Жинақта қоғам санасын фото арқылы эстетикалық талаптарға, мемлекеттік мүддеге, ұлттық мұратқа жұмылдыра білген қайраткерлердің шығармашылығы жан-жақты баяндалған. Онда Ахмет Байтұрсынов түсірген фотосуреттерден бастап, есімі елге танымал авторлардың соңғы жарты ғасырда таспалаған атақты туындылары еніп отыр.
Кітапты құрастырған «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асылхан Әбдіайымұлының айтуынша, көпшілік фотосуретті көрсе де оны кім түсіргенін білуге тырыспайды.
«Бүгінгідей Тәуелсіз Қазақстанның саяси-әлеуметтік және рухани өміріндегі даталы күндер мен қиын сәттердің, оқиғалардың барлығы да болашақ үшін көркемсуретті тарихқа айналатыны сөзсіз. Демек, сол оқиғаларды таспаға түсірген фототілшілерді, яғни кәсіби фотосуреткерлерді тарихты да таспаға түсірушілер деуге толық негіз бар», – дейді.