Қазақтың мойынға тағатын әшекейлері
19.01.2018, 17:23

Қазақтың мойынға тағатын әшекейлері

Мұндай әшекейлер қыз — келіншектердің мойнымен бірге төсінің ашық жерін жалаңаштамай жауып тұрады. Сонда адамның көзі соған ғана түседі.

Алқа – мойынға, омырауға тағылатын зергерлік зат. Оның аса көркем әрі күрделі түрлері Қазақстанның батыс және оңтүстік – батыс өңірін де кеңінен тараған. Бұл алқалар бір-бірімен шығыршық арқылы жалғасып, бірнеше төрт бұрышты әшекейлерден құрастырылып жасалады. Алқаны меруерт, маржан, үзбелі моншақтар тізбегі түзілген асыл тастардан да, алтын, күмісті соғып та жасап, бетіне асыл тас қондырады, ою-өрнек салып, салпыншақтар да тағады. Жасалған материалына, тәсіліне байланысты: лағыл, маржан, меруерт алқалар, жақұт көзді алқа, зер шашақты алқа (салпыншағы мол, бірнеше шашағы бар), екі қатар етіп алтын-күмістен соғылған – қос алқа, төртбұрышты екі алақаннан (пластинкадан) тұратын қос тақта алқа, күміс шынжырлармен үзбелестіріп жасалған неше түрлі салпыншақты – шұбыртпа алқа тәрізді алқалардың көптеген түрі бар.

Әйкел – мойынға тағатын алтын, күміс әшекейдің көне атауы. Өзбектер хайкал, қарақалпақтар хайкел деп атайтын металдан жасалған сәндік бұйымыңыз осы қазақтың әйкелі.

Моншақ – түрлі, түсті үлгі-дегі (шар, сопақша, қырлы) мойынға тағатын әшекей. Оның кең тараған түрлері: ақық моншақ, ала моншақ (қара ала көзді), алпыс моншақ (көз тимеуі үшін), әңгір моншақ (кү-міске тізілген әшекей моншақ), бет моншақ (сәукелеге, кимешекке тағылатын), жақ моншақ (алтын, күміс қозалармен, асыл тастармен бұршақтап, үзбелеп жасалған салпыншақты әшекей, әйелдердің бас-киіміне тағады), көз моншақ, күміс моншақ, қызыл моншақ, меруерт моншақ, су моншақ (ұсақ тастардан тізілген), тай-тұяқ моншақ, тал-тал моншақ, тана моншақ, шаш моншақ, шұбыртпа моншақ.

Тұмарша – күмістен не бұрыштап, не жұмыр түтікше тәріздендіріп жасалып, шынжыр бау тағылатын әшекей. Оның үшбұрыш, төртбұрыш түрлері бар. Оның атаулары: жастық тұмар (төртбұрышты түсті металдан жасалған), қи-ық тұмар (жалтырауық заттардан әзірленген), лағыл тұмар (лағыл таспен безелген), сіркелкі қолтық тұмар (бетіне сіркелеп өрнек салынған), алтын тұмар (күміс бетіне алтын жалатқан). Өңіржиек – алқаның жергілікті атауы. Оны көйлектің сыртынан омырауға тағады. Омырау бастырғыш – қыз-келіншектер көйлектері-нің сыртынан тұтынатын кеуделік әшекейі.

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер