Нанын адал жеген Нәсүрулла
22.11.2016, 13:36

Нанын адал жеген Нәсүрулла

«Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді». Ащы айтылған осы мәтелдің мысалын өмірде әр жерде көріп жүрмін.

Өткенде аялдамада көлік күтіп тұрғанмын. Кезекті бір автобус келді де жұрт оған жапа-тармағай мініп жатты. Сол кезде бір егделеу кісінің қалтасынан екі мың теңгелік ақша түсіп қалды. Әй, дегенімше болған жоқ. Көлік орны­нан  қозғалып кетті. Қайдан келгенін білмеймін. Бір жап-жас жігіт жалмажан барып, әлгі ақшаны аяғымен баса қойды.

— Ой, мұның не? – деп едім бетіме бір қарады да ақ­шаны жерден көтеріп алып, түк  болмағандай тайып тұрды.  Артынан қарап, басымды шайқап қала бердім.  Киген киімінен  бір жұпынылық, не мұқтаждық байқалмады. Түр-тұлғасы әлі күнге дейін көз алдымда.

Сонда маған «бұл жоқшылықтан ба, әлде адам­гершілік пен адалдықтың төмендеп бара жатқанынан ба?» деген ой келді.

Осы орайда жуырда ғаламторда жария болған мына бір қызықты жәйт еске түседі.

Оқиға былай болған. Біріккен Араб Әмірлігінде таксиші болып жүрген пәкістандықтың көлігіне оңтүс­тіккореялық бір бизнесмен отырады. Межелі жеріне жеткенде көлікте кәсіпкердің ішінде 500 мыңдай доллар ақшасы бар сөмкесі қалып қояды. Көлік жүргізушісі Нәсүрулла Шер Дола кейбіреулер сияқты ғайыптан пайда болған мол ақшаны өзіне сіңіріп кетпей, дереу полицияға апарып береді. Көп өтпей ақша иесіне қайтарылады. Отыз жастағы пәкістандықтың адалдығына риза болған оңтүстіккореялық оған қайта-қайта алғысын жаудырып, 1000 дирхам ақша береді. Мұны естіген қаланың көлік де­партаменті де бейтарап қалмай таксишіні арнайы шақы­рып, алғысхат тапсырып және 2000 дирхам сыйақымен марапаттайды.

Сөйтсе, Нәсүрулла Шер Дола бұған дейін адал­дық таны­­тып, 2015 жылы Ираннан келген азаматтың 50000 дирхам, яғни, 13 000 доллар ақшасын қайтарып берген екен.

Мұндай оқиғаны журналист ағайындар қалт жіберген бе? Олар анықтап білсе, Нәсүрулла Шер Дола көп балалы отбасынан шыққан көрінеді.  Пәкіс­танда әйелі мен үш баласы, алты апа-қарын­дасы, жеті аға-інісі және қарт анасы тұрады деседі. «Мұнда айлық табысы 800 доллар болғанымен, оның көп бөлігін отбасына жіберіп тұрады» дейді.

Бұл енді шет елде ғой.  Осыны көріп, шіркін-ай,  «бізде де адалдықтан аттамаған, құдайға қараған біреу жоғалған мол ақшаны иесіне қайтарып беріпті»  дегенді  естігің келеді.

 

Ә. МАХАНБЕТ

Дерек көзі: almaty-akshamy.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер