«Қылмыстық кодекстің 311-бабына («Порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату») сәйкес сотқа дейінгі іс өндірісі жүріп жатыр. Құқықбұзушыға 2 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салу немесе екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін», - дейді Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.
Қазір полиция мониторлардың жұмыс процесін және олардың заңсыз қосылулардан қорғалу деңгейін тексеріп жатыр.
Еске сала кетсек, оқыс оқиға 10 желтоқсан күні кешкісін болған. Қала жастары әкімдік жанындағы «Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті» аялдамасында көрсетіліп жатқан видеоны ұялы телефонға түсіріп, әлеуметтік желілерге орналастырған. Бұдан кейін Қарағанды қаласының әкімдігі барлық көшедегі мониторларды дереу сөндірді. Қарағанды әкімдігі бұл жағдайды хакерлік шабуылдың салдары деп атады.