Әл-Фарабидің қобыз тартуы
20.12.2017, 09:50

Әл-Фарабидің қобыз тартуы

[Әбу Насыр әл-Фараби Орта Азия, Парсы, Ирак, араб елдері қалаларына жиһанкездік сапарлар жасайды. Ол жерлерде көптеген ғұламалармен, ойшыл ақындармен, қайраткерлермен танысып, сұхбаттасады. Бойындағы ілім-біліміне байланысты әлемнің Екінші ұстазы атанады].

Әл-Фарабидің білімімен қатар атақ-даңқы да арта береді. Екінші Ұстаз аты халифаттың түкпір-түкпіріне мәшһүр болады. Жекелеген өлкелердің, ірі қалалардың ғылым мен білімге, өнер мен мәдениетке жақын әмірлері ұлы ғұламаны өз жандарынан көргісі келіп, оны ордаларына шақыра бастайды. Солардың ішіндегі мемлекет қайраткері ретінде де, адам ретінде де жөні түзуі Алеппо [Сирия] қаласының әмірі Сайф ад-Даула болғанға ұқсайды. Әл-Фараби Сайф ад-Дауланың шақыруын ғана қабыл алады...

Екінші Ұстаз өзін көптен шақырып жүрген Сайф ад-Дауланың сарайына алғаш рет келгенде, өзі туралы хабар беруді артық көреді. Ғұлама сарайына келгенде, Сайф ад-Даула төрдегі тағында отырып, одан тізе бүгуді сұранады. Әмірдің ғылыми кеңесінде кілең ығай мен сығайлар бас қосса керек. Сонда ғұлама әмірдің ұсынысына орай одан былай деп сұрайды:

– Қайда отырайын, өзіме лайықты орынға ма, сіз лайықты көрген орынға ма?

Әмір қонаққа сәл таңғала қарап тұрып:

– Өзіңе лайықты орынға отыр, – дейді. Әмірдің осы сөзінен кейін әл-Фараби иін тіресіп отырған жақсылардың бәрінің тұсынан өтіп келіп, әмірді ығыстыра таққа отырады. Бейтаныс адамның қылығына енді ренжи бастаған әмір өзі мен ғұламалары ғана білетін тілде:

– Мына түркі шейх әдеп ережелерін мансұқ етті. Мен қазір мұның білімін тексеріп көрейін, егер ол өзінің жауаптарымен менің көңілімнен шықпайтын болса, онда мен белгі берермін, ал сендер көргенсіздігі үшін оның сазайын тарттыратын болыңдар, – дейді. Әл-Фараби әмірдің сөйлеген тілінде оған:

– О, әмір, мен ешқандай айыпты іс жасаған жоқпын, не үшін жазалы болмақпын, сабыр ет. Істі оның басталуына қарай емес, бітуіне қарай бағалар болар, – деген екен. Сайф ад-Даула өз құлағына өзі сенбегендей таң-тамаша болып:

– Ел ішінде бұл тілді ешкім білмеуші еді, сен оны қайдан және кімнен үйреніп жүрсің? – деп қайран қалады. Әл-Фараби әмірдің таң болып тұрған жүзіне тіке қарап, жайбарақат жауап береді:

– Маған жетпістен астам тілді үйренуге тура келген еді...

Осы тұста әмірдің ғұламаларының бірі ғылымның шытырманды бір мәселесін көтереді де, пікір алмасу басталады. Қойылган мәселені әмірдің жанындағы ғұламалар өздерінше пайымдайды, бірақ ешқайсысы дұрыс түсінік беріп, дұрыс пікір түйе алмайды. Әл-Фараби олардың қатесін көрсетіп отырады. Сөз реті келгенде, әл-Фараби мәселені жүйе-жүйесімен талдап, тыңдаушыларына құлаққа құйып бергендей анық һәм толық түсіндіреді. Ғұламалар сонда әл-Фарабидің талдаулары мен түсініктемелеріне қарсы бір ауыз сөз айта алмай, тосылып қалса керек. Енді біраздан соң әмірдің ғұламалары сөзден қалады да, бәрі тек қонақты тыңдайды. Тағы бір аздан кейін олар әл-Фарабидің айтқан сөздерін дәптерлеріне жаза бастайды. Соны аңғарған әмір әл-Фарабиге:

– Сен Екінші ұстаз емессің бе? – дейді. Қасында қатар отырған адамның Екінші ұстаз екеніне көз жеткізгенде, әмір одан өз білместігі үшін кешірім сұрайды. Әл-Фараби де үнсіз қалмай, сыпайылық сақтай отырып, Жаратқаннан әмірге зор денсаулық, ұзақ өмір тілейді.

Әңгіме желісі осыған келгенде, Сайф ад-Даула ғұламаларын таратып, әл-Фарабиге бұрылады:

– Тамақ ішесің бе? Ішімдікке қалай қарайсың?

Қонақ әмірге өзінің ішіп-жеуге зауқы жоқтығын білдіреді. Әмір музыка тыңдау туралы ұсыныс жасағанда, әл-Фараби оған разылығын білдіреді. Әмір қонағының қалауына орай, сазгерлерді шақырады. Елдің ең білгір, ең шебер, ең талантты сазгерлері ортасында әл-Фараби өзін барынша еркін ұстайды, кіммен де болса еркін сөйлесіп, музыка туралы білімі мен білігінің тереңдігін аңғартады. Қатарынан қара үзіп шыққан музыканттар өз аспаптарында алуан түрлі сазды орындайды, бірақ әл-Фараби бұлардың орындаушылық шеберлігін қанағат тұтпайды. Ғұлама олардың әрқайсысының қателігін жеке-жеке көрсетіп, кеңес береді. Әмір көз алдындағы жағдайға тағы да таң қалып: «Ұстаздардың ұстазы музыка жайына да жетік пе еді?» – деуге мәжбүр болады. Екінші ұстаз әмірдің бұл сұрағына да оң жауап береді. Әмірдің ішкі тілегін қабағынан таныған Екінші ұстаз қорабынан қобызын шығарып, күй тарта бастайды... [Екінші] ұстаз алғашқы күйді тартқанда, жұрттың көңілі жадырап, бәрі шат-шадыман болады. Қобызының құлақ күйін басқаша келтіріп, келесі күйді тартқанда, тыңдаған жұрттың көңілдері босап, көздерінен жас шығады. Қонақ күй-аспабының құлақ күйін тағы бір өзгертіп, басқа бір күйді тартқанда, тыңдаушылар түгел ұйықтап кетеді.

Ж. ДӘДЕБАЕВ

© jastar.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер