Комиссия мүшелері Ақмола облысының экологиялық жағдайына қатысты бірнеше мәселені қарады. Оның бірі – бұрынғы Целинный тау-кен-химиялық комбинатының қалпына келтірілген уран ошағына қатысты. Бүгінгі күні уран кенішінің маңындағы радиациялық жағдайға ешқандай бақылау жасалмай отыр. Оның қоршаған ортаға қаншалықты қауіпті екені де белгісіз. Бұл түптің түбінде, адамдарға, жан-жануарларға қатер төндіріп, түрлі аурулардың таралуына алып келмей ме деген заңды сауалдар қойылды.
«Ақмола облысының аумағында Степногорск қаласында уран кенішінің орны бар. Бірақ оған ешқандай тексеру жүргізілмеген. Қауіптілік деңгейі анықталмаған. Қоршаған ортаға әсері белгісіз. Бізде радиациялық қауіпті орындарға бақылау жасалмай келеді. Бұл мәселеге баса назар аудару керек деп ойлаймын», – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Жанболат Қамелиденов.
Бүгінде өндірістік кәсіпорындар ауаны ластап, шаң-тозаң мен түтін таратады. Одан бөлек, өндірістік және тұрмыстық қалдықтардың үйінділері көп жиналатын болған. Соның салдарынан облыс аумағында экологиялық нормаларға сәйкес келмейтін қоқыс алаңдары көбейіп, санитарлық жағдай күрделеніп отыр.
«Бізді экологиялық жағдай алаңдатып отыр. Тұрмыстық қалдықтар көп. Ақмола облысында оларды шығаратын төрт полигон бар. Өткен жылы Астрахан, Есіл аудандарында қалдық үшін орын дайындалды. Айта кету керек, полигондарды заңдастыру мен құжаттарды рәсімдеуде де біраз мәселелер бар. Бұл бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар мен тұрғындардың барлығына ортақ мәселе», – деді Ақмола облыстық экология департаментінің жетекшісі Бірлік Қомбатыров.
Отырыс қорытындысында экология және табиғатты пайдалану саласындағы заңдылықтарды сақтау шараларын күшейту, елді мекендерді көгалдандыру, сондай-ақ, өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды шығаруға қатысты нақты ұсыныстарды әзірлеу керектігі айтылды.