Ақпарат көзінің деректеріне қарағанда, Ақтөбеде мұнай ұрлаған қарақшылардың келтірген шығыны белгілі болды. «Ағайынды төртеудің» басшысы Еркін Ізбасар бастаған топ 39 миллион теңгенің қара алтынын жымқырған. Әйтсе де, айыптаушылар бұған күмәнмен қарап отыр. Сондықтан сотқа шығынды есептеген сарапшыны шақыртуды сұрады.
Айыптаушылардың айтуынша, Еркін Ізбасар осыдан 14 жыл бұрын қылмыстық ұйым құрған. Қару асынып, адам ұрлап, қарақшылықпен айналыстыпты. Әсіресе аймақтағы мұнай компанияларына тыныштық бермеген. Қара алтынын ұрлап, келтірген шығын 39 млн теңгені құрап отыр.
«Еркін Ізбасар 2003 жылы өз ойын жүзеге асыру үшін қылмыстық топ құрып, оған «Ағайынды төртеу» деген ат берген. Ұйымдасқан қылмыстық топ 2016 жылға дейін болған. Олар қаруды сатып алу, сақтау, қолдану, қарақшылық шабуыл, аса ірі көлемде мұнай және мұнай өнімдерін ұрлаумен айналысқан. Қылмыстық топқа түсетін пайданы бөлу, топ мүшелерінің атқаратын қызметтерін бөлу секілді мәселелерді Еркін Ізбасар өзі шешіп отырған» дейді мемлекеттік айыптаушы Елдар Әбиев.
Еркін Ізбасар бастаған топтан жәбір көргенін айтып мұнай компанияларын қоса есептегенде 15 арыз түсіпті. Әйтсе де, сотқа тек екі жәбірленуші ғана келді. 257 томнан тұратын істің ұзаққа созылатын түрі бар. Себебі, 26 сотталушының жеке басымен танысып шығуға бір жарым сағаттай уақыт кетті, деп түйіндеген ктк.