Іс-шараға «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Т.Т.Мұқашев, Шымкент қаласының әкімі М.Д.Әйтенов, Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Б.Нарымбетов, «Шымкент қалалық мәслихат депутаттары бірлестігі» қоғамдық ұйымының төрағасы, мүшелері, «Қоғамдық кеңес» мүшелері, қалалық және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалары мен мәслихат депутаттары қатысты.
Отырыстың мақсаты – былтырғы жылдың соңындағы Ақтөбе қаласында қабылданған Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасын қолдау және жүзеге асыру жөніндегі барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірлескен Үндеуі бойынша пікіралмасу.
Отырысты Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Б.Нарымбетов ашып, жүргізіп отырды.
Отырыс барысында қала әкімі М.Д.Әйтенов және «Шымкент қалалық мәслихат депутаттары бірлестігі» қоғамдық ұйымының төрағасы Е.Т.Сатқанбаев баяндама жасады.
Бұл ретте «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Т.Мұқашев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауы мен Сайлауалды бағдарламасындағы мәслихатшылар мен жергілікті өзін-өзі басқаруға қатысты басымдықтарға кеңінен тоқталды.
«Мемлекет басшысының мәслихаттар алдына қойған «Жаңа Қазақстанның құрылысы», жергілікті халықтың өмір сүру жағдайы мен сапасын жақсарту жөніндегі жаңа міндеттемелері депутаттардың сайлаушылармен арадағы жұмысын қайта құру мен сайлаушылар тәртібі және мәслихатшыларды кері шақырып алу институттарын енгізуді іске асырады.
Сонымен, жаңа жағдайда мәслихаттар мен олардың депутаттарының негізгі қызметі – өз аумағында сапалы әлеуметтік инфрақұрылымды: балабақшаларды, абаттандыруды, сауда нысандарын, жолдарды, кітапханаларды, мектептерді, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды салу мен жөндеуді ұйымдастырудан көрінбек. Мысалы, алдағы уақытта елімізде көптеген әлеуметтік инфрақұрылым нысандары сайлаушылардың талабы мен жергілікті мемлекеттік бағдарламалар негізінде құрылатын болады. Дегенмен бұл өзгерістердің барлығы мәслихатшылардың белсенді азаматтарды тарта отырып тұрақты мониторинг пен бақылау жасау жауапкершілігін арттырады» деді бірлестік төрағасы.
Сондай-ақ оның айтуынша, Жаңа Қазақстанды құру міндеттерін ойдағыдай жүзеге асыру үшін алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіне сүйеніп, Қазақстан қазіргі мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару жүйелерін білім негізіне көшіру, ал мәслихат депутаттарының қайраткерлік рухына көшуі керек.
Сонымен қатар, отырыс қатысушыларымен өзара пікіралмасып және бағыт-бағдарлар айқындалумен қорытындыланды.
Отырыстың соңы арнайы марапаттар – төс белгілер мен грамоталар тапсыру мен қатысушылардың естелікке фотоға түсуімен аяқталды.