Таңертеңнен бастап аялдамаларда тұрған адамдар саны жүзден асып кеткен, оның ішінде автобусты күтіп тұрған мектеп оқушылары, студенттер және зейнеткерлер бар. №30, 32 және 121 бағыттағы автобустардың жолға шықпағаны айтылды.
Алматы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасындағылардың айтуынша, автобустардың жолға шықпауының себебі - газ толтыратын бекет істен шыққан.
"Таңертеңнен бастап маған коммуналдық паркте газ толтыратын жанармай бекетінің істен шыққанын баяндап берген болатын. Сондықтан автобус жүргізушілері газ толтырып үлгермеген. Осылайша істен шыққан жанармай бекеттері таңертеңгі уақытта жөнделіп біткен. Оператор өздері үлгереміз деп ойлап, дер кезінде директорға ескертпеген, сондықтан мынадай қиындықтар туындап отыр", - деді Алматы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов.
Оның мәліметінше 40-қа жуық автобус газ толтырып үлгермеген.
"Қазіргі уақытта олар жанармай құйып алып, жолға шығып жатыр", - деді Исахов.
Алайда басқа бағытта жүретін жүргізушілер мен кондукторлардың айтуынша, олар жоспардың көбейтілгеніне байланысты шықпай отыр екен. Басқармада бұл мәліметті жоққа шығарды.