыс соңында Алматы облысы Жамбыл ауылында өткен 170 жылдық мерейтой аясында сөйлеген сөзінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жеткізген болатын. Мамыр айына жоспарланған шара бұйыртса алдағы аптаның басында жүзеге аспақ. Ресми делегацияның құрамында мемлекет және қоғам қайраткерлері, әнші-жыршылар бар. Шараға дипломатиялық миссиялардың басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ Жамбыл шығармашылығына арналған концерт жоспарланған.
Естеріңізге сала кетсек, ақын ескерткіші осыған дейін Ресейдің Санкт-Петербург қаласына бой көтерген. Ал Астрахань, Қазан, Калининград, Хабаровск, Уфа, Челябі, Волгоград, Нижний Тагиль, Кемеров, Қорған, Красноярск, Липецк, Нижний Новгород, Салават, Стерлитамак, Грозный қалаларында көше аты берілген. Өз еліміздегі ескерткіштерге келсек, Астана, Алматы, Тараз, Өскемен, Петропавл қаласында орын тепкен.
Мұхтар Әуезов көзі тірісінде Жамбылды «ақындардың ақыны, айдын көлдей ақылы» деп атаса, беріректе Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Адалдық пен адамгершіліктің, әділеттілік пен ізгіліктің алып жыршысы» деген тарихи баға берді.