«Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен еліміздің ондаған жетекші психологтарын жүздестірген «Оқулықты сараптау процесіндегі психолингвистикалық және психодидактикалық мәселелер мен шешу жолдары» атты онлайн талқы болып өтті.
Іс-шараға Қазақ психология қоғамының президенті, психология ғылымдарының докторы М.Ә.Перленбетов, психология ғылымдарының докторы, профессор Д.Д.Дүйсенбеков, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қызметкерлері, психология ғылымдарының кандидаттары А.С.Нұрадинов пен Ә.С.Мәмбеталина, сондай-ақ бірқатар Республикаға танымал сала мамандары қатысты.
Талқы барысында «Оқулық» орталығының оқулық сараптаудағы басымдықтары мен мекеме жанынан жаңадан Оқулықтарды психолингвистикалық және психодидактикалық сараптау бөлімін құру және мамандар тарту мәселелері қарастырылды.
Шара модераторы, «Оқулық» РҒПО директоры Ғ.Б.Бейсембаев оқулықтардың сапасын арттыру үшін күн тәртібінде дамыған елдерде қолданылып жатқан осындай жаңа бөлім қалыптастыру қажеттілігі туындап отырғанын алға тартты.
«Кітаптар мазмұнын кемелдендіре түсу үшін жаңа тетіктер қарастыру керек. Психологиялық-лингвистикалық, яки дидактикалық сараптама әлемдік тәжірибеде бар. Біз де тұңғыш рет қолға алмақпыз. Осы мәселелермен арнайы айналысатын құрылым құрудың сындарлылығын және оған мамандар тарту мен ұсыныстар беруді кәсіби ортаның ықтиярына салып отырмыз», - деп атап өтті өз сөзінде Ғ.Бейсембаев.
Бұл орайда Қазақ психология қоғамының президенті, п.ғ.д. М.Ә. Перленбетов: «Ағымдағы міндеттер тосын шешімді талап етеді. Іске дереу кірісу керек. Бұл үшін Қазақстанның мыңдаған психологтарының басын қосқан бірлестігіміз қажетті мамандарды табу және басқа да ұйымдастырушылық-консультативтік бағыттар бойынша қол ұшын созуға әзір», - деді.
Бұдан бөлек, психолог ғалымдар мен практиктер кезегімен сөз алып, мұндай ілкімді бастаманың көтеріліп отырғандығына разы екендіктерін және құзіретті ұйым ішінде Оқулықтарды психолингвистикалық және психодидактикалық сараптау бөлімін құруды бірауыздан қолдайтындарын жеткізді.
Айта кетейік, Орталық қызметінің басты мақсаты – білім мазмұнын бағалай отырып, оқулықтар сапасын арттырып, жоғары деңгейге жеткізу үшін сараптама жүргізу.