Нұрсұлтан Назарбаевтың докторлық диссертациясы тақырыбын білесіз бе?
01.12.2017, 17:57

Нұрсұлтан Назарбаевтың докторлық диссертациясы тақырыбын білесіз бе?

Экономика ғылымдарының магистрі Айбол Арғынғазинов өзінің "Егемен Қазақстан" газетіне шыққан "Нұрсұлтан Назарбаевтың докторлық диссертациясы - экономикалық даму преамбуласы" атты мақаласында бұл сауалдың жауабын берген. Осы орайда silteme.kz тілшісі де аталған автормен ойын сабақтастыра отырып мәселені қысқаша тұжырымдауды жөн көрді.

Магистрдің жазуынша, «Нарықтық қатынастардың қалыптасуы мен дамуы жағдайындағы ресурсты үнемдеу стратегиясы» – Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 1992 жылы Ресей басқару академиясында 08.00.05 – «Экономика және халық шаруашылығын басқару» мамандығы бойынша қорғаған докторлық диссертациясы. Биыл жазылғанына 25 жыл толатын ғылыми еңбек­ке ірі экономист ғалымдар, Ресей ғылым ака­демиясы­ның ака­­де­мигі А.Аганбегян, экономика ғылым­дарының док­тор­лары, профессорлар В.Иванченко, Ю.Швырков рес­­ми оппонент болған. 

"Автор еңбектің преамбуласында: «Бұрын қолда­ныста болған басқарудың әкімшілік әдістеріне тән, эконо­ми­кадағы мемлекеттік меншіктің басымдылығына негіз­дел­ген орталықтандырылған басқару жүйесі қарқынды ұдайы өндіріске, ресурстарды үнемдеуге ықпал ете ал­ма­ды», деп күн тәртібіндегі өзекті мәселені ашып көрсетеді" деп талдаған А.Арғынғазинов.

Ғылыми еңбекте Нұрсұлтан Назарбаев жаңа эконо­ми­ка­лық парадигмаларды, әлемдік экономика­ның бет­бұрысын асқан дәлдікпен сезіне отырып, Қазақстанның ұзақ мерзімді стратегиялық басымдықтарын белгілеген екен.

Жалпылай алғанда, олардың барлығы да іс жүзінде басшылыққа алынып, елімізде егемендік жылдарында барлық макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша оң өсім байқалып келеді. Мысалы, жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім әлемдік орташа деңгейден асып, 10508 АҚШ долларын құрады. Қазақстан экономикасы шетелдік инвестициялар салуға қолайлы экономикалар қатарына еніп, тәуелсіздік жылдары елімізге 260 млрд АҚШ долларынан астам инвестициялар тартылды. Өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 10,3 есеге ұлғайды. Еңбек өнімділігі 1991 жылмен салыстырғанда 2 есе артып, 2014 жылы 46,7 мың АҚШ долларын құрады, бұл әлемдік орташа көрсеткіштен 44%-ға жоғары. 

Бұдан бөлек, Еуразия кіндігінде орналасқан еліміздің транзиттік әлеуетін арттыру да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қазіргі таңда Жезқазған – Бейнеу темір жол торабын салу арқылы Қазақстан Қытай мен Еуропа арасындағы қашықтықты 1200 шақырымға қысқартып, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралды көлік дәлізін іске қосып, ежелгі Жібек жолына жан бітірді деуге толықтай негіз бар.

"Тәуелсіздік тұсында 10 мың шақы­рымнан астам автокөлік жолы, 2,6 мың шақы­рым­нан асатын темір жол салынып, жаңғыртудан өтті.  Тәуелсіздік жылдарында бюджетке түсімдердің ұлғаюы себепті халық дамуына сапалы жағдай жасалды. 1996 жылмен салыстырғанда күнкөрістің төменгі деңгейінен кем табысқа ие тұрғындар саны 14 есеге азайған. Екі миллионға жуық жаңа жұмыс орындары ашылып, 1991 жылмен салыстырғанда жұмыссыздық деңгейі 2 есеге төмендеп, 5%-ды құрап отыр. 1990 жыл­дар­дың басында Қазақстанның әрбір үшінші тұрғыны кедейлік шегінде күн кешсе, қазіргі кезеңде кедейлік деңгейі 3%-дан аспайды. 1991 жылдан бергі кезеңде зейнетақының орташа мөлшері 227 есеге ұлғайып, соңғы он жылдың жүзінде жыл сайын 15,7%-ға өсіп отырды. Тәуелсіздік жылдарының белесінен қарағанда Қазақстан экономикалық дамуда қарышты қадам жасап, мемлекеттің институционалды негізін берік қалыптастырған елге айналды. Егемен еліміздің ендігі міндеті – ХХІ ғасырдың жаңа сын-қатерлеріне қарсы тұру үшін Мемлекет басшысы айқындаған «Қазақстан-2050» стратегиясының негізгі басымдығын орындап, әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына қосылу" деп жазыпты бұл тұрғыда автор.

 

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер