Халқымыздың ғасырлар қойнауына кеткен тарихын, әдет-ғұрпын, қолөнері мен фольклорлық ерекшелігін, мәдени мұраларын зерттеп, оның келешек ұрпаққа жетуіне алтын көпір болған, ұлттық өнеріміз бен дәстүрімізді ғылыммен ұштастыра білген ұлтымыздың жанашыры, көрнекті мемлекет қайраткері, белгілі этнограф, тарих ғылымының докторы Өзбекәлі Жәнібеков қазақ халқының үлкен жанашыры еді.
Өзбекәлі ағамыз 1931 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданына қарасты «Сарықамыс» ауылында дүниеге келген. Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің түлегі. Өзағаң еңбек жолын ауыл мектебінде ұстаздық етуден бастаса, кейін әртүрлі басқару мекемелерінде қызмет атқарады. 1977-87 жылдары Қазақстанның Мәдениет министрінің орынбасары, 1987-88 жылы Мәдениет министрі, 1988-91 жылдары Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің хатшысы қызметін атқарды.
Ө.Жәнібеков қазақтың ұлттық мәдениетінің өркендеуіне, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына көп күш-жігер жұмсаған қайраткер. ХХ ғасырдың жетпісінші жылдарында Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қалпына келтіруге ұйытқы болған да Өзағаң. Оның бастамасымен көптеген этнографиялық мұражайлар ашылды, сонымен қатар қазақ жеріндегі тарихи және мәдени ескерткіштерді сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамы құрылды. Ол Торғайда «Шертер», «Ғасырлар пернесі», Алматыда «Сазген», «Адырна», «Алтынай» ансамбльдерінің құрылып, өнер көрсетуіне ақылшы, демеуші болған азамат.
Ө.Жәнібековтің «Қазақтың ұлттық қолөнері», «Жаңғырық», «Уақыт керуені», «Жолайрықта», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отырар» атты бірнеше жинақтары жарық көрген. Осы орайда «Тағдыр тағылымы» жинағының шығуына орай бас қосқан мәжілісте Өзағаң «Қырық екі жыл бойы халыққа белгілі адамдармен істес болдым. Солардың игілік істерін де, қамқорлығын да көрдім. «Тағдыр тағылымында» мәдениет және өнер жайында сөз қозғалады. Ескі әдет-ғұрыпқа байланысты біршама дүниелер қамтылған. Бұл менің алғашқы әдеби шығармам» деп, өзекжарды сөзін айтқан еді.
Өзағаң өзінің саналы ғұмырында адам бойындағы асыл қасиетті аша біліп, дарынды жастарды үлкен сахнаға баулыған өнер жанашыры. Ол кісінің ұстаздық еңбегі, өнерлі жастарға қамқорлығы жайлы халқымыздың көрнекті ғалымы, академик З.Қабдоловтың «Адамнан азамат шығаратын, баладан дана жасап шығаратын құдіретті күш – ұстаз еңбегі. Өзінің уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау ұстазға ғана тән. Өзбекәлі Жәнібеков арда туып, өмірде арман қуған жан. Адамдардың неге қабілеті бар, соны өсіруге күш-жігерін жұмсаған жан, өнер жанашыры» деген пікірі Қазақ радиосының алтын қорында сақтаулы.
1980 жылы 1 тамызда Орталық Комитеттің ұйғарымымен Республикалық саз аспаптар музейін ашу туралы қаулы шықты. Өзағаңның басқаруымен тоғыз айдың ішінде музей экспонаттарын іздестіріп, Семей облысындағы Абай музейінен ақынның домбырасын, Атыраудан Мұрын жыраудың, Қызылорданың орталық музейіндегі Шашубайдың сырнайын, Ә.Бектасовтың көмегімен Біржан салдың домбырасын алдырып, болашақ «Сазген» ансамблінің аспаптары мен ұлттық киімін дайындап, үлкен ұйымдастырушылық жұмыстарын жөнге келтірді. Әсіресе белгілі шебер Д.Шоқпаровтың басқаруындағы мамандар ансамбльге қажет аспаптарды жасап, аз уақытта көп шаруа тындырды. Сөйтіп, 1981 жылдың 24 сәуірінде Республикалық саз аспаптар музейі ашылды. Музейді басқаруға өнер зерттеушісі, белгілі күйші Ж.Шәкәрім шақырылды. Жәкең музей жанынан ашылған «Сазген» фольклорлық ансамбліне де жетекшілік етті.
Музей экспонаттарын толықтыруға белгілі өнер зерттеушісі Болат Сарыбаевтың да қосқан үлесі ерекше. Өзағаң Б.Сарыбаевты Торғайда ашылған «Шертер» ансамблін ұйымдастыруға көмекке шақырған-ды. Ол музей шеберханасында жасалған аспаптарға кеңесші болды.
Ө.Жәнібеков «Сазген» ансамблімен алғаш Оңтүстік Қазақстан облысын аралады. Қазақстанның әр жерінен үш жүздей экспонат жинады. Осыдан соң «Сазген» Югославия, Марий АКСР-і, Түрікменстан, Үндістан жерін аралап, Алжир мен Францияда концерт қойды. Мәскеуге үш рет барып, халықаралық фестивальдерге қатысты.
Осы орайда театр сыншысы, профессор Әшірбек Сығай көзі тірісінде: «Өзбекәлі Жәнібеков – қазақ халқының біртуар азаматы. Өз кезеңінің аса ірі қайраткерлері ретінде салған жолы сайрап жатыр. Мен 1974 жылы театрды көруге Торғайға бардым. Ол жерде театр ашылғанына небары екі-үш жыл болған. Ө.Жәнібеков Торғай обкомының хатшысы еді. Театрдағы әр қойылымда режиссерлермен ақылдасып отыратын. Артистерге қалай ойнау керектігін де үйрететін. Айман-Шолпан кездескенде бір-біріне қалай емеурін танытып жатыр, Әлібек, Арыстандармен кездескенде қыздар қалай өзін-өзі ұстау керек, осының бәрін Өзағаң үйрететін. Бұл ісі маған жағатын. Содан қызмет бабымен кездесіп тұрдық. Кейін мен ол кісінің орынбасары болып қызмет істедім. Ол кісі министр болып келді. Сосын Орталық Комитетке хатшы болып кетті. Жұмыс десе жанын аямайтын жанкешті адам екенін ұғындым. Қазақстанда сол кезде он жеті мыңдай ескерткіш бар екен, соның барлығының құжаттарын Өзағаң ретке келтірді. Тіпті оттыққа дейін, көне шәйнек, құманға дейін ауыл-ауылдан жинап, мұражайдың толығуына еңбегі сіңді. Құрған ансамбльдерін «Адырна», «Арқас», «Сазген», «Алтынай» деп атауы да ерекше еді. Артынан бірнеше кітап қалдырды. Қысқасы, бұл кісі елім, жерім деп күңіреніп өткен кісі, оған дау жоқ» деп еді.
Ғалымдар үйінің директоры Ғ.Бибатырова Өзағаңның адамгершілік қасиетіне ерекше тоқталып, «Мен ол кісімен замандас болғанымды мақтанышпен айтып жүремін. Ондай адамдар өте сирек. Бұл кісі үлкен ғалым, этнограф, публицист, керемет еңбекқор адам еді, мінез болмаса тұлға болмайды ғой. Жақсы көрген адамына әзілі де жарасушы еді, сұсы бар еді, сондықтан көбісі қарсы келуге батпайтын. Бұл кісінің есімі ел есінде мәңгі қалады» деп толғанады.
«Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, Ө.Жәнібеков дарынды жастарға қамқор болып, олардың қанаттануына, сахналық шеберлігін шыңдауына ерекше көңіл бөлді. Сондай қарындастарының бірі – Мәдина Ералиева еді. Сыңғыр дауысты сырнайшы қызды жиын-тойда көріп, әншілігін мойындағаннан кейін Өзағаң «Адырна» ансамбліне әнші ретінде қабылдайды. Ол Мәдинаның орындайтын әндері мен киетін ұлттық киіміне ерекше мән беріп, үлкен сахнаға алып шықты, бағын ашты. Жас әнші өз тыңдаушысын тапты, көпшілік қошеметіне бөленді.
Академик Ә.Қайдаров Өзбекәлі Жәнібеков жайлы «Өзағаң туралы көп айтуға да, аз айтуға да болады. Ол кісінің қазақ халқына жасаған жақсылығы, игілікті істері мол. Қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе әперуге байланысты біз бірігіп еңбек еттік. Ақтаңдақтарды ақтап алуға байланысты көп ақылдасушы едік. Ол кісінің артына қалдырып кеткен ғылыми еңбектері баға жетпес қазына. Қолға алған нәрсесін аяқтауға тырысатын. Қазақ тілі қоғамын құруға мен мұрындық болсам да Өзағаңның көмегі көп болды. Тілімізге мемлекеттік мәртебе беру деген үлкен іс. Сондықтан бұл іске халықты араластыру, елдің санасын ояту керек болды. Осы істердің барлығына жол көрсетіп келген Өзбекәлі Жәнібеков еді» деп еске алады.
Иә, тарих қойнауына үңіліп, халқымыздың өмірі мен тіршілігін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін зерттеп, ерлігі мен бірлігін паш етіп, келер ұрпаққа баға жетпес құнды еңбектері мен өсиетін қалдырған еліміздің біртуар ірі тұлғаларының бірі – мемлекет қайраткері, белгілі этнограф, тарихшы-ғалым Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегі жыл өткен сайын құндылығы арта түсері анық. Оған еш дауымыз жоқ.
Алтын Иманбаева,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері
Источник: kazgazeta.kz