Жиында әкім аталған оқиға дер кезінде назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылмағандықтан бұқаралық ақпарат пен қоғам арасында резонанс тудырғанын айтып, осы мәселеге қатысты жауапты азаматтарға шара көрілетінін жеткізді.
Яғни аталған мәселе бойынша тергеу амалдарының объективті және жан-жақты жүргізілуінің қамтамасыз ету үшін, тергеу амалдарының аяқталғанына дейін осы оқиғаға қатысты барлық лауазымды тұлғалар мен жауапты қызметкерлер өз қызметтерінен уақытша шеттетілді.
Атап айтсақ, ҚР заңдылықтарына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Ұ.Сәдібековке қатаң ескерту берілді. Сондай-ақ, Сарыағаш аудандық жергілікті полиция қызметі басшысы О. Бердалы мен Сарыағаш ауданы, Абай ауылдық жергілікті полиция бөлімшесінің басшысы Ә.Ибрагимов, ювеналды полиция бөлімшесінің №73,№74 жалпы орта мектептеріне жауапты полиция инспекторы Қ.Сәриевтер қызметтерінен босатылды.
«Сонымен қатар аудандағы жағдайды дер кезінде назарға алып, тиісті шара қабылдамаған аудан әкімі Қ. Әбдуәлиевке қатаң сөгіс жариялаймын. Бұдан бөлек, сол салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары Қ. Қыстаубаевқа шара көруді және Сарыағаш аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Майрихов пен №73, №74 жалпы орта мектеп директорларына тергеу амалдары аяқталғанша жұмыстан шеттетеуін тапсырамын», - деді Жансейіт Түймебаев.
Сондай-ақ, өңір басшысы облыстық білім басқармасының басшысы И.Сағындықовқа сөгіс түрінде шара көрілетінін атап өтті.
Мұнан басқа әкім аталған мәселе бойынша эксперттік комиссиямен ауданда және облыста екі рет медициналық тексерулер жүргізіліп, қорытындысы бойынша баланың зорланғандығы расталмағанын мәлім етті.
Жиын барысында өңір басшысы облысымызға бала жөніндегі уәкіл Зағипа Балиеваның арнайы келіп, «жоғары сынып оқушылары тарапынан зорлық көрді» делінінген баланың жай-күйімен танысқанын және оны Астана қаласындағы арнайы мамандардың қатысуымен кешенді сот-медициналық сараптамасына өткізу үшін алып кеткенін жеткізді. Ендігі уақытта бұл мәселе қатаң бақылауға алынып, өңірдегі барлық білім ұяларында профилактикалық жұмыстар жүргізілетін болады.