«Полицейлер қоғамдық көліктердегі ұрлықтардың алдын алу мақсатында автобустар мен маршруттық такси салондарына бейнакамералар орнату жөнінде кеңестер берді»,-деп хабарлайды Павлодар облыстық ІІД баспасөз қызметі. Жолаушы тасмалдаушылар мен полицейлер бас қосқан мәжілісте осы мәселе талқыланып, бірлескен меморандумға қол қойылды. Жиынға Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалаларындағы автобус парктерінің өкілдері мен қалааралық жолаушы тасымалымен айналысатын фирмалар қатысты. «Жиынға қатысушылар автобус салондарына қалтаға түскіш ұрылардың ескерту суреттерін іліп қою туралы ұсынысқа қолдау білдірді. Полиция қызметкерлері аталмыш қылмысқа куә болып, ұрыны қолға түсірген кондукторлар мен жүргізушілерге сыйақы тағайындауды тәртібін түсіндірді. Олар 102-ге қоңырау шалып, қоғамдық тәртіпті бұзған адам туралы ақпаратты кез келген уақытта жедел басқарма орталығына жеткізе алады»,-дейді баспасөз қызметі.
Полицейлер маңызды қылмыстық ақпарат бергендерге ақшалай сыйақы табысталатыны жөнінде уәде берді.
ДЕРЕККӨЗ: ҚазАқпарат